Трендтерді таныстырды

«Нұр Отан» партиясы Орталық аппараты ғимаратында халықаралық ІТ мектептер мен «Балаларға арналған тегін ІТ сыныптар» партиялық жобасының қатысушыларымен телекөпір ұйымдастырылып, мектеп оқушылары Кремний алқабының сарапшыларымен, қызметкерлерімен және студенттерімен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды. Іс-шараға бейнеконференция байланысы бойынша Қазақстанның барлық аймағы қосылды.
Телекөпір ұйымдастырушылары атынан «Нұр Отан» партиясының хатшысы Илья Теренченко және партияның Саяси басқару академиясы директорының орынбасары Сәуле Бақтымбет «Балаларға арналған тегін ІТ сыныптар» жобасы туралы айтып өтті. Атап айтқанда, олар цифрландыру дәуірінде талантты балаларды қолдау мәселесі бойынша партияның қандай ұстанымдарға бағынатынын көрсетті.
Жиында телекөпір қатысушылары «Болашақтың әлемі бүгін: цифрлы ойлау мен ІТ технологиялар» тақырыбын талқылады. Телекөпір құралдары бойынша АҚШ-тың жетекші ЖОО мен ІТ индустриясының өкілдері байланысқа шықты. Стенфорд университетінің докторанты, биотехнология маманы, Стэнфорд университетінің молекулярлық биология мен эмбриология саласы бойынша ғылым кандидаты, Кремний алқабындағы биомедицина бойынша сарапшы, Smart Lens негізін қалаушылардың бірі – Нұрлыбек Мұрсалиев ІТ оқытудағы жаңа тәсілдер мен заманауи бағдарламалар туралы әңгімелеп, ары қарай оқыту және білімді қолдану тәжірибесімен бөлісті. Пенсильвания штаты университетіндегі компьютерлік ғылым факультетінің профессоры Мейрам Мырзаболатов әлемдік компаниялардың зерттемелерін мысалға ала отырып, цифрландыру саласындағы инновациялармен, ІТ саладағы жаңа трендтермен таныстырды.
Google компаниясының бағдарламашысы Тілек Мамытов кездесу кезінде Search, Gmail, YouTube, Chrome және әуе шарларындағы интернет секілді бағдарламалар мен өнімдермен жұмыстарды қосқанда, 11 жыл бойы Google және Google Х жобаларына басшылық жасағанын, сондай-ақ Орталық Азиядан Google компаниясына жұмысқа қабылданған алғашқы түлек екенін айтты.
«Балаларға арналған тегін ІТ сыныптар» партиялық жобасының қатысушыларына арналған шеберлік сағаты балалардың цифрлы ойлауын қалыптастыруға, ІТ машықтарын дамыту мен оқытуға еліктеуіштік пен қызығушылығын арттыруға, үздіксіз технология мен ІТ технологияларға қабілетті қазақстандықтардың жаңа буынын түрлендіруге бағытталды.
Абылайхан ЖҰМАШ