БАЛА ҚҰҚЫҒЫ – БАСТЫ НАЗАРДА

255
0
Бөлісу:

Бала құқығын қорғау кез келген қоғам үшін ең маңызды мәселе екені белгілі. Осыған орай еліміздегі жетекші саяси күш саналатын «Нұр Отан» партиясы бұл салаға ерекше назар аударып отыр. Нақты айтқанда, партия жанынан Балалар құқығын қорғау жөніндегі республикалық кеңес құрылды. Осылайша, «Нұр Отан» көпбалалы отбасыларға жүйелі қолдау көрсетіп, өскелең ұрпақтың құқықтары мен заңдық мүд­делерін қорғау ісіне бүкіл қоғамды жұмылдырмақ.

Кеше Кеңестің алғашқы оты­рысы өтіп, онда алдағы мақсаттар мен міндеттер нақтыланды. Жиын­ды ашқан «Нұр Отан» пар­тия­сы Төрағасының Бірінші орын­басары бұл іс Мемлекет басшы­сының тапсырмасымен қолға алынғанын айтты.
– Кеңес Елбасының тікелей тапсырмасымен құрылып отыр. Жалпы бұл мәселе біраздан бері көтеріліп, осыған дейін дайындық жұмыстары жүргізіліп келгенін атап өткен жөн. Басты мақсат – балалардың құқығы мен мүддесін жан-жақты қорғап, олардың қажеттіліктерін қамтамасыз ету. Осы бағытта Үкіметпен, жергі­лік­ті атқарушы органдармен және үкіметтік емес ұйымдармен бір­лесіп жұмыс істейміз. Бұл іске жетекші саяси күш ретінде пар­тияның барлық әлеуеті, яғни Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттардағы партия фрак­циялары, аймақтық және аумақ­тық партия филиалдары жұмыл­дырылады. Әр филиалда жауапты адам бекітіліп, Кеңес жұмысының жүйелі түрде жүргізілуін қамта­ма­сыз етеді, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар ол Кеңестің қызмет аясын кеңейту мәселесіне де назар аударды.
– Балалар құқығын қорғаумен бірге Кеңес қызметінің аясын кеңейтіп, көпбалалы отбасыларға қолдау көрсету, жұмыс істейтін көпбалалы аналарға лайықты жағдай жасау сияқты өзекті мәселелерді де қамтудың маңызы зор. Осы бағытта да тиімді ұсы­ныстар даярлауымыз керек, – деді партия Төрағасының Бірінші орынбасары.
Жаңа консультативтік-ке­ңес­ші орган құрамына Парламент Мәжілісінің депутаттары, мем­лекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйым өкілдері, салалық са­рапшылар және қоғам қайрат­кер­лері мүше болды. Кеңес мүше­ле­рінің шешімімен оның төраға­лығына «Нұр Отан» партиясы Төр­ағасының бірінші орын­ба­сары Мәулен Әшімбаев сайланды. Ал төраға орынбасары болып «Қа­сиет­ті жол» қайырымдылық қоры­ның негізін қалаушы, Астана қа­ла­сындағы балалар үйінің ­ди­­­­рек­­торы Динара Закиева сайланды.
Жиын барысында Д.Закиева қазіргі таңда балалар құқығын қорғау жұмыстары көбіне сал­дармен күрес сипатында жүргі­зіліп келе жатқанын айтты.
– Біз көбіне келеңсіздіктердің салдарымен күресіп келеміз. Сондықтан Кеңестің жұмысында ең алдымен алдын алу шара­ларына басымдық беріп, алды­мызға осы бағытта кешенді іс жүргізуді басты міндет етіп қойып отырмыз. Осы ретте жаңадан құрылып отырған Кеңестің тұрақты түрде күнделікті жұмыс істейтін орган болатынын ерекше атап өткім келеді. Кеңес еліміздің барлық өңіріндегі «Нұр Отан» партиясының филиалдары жанынан өз жұмысын бастап, әр баланың қауіпсіздігі мен жайлы өмірін қамтамасыз етуге үлес қосады, – дейді Д.Закиева.
Сондай-ақ ол бүгінде елі­міздегі балалардың 11 пайызының жағдайы көңіл көншітпейтінін айтты. Осындай мәселелерді шешу үшін кеңес балалар құ­қы­ғын қорғауға арналған бірыңғай әлеуметтік интернет-порталды іске қоспақ. Ол жерде түрлі зор­лық-зомбылыққа тап болған кез келген бала және осындай жағ­дайға куә кез келген қазақстандық азамат өтініш қалдыра алады. Бұл іске мемлекеттік органдар мен үкі­­меттік емес ұйымдар да қатыс­ты­­рылады деп жоспарланып отыр.
Өз кезегінде Кеңес мүшесі, Taiburyl қоғамдық қоры қамқор­шылар кеңесінің төрағасы Мұрат Әбенов бүгінде мемлекет тарапы­нан балаларға тиісті жағдай жа­салып жатқанын тілге тиек етті. Оның айтуынша, балабақшалар мен осы бағыттағы түрлі мекем­е­лерге мемлекет қажетті қаражат бөліп отыр. Тек соны тиімді пай­даланып, бұл істі ашық жүргізсе, оң нәтижелерге қол жеткізуге бо­лады. Бұл ретте ол Д.Закиева бас­қаратын балалар үйінің тәжі­рибесін мысалға келтірді.
– Қазір балалар үйіне бөлінген қаражат жеткіліксіз, соған бай­ла­нысты киім-кешекпен және тамақпен қамтуда мәселелер бар, деген сарындағы әңгімелерді естіп қаламыз. Меніңше, бұл – бө­лінген қаражатты тиімсіз жұм­сау­дың салдарынан туатын жағдай. Әйтпесе, мемлекет қажет жағдайды жасап отыр. Сондықтан осы мәселеде ашықтықты талап етуіміз керек. Бұл істе Астанадағы балалар үйінің тәжірибесін басты назарға алғанымыз жөн. Себебі, бұл мекеме бөлінген қаражатты жеткізіп қана қоймай, қомақты соманы үнемдеп, көпке үлгі көр­се­тіп отыр, – деген қоғам қайрат­кері балаларға бөлінген қар­а­жатты мақсатсыз жұмсау нағыз бала құқығын бұзу екенін баса айтты.
Отырыста сөз алған ЮНИСЕФ-тің балалар құқығын қорғау жөніндегі бағдарла­ма­сының үйлестірушісі Татьяна Адерхина көтерілген мәселенің өзектілігіне баса мән беріп, балаларға көрсетілетін қызмет түрлеріне қатысты ұтымды ой айтты.
– Қазіргі таңда мекемелерді қайта құру, оңтайландыру сияқты жұмыстар қалыпты жағдайға айналды. Бұл істен балабақша, оқу­шылар орталығы сияқты ба­ла­ларға қызмет көрсететін меке­мелер де тыс қалып жатқан жоқ. Осындай істе өте мұқият болған абзал. Әсіресе, аймақтарда жергі­лікті жердің жағдайын ескеріп әре­кет еткен жөн, – дейді Т.Адерхина.
Сонымен бірге ЮНИСЕФ өкі­лі балалар құқығын қорғау мә­селесіне қатысты әлемдік тә­жі­рибелерге де назар аударды. Оның сөзіне қарағанда, бүгінде әлемде «Позитивті ата-ана» бағ­дар­ламасы мен кәмелетке тол­мағандарға бағыт-бағдар көрсететін бастамалар сияқты жа­ңа үлгідегі тәрбие жұмыстары қолға алынған. Сондықтан Қа­зақ­стан да осындай жаһандық үр­дістердің үздік тұстарын ескер­ген жөн.
Бұдан басқа, отырыста «Әр бала отбасымен бірге болуы керек» қоғамдық қозғалысының жетекшісі Шолпан Байболова, Best for Kids қоғамдық қорының вице-президенті Эмин Аскеров және өзге де жиынға қатысушылар сөз алып, балалар ұйымын құру, жас отбасылармен жүйелі жұмыс жүргізу, осы істе шалғайдағы елдімекендерді де назардан тыс қалдырмау сияқты нақты ұсыныс­тарын жеткізді.
Жиынды қорытындылаған «Нұр Отан» партиясы Төраға­сының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев еліміздің жарқын болашағы үшін бұл істің маңызы зор екенін айтып, барлық мүдделі тараптарды бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.
– Алдымен кеңестің ереже­сінде көрсетілген нақты мақсат­тар мен міндеттерді және бүгінгі отырыста айтылған ұсыныстарды ескеріп, жұмыс жоспарының жобасын бекітіп алуымыз керек. Сонымен бірге, қазірдің өзінде көптеген үкіметтік емес ұйымдар мен белсенді азаматтар Кеңеспен бірлесіп жұмыс істеуге қызы­ғу­шылық танытып отыр. Сондық­тан барлық мүдделі тараппен бір­лес­кен жұмыстың тиімді те­тіктерін қарастыруымыз қажет. Кейбір жобаларымызды жергі­лікті жер­лерде жүзеге асырудың да ұтымды жолдарын пысықтап ал­ған жөн. Сондықтан Кеңес мү­ше­лері бүгін талқыланған мә­селе­лерді жан-жақты зерделеп, сол бойынша ұсыныстарын жол­дауы тиіс, – деді Мәулен Әшімбаев.
Осылайша, «Нұр Отан» пар­тиясы еліміздегі балалар құқығын қорғау мәселесін түбегейлі қайта қарап, осы бағыттағы заңнама­лар­ды талдап, жас буынның заң­дық мүдделерінің бұзылмауын қам­тамасыз етуге ден қойып отыр.

Еламан ҚОҢЫР

Бөлісу: