Қоғамдық қабылдау – қол ұшын береді

461
0
Бөлісу:

Елбасы Н.Назарбаевтың мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өмір сапасын жақсарту бойынша берген тапсырмасын жүзеге асыру масқатында партия жобасы «Кедергісіз келешек» аясында «Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмелерінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлеуметтік қолдау мәселелері бойынша тақырыптық қабылдау өтті.

Қабылдауды «Нұр Отан» партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлімі меңгерушісінің орынбасары Арыстанғали Сансызбаев  өткізді. Іс-шараға Астана қаласының қоғамдық денсаулық сақтау, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармаларының өкілдері қатысты.

Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға кедергісіз жағдайларды жасау, оларды жұмысқа орналастыру, емделуге көмек көрсету, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мақсатында құрылған жоба бойынша 2018 жылы партияның қоғамдық қабылдау бөлмелеріне 4 мыңға жуық адам өтінішпен келіп, олардың әрбір үшіншісінің мәселелері шешімін тапқан.

Қабылдаудың алғашқы қонағы Ерлан Жикишев кездесу кезінде әлеуметтік жағдайының төмен екендігін айта келе, бес жасар ұлының еміне көмек қажет екендігін жеткізді. Мохуббат Алиев пен Рахымжан Шарипов есімді қос азамат «Батыс Монтаж Сервис» компаниясының басшылығы жалақы бермей қойғандығындығын айтып, шағымданды. Олар 9 үйді жөндеу жұмыстарына атсалысқан. Бірақ басшылық айлық төлеуден жалтарып отырған көрінеді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілі бұл мәселені оңтайлы шешуге атсалысатынын айтты.

Қабылдауға келген ІІІ-топ мүгедегі Фариза Қапан көп уақыттан бері жұмысқа орналаса алмай жүргендігін, ал Назерке Жамбылова есімді қала тұрғыны үш жасар баласының аутизммен ауыратындығын, баласының еміне қосымша көмек көрсетілсе деген тілегі бар екендігін білдірді. Ал денсаулығына байланысты 45 мың теңге жәрдемақы алатынын айтқан Әріпахан Серікбаева әлеуметтік жағдайын ескеріп, жұмысқа орналасуға көмек көрсетуін сұрады.

Жалпы қабылдау барысында мүмкіндігі шектеулі азаматтар тарапынан жәрдемақы, көк кітапша, балаларға төленетін арнаулы әлеуметтік көмек мәселелері бойынша да өтініштер түсіп, заң аясында тиісті қолдаулар көрсетілетін болды. Азаматтарды қабылдау барысында оларға денсаулық сақтау, еңбек және әлеуметтік қамту аясында мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырудың тәртібі мен алғышарттары түсіндірілді. Сондай-ақ, бірқатар өтініштер бойынша нақты тапсырмалар берілді.

Әбілмансұр ЖАСАН

Фото: А.Мұрзанов

Бөлісу: