Ер Едіге – түркіге ортақ тұлға

516
0
Бөлісу:

Биыл –  қаһарман  Едіге батырдың туғанына 600 жыл! Осыған орай Ұлттық академиялық кітапханада «Елдің қамын жеген ер Едігеге – 600 жыл» атты сирек кітаптар көрмесі өтті.

Сондай-ақ Едіге батырды зерттеген ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, ЕҰУ-дың профессоры, ғалым Болат Қорғанбеков «Ер Едіге» атты дәріс сабағын өткізді.

Едіге батыр жыры – эпикалық дәстүрдің қалыптасуына, берік сақталуына себін тигізетін бірден-бір шығарма. Патриотизмге тәрбиелеуде орны айрықша. Эпикалық жырдың ерекшелігі – аңызға сүйенеді, тарихи негізі әфсәнадан бастау алады.  Едіге туралы шығарма хатқа 1820 жылы түсірілген. 2020 жылы шығарманың хатқа түскеніне 200 жыл толады. Мұны да мерейтой ретінде атап өтуге тұрарлық.

Көрмеге ер Едіге туралы жазылған шығармалар қойылды. Атап айтқанда, 1905 жылы көне славян тіліндегі Санкт-Петербор баспасынан шыққан Шоқан Уалиханов қолжазбасы,  араб тіліндегі «Қазақ эпосы» (Ташкент, 1922), латын қарпіндегі С.Мұқановтың «Батырлар» (Алматы, 1939),  В.М. Жирмунскийдің «Тюркский героический эпос» (Ленинград, 1947) В.В.Радловтың  «Алтын сандық» (Алматы, 1993) шығармалары және т.б. ұсынылды.

 

Едіге батырдың өмірі мен ерлігі туралы жырлар мен аңыздар қазақ қана емес, татар, ноғай, қырғыз, қарақалпақ, башқұрт, қырым татарлары, құмық, түркімен т.б. халықтар арасында көптеп кездеседі. Батыр жайлы тарихи аңыз-әңгіме тек қазақ қана емес, Сібірді, Орта Азияны, Еділ бойын, Солтүстік Кавказды, Қырым кеңістігін жайлаған исі түркі халықтарының көбіне мәлім болған. Жырдың Түркия, Румыния өңіріне тараған нұсқалары да бар.

Ер Едіге – Әмір Темір заманында өмір сүрген көреген мемлекет қайраткері, батыр, әділ билігімен есімі аңызға айналған Алтын Орда хандарының ақылшысы, халық қамқоры.

Іс-шараға ЖОО-ның студенттері мен магистранттары және  оқырмандары қатысады.

Жиын Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы «Ұлы даланың есімдерін ұлықтау» негізінде арнайы ұйымдастырылды.

«Айқын» ақпарат

 

Бөлісу: