Бала сұранысына бейімделген оқу жүйесі

240
0
Бөлісу:

Ерекше білім беруді қажет ететін балаларды ағылшын тіліне қашықтықтан оқыту сұранысқа ие салалардың бірі.

Қазіргі таңда қашықтықтан оқытудың ақпараттық технологияларын дамыту мен пайдалану күн санап артып келеді. Білім берудің стратегиялық мәселелері бойынша мамандарды оқытудың бұл түрін ХХІ ғасырдың білім беру жүйесі деп атайды. Бұл арқылы білім берудің жеке траекторияларын құруға мүмкіндік береді. Әрбір жеке білім алушының қызметін мұқият және егжей-тегжейлі жоспарлауды, оқытудың міндеттері мен мақсаттарын нақты қоюды, қажетті оқу материалдарын жеткізуді болжайды.
Қашықтықтан оқыту мүмкіншілігі шектеулі балалардың жалпы орта (толық) білім алу мүмкіндігін кеңейтетіні сөзсіз. Мұндай оқу түрі мұғалім мен оқушының өзара қарым қатынасын болжайды және оқу процесіне тән барлық компоненттерді көрсетеді: мақсаты, мазмұны, ұйымдастыру формалары, оқыту құралдары, оларды іске асыру интернет-технология құралдарымен жүзеге асырылады.
Ақпараттық технологиялар көрнекі ақпаратты жарқын және серпінді жасауға, білі алушының оқу жүйесімен белсенді қарым-қатынасын ескере отырып, білім беру үрдісін өзі құруға мүмкіндік береді. Интернет желілерін дамыту, интернетке жылдам қатынау, мультимедия технологияларын, бейнені пайдалану қашықтан оқытуды қызықты етеді. Және артық қимыл жасамай, үйде отырып дәріске қатысу – мүгедек балаларға білім алуды бірталай жеңілдетеді.
Қашықтықтан дәріс алу жеке оқыту сипатында болады. Бұл оқытудың икемді түрі: білім алушы оқу қарқынын өзі таңдайды, жеке сабақтарға қайтып келуіне болады,  жеке бөлімдерге оралуы да өз еркінде. Шәкірт оқу материалын тек сабақ кезінде ғана емес, кез-келген уақытта оқиды, бұл терең қалдықты білімге кепілдік береді. Мұндай оқыту жүйесі оқушыны өз бетімен жұмыс жасатады, өз бетімен білім алу дағдыларын дамытады.
Қашықтықтан оқытуды қолдану сынақ тапсыру кезіндегі оқушының қобалжу мөлшерін де азайтады. Мұндай тәсіл Skype бағдарламасы арқылы жүзеге асады.
Бүгінде қашықтықтан ағылшын тілін меңгеремін деген жастар көп. Мультимедиалық құралдардың көмегімен сөйлеу, тыңдау, оқу және жазу тапсырмалары жеңіл орындалады.
Оқу кезінде әрбір оқушы ауызша жаттығуларды ағылшын тіліндегі тіркестерді қолдану бойынша  микрофонға айтады. Ал грамматикалық тақырыптарды өткенде пернетақтада теру арқылы грамматикалық жаттығуларды орындайды. Жазудың бұл түрі мүмкіншілігі шектеулі балаларға қаламмен жазуға қарағанда ыңғайлы, жылдам және оңай. Сонымен қатар балалар сөзжұмбақтар шешу, жасырын сөздерді табу сияқты қызықты ойын-жаттығуларын орындайды.
Қашықтықтан оқу мүмкіншілігі шектелген балаларға өзімен қатарлас балалармен тең дәрежеде білім алуға, психолгиялық қолдау алуға, педагог мамандардың көмегіне жүгінуге мүмкіндік береді. Осы арқылы әр балада ішкі мотив пайда болады. Ал педагог маманның міндеті сол мотивті өшіріп алмай, әрі қарай оқушының және өзінің әрекеттерін бірнеше қадам алға ұйымдастыра білу. Қашықтан оқытудың басты мақсаты ерекше білім беруді қажет ететін балаларды күнделікті өмірге бейімдеу.

З.К. Кусембаева,
Абай атындағы ҚазҰПУ

Бөлісу: