Николас Мадуро Ресейге қашуы мүмкін

779
0
Бөлісу:

Венесуэла президенті Николас Мадуроға елден кетіп, билікті уақытша үкіметке тапсырған жөн. Бұл туралы Венесуэла жөніндегі АҚШ-тың арнайы өкілі Эллиот Абрамс хабарлады деп жазады The Washington Post.

Оның сөзінше, Вашингтон Мадуроға нақты қай елге қарай «қашуды» айтпаған. Дегенмен Абрамс Венесуэла басшысының Кубада және Ресейде «сенімді серіктері» бар екенін айтып қалыпты. Ол сонымен қатар президентті өз елдерінде қабылдауға дайын бірнеше елдің де бар екенін хабарлапты.

Сонымен қатар АҚШ Мадуро құрған заңдық орган – Конституциялық ассамблея мүшелерінің визасын тартып алған. Әзірге олардың есімдері аталмады.

АҚШ Венесуэла оппозициясының лидері және парламент спикері Хуан Гуайдоны республика президенті деп танығаннан кейін Эллиот Абрамс арнайы өкіл атанған болатын.

Жалпы, АҚШ Мадуроның биліктен кетуін қалайды. Трамп бұған дейін Хуан Гуайдоны елдің басшысы ретінде таныған еді. Біз бұған дейін Венесуэладағы жағдай мен Хуан Гуайдо туралы толық мәлімет берген едік.

Осыдан санаулы уақыт бұрын ғана Николас Мадуро кезектен тыс парламенттік сайлау өткізуге қарсы еместігін мәлімдепті. Оның сөзінше, жаңа Ұлттық ассамблея елдегі жағдайды тұрақтандыру үшін билікке көмектеседі екен. Бұл ретте Мадуро елде президенттік сайлау өткізуге түбегейлі қарсы. Ол мемлекетті дұрыс басқарып отырмын, елдегі жағдай толық бақылауымда, Үкімет 100 пайыз жұмыс істеп жатыр деп есептейді. Сондай-ақ Мадуро өзіне қарсы шығып жатқан батыс елдері билігін де кінәлаған.

Абай Аймағамбет

Бөлісу: