Мәлік Абдраманов, актер: Жалған намыстан арылсақ, проблема шешіледі

81
0
Бөлісу:

Көрерменге «Бауыржан шоу» арқылы танылған актер Мәлік Абдраманов бүгінде кино әлеміндегі рөлдерімен көпшіліктің көзайымына айналды.   «Шестой пост», «Абзал жандар», «Гудбай, мой бай», «Бәсеке» және тағы басқа да фильмдердегі рөлі ерекше. Кинодағы рөлдері арқылы боямасыз өмірді көз алдыңа әкелетін актермен қоғамдағы мәселелер туралы аз-кем әңгімелестік.

– Жастар жылында олардың әлеуметтік мәселесін шешудің қандай жолын ұсынар едіңіз?

– Жіпке тізсек, проблема жетерлік. Жұмыссыздықтан бастап өмірден өз орнын таба алмауға дейін шексіз жалғаса береді. Атап айтар болсақ, сол мәселелердің түп-төркіні жастардың мамандықты өзі таңдамауында жатыр. Қазір екінің бірі «қос дипломды жұмыссыз көп», «жастарға жұмыс жоқ» деп жалпылама айта береді. Бізге нақтылық жетіспейді. Себебін білу қажет. Кеше мектеп бітірген қатарластарының алдында «оқуға түстім» деген өтірік мақтаныштың керегі жоқ. Себебі, төрт-бес жылдан соң, дипломды жұмыссыздардың қатарына қосылады. Содан кейін күнкөрістің қамы үшін жанына жақын кәсіп іздеуі – заңдылық. Түбіне үңілсеңіз, мектеп бітірген түлектердің шамамен 80 пайызы мамандықты өз қалауымен таңдап, қалаған мамандығына түспейді. Тек «диплом алсам» дегенді ғана мақсат қояды. Ата-ана «балам жоғары оқу орнында оқып жатыр…» деп мақтаныш көреді. Осындай жалған намыстан арылсақ, көп мәселе өздігінен шешіледі. Әркім өзі қалаған мамандықты меңгерсе, оқу бітірген соң, өмірден де өз орнын оңай табар еді.

 

 

Қазір қоғамда жасөспірімдер тәрбиесі өте өзекті. Қатігез ұл-қыз қайдан шығады?

– Бала күнімізде «Әкеңе айтам, әкең ұрсады…» деп айтатын. Шын мәнінде, ұрыспайды ғой. Бірақ әкенің мысы басып тұрады. «Ер-азамат – түздің адамы» десек те, ақылды әйел отағасының абыройын баланың алдында түсірмейді. Дұрыс тәрбие беру – әйелдің қолынан келетін шаруа. Бұл жерде әйелдердің де кінәсі бар. Себебі, балаға әкесін жамандап, отбасында әкенің беделін түсіреді. Өзін біржақты мықты, қайтпас қайсар қылып көрсеткен соң, бала шешесінің ырқынан шыға алмай қалады. Оның санасында «әйел басқарған отбасы мықты болады екен ғой» деген түсінік қалыптасады. Ұл бала жасық болып өседі. Ержеткенде жекіретін, билеп-төстеуге бейім әйелдерді «жақсы» көреді. Өйткені, «мені үнемі ойлайды», «мені жақсы көреді», «мені уайымдайды», «менің жағдайымды жасайды» деп соның «көлеңкесінен» пана іздейді. Көбісі ұлы ержетіп, үйленгенде келіні мен баласының арасында ұрыс-керіс болса, ол кінәнің түбі әу баста өздерінде жатқанын түсінбейді.

 

 – Ал эфир арқылы ер-азаматтарды қазан-ошақтың айналасында аспаз етіп насихаттауға көзқарасыңыз қалай?

– Актерлерді шақырып, ас пісірту телеарналарға рейтинг үшін керек. Ол жерде студия қонақтары тамақ істемейді. Асханада әңгіме-дүкен құрады.

– Ата-аналар жиналысына қатысасыз ба?

– Көбінесе, анасы барады. Өткенде бір рет ашық сабаққа барып қатысып едім. Маған ұнады. Үйде бала көз алдыңызда бала болып көрінеді екен. Ашық сабақта баламның есейгенін, ойын еркін айта алатынын көріп, марқайып қалдым.

– Рейтингі жоғары асабалардың бірісіз. Тойдағы қателігіміз қандай?

– Бүгінде әлеуметтік желі арқылы мақтану, танымал адамдардың тасасында, ықпалында жүру деген тенденция қалыптасқан. Қазір кейбір адамдар күні түсетін адамдардың ғана тойына баратынын көріп жүрміз. «Күні ертең маған бір пайдасы тиер, күнім түссе, керек болып қалады-ау» деген оймен араласады. Шын көңілден емес. Күні кеше қонақта болдым. Ақын Бақыт Беделхан екеуміз бір дастарқанда отыр едік. Қонақтар ортаға ет келгенде жапа-тармағай суретке түсіре бастады. Сол уақытта Бақыт Беделхан «Елдің бәрі күнде дәл осылай табақ-табақ ет жеп отырған жоқ. Ел ішінде аш отырған адамдар да бар. Тамақ толы табақты суретке түсіріп, инстаграмға салмай-ақ қойыңдаршы» деді. Орынды сөз!

Тойда біріншіден, тілек айтудың орнына, көп сөйлейміз. Екіншіден, тойға кешігіп келеміз. Үшіншісі – көп адам тойға проблемасын шешуге келеді. Тойға келіп, сыйлығын берген соң, қолында билігі бар, қоғамда беделі жоғары, айналасына сөзі өтеді-ау деген адамдарға проблемасын айтады. Баласын жұмысқа орналастыру дегендей мәселелерін шешеді. Қазір той тойлайтын ортадан, проблема шешетін басқосуға айналып бара жатыр.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Майра БАҚЫТ

Бөлісу: