Грантқа түсесің, ауылда жүресің

412
0
Бөлісу:

ҰБТ-ға дайындық басталған сәттен-ақ талапкерлердің түгелі дерлік «қанша жинаймын, қайтсем грантқа түсемін» деген ойда жүреді. «Қалайда 140 аламын» деген сияқты сөздерді төсегінің бас жағына жазып қойып, күнделікті қайталауды әдетке айналдырады. Бас қатырғаны – балл ғана. Кейбірі қалада оқитын баласын бір жылға ауыл мектебіне жібереді. Ондағы ойы – ауыл квотасы арқылы грантқа іліктіру. Дегенмен осы жеңілдікпен оқуға түскендердің дені бұл батпан құйрықтың қандай екенінен бейхабар. Негізі, еліміздің «Білім туралы» заңында бакалавр бітірген соң ауылдағы білім беру мекемесінде үш жыл қызмет ету керегі айтылған. Мұны білмеген бірталай адам бүгінде соттасып жүр. Талқыға түсетін бүгінгі тақырып – осы.

– Қайдан келесің?
– Соттан келемін
Мемлекетке қарыз екенін білмей жүргендердің бірі – Нұрболат Жаңабекұлы. Грант негізінде оқыған ол осымен үшінші рет сотқа шақырылған. Әу баста қаражат қайтару керегі жайлы білмеген екен. Бейхабар жүре берер ме еді, егер үйге соттан қағаз келмегенде… Ары қарай кейіпкер өзі әңгімелесін.
– 2012 жылы мектеп бітірдім. Әу баста журналистикаға тапсырғым келген. Дегенмен шығармашылық емтиханға үлгермей қалған соң, басқа мамандық таңдауға тура келді. Осылайша, Тараз қаласындағы педагогикалық институтқа қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша оқуға түстім. Тамыздың ортасында мемлекеттік грант иегерлерінің тізімі шықты. Бізге 10 грант бөлінген. Оның үшеуі – ауыл квотасымен, біреуі халықаралық олимпиада жүлдегері екен. Орыс тілін қоспағанда 82 ұпай жинап, еш жеңілдіксіз түстім. Оқу басталар шақта ешқандай келісімшарт туралы айтқан жоқ. Яғни, бакалаврдан соң міндетті түрде үш жыл мектепте қызмет етіп, грантты өтеуіміз керегін білмедік. Бұл жайлы ескерту қағаз келгенде білдім.
Біз бітіргелі де біраз уақыт болып қалды. Осы жылдың мамыр айында үш жыл толады. Бірнеше рет сотқа шақырды. Бүгінде қолымда келісімшарттың көшірмесі бар. Онда біздің қолымыз жоқ. Дегенмен Білім және ғылым министрлігі мен институт арасында келісімшарт жасалған екен. Тараптардың міндеттері мен құқықтары көрсетіліпті. 2-бөлімнің 3-тармағының 10-тармақшасына сәйкес, институтты бітірген соң жұмысқа жіберілген білім беру ұйымдарында кемі үш жыл қызмет ету міндеттелген. Бірақ қызығы сол, оқу аяқтаған соң бізді еш жерге жібермеді. Жергілікті жұмыспен қамту орталығына барып, тіркелдім. Мені жекеменшік телеарнаға бағыттады. Сөйтіп сол жерде 2 жылдай жұмыс істедім. Кейін 2 млн 128 мың теңге көлемінде қаражатты қайтаруым керегі көрсетілген қағаз келді. Содан мәселенің мән-жайын білу үшін қаржы орталығына хабарластым. Сөйтсем, «сіз мемлекеттік мекемеде қызмет етіп жатқан жоқсыз» деп түсіндірді. Тіпті жұмыспен қамту бағдарламасы аясында орналасқанымызды алға тартсақ та, мәселе шешілмеді. Амалсыздан мемлекеттік мекемеге баспасөз хатшысы болып орналастым. Дегенмен алдыңғы қағаз қайта келді. Бұл жолы мемлекеттік білім беру мекемесінде жұмыс істеуім керегі, 1 млн 773 200 теңге көлемінде қарыз екенім көрсетіліпті. Яғни, жұмысқа тұрмаған күндер есептеліпті. Менің жағдайымда ол уақыт 780 күн екен. Осылайша, алдыңғы сома тіптен көбейді.
14 және 22 қаңтарда сот болды. Ендігісі 18 ақпанға бекітілген. Егер сотқа бармасам, автоматты түрде жеңілген болып саналады екем. Бұл мәселенің екі шешімі ғана бар: ақшаны қайтару немесе білім мекемесіне жұмысқа орналасу. Үлкен көлемдегі қаражатты тауып беру оңай емес. Ал жалпы мектепке орналасу жағына келсек, әр өңірде белгіленген «ставка» бары жасырын емес. Соны беріп, білім беру мекемесіне тұруға болады. Бір мысал келтіре кетейін. Тараздың педагогикалық колледжін бітірген жиенім оқуын бітірген соң тұрмысқа шықты. Астанаға көшіп кетті. Оның ауылдағы үйіне бірнеше рет соттан қағаз келген. Туыстары қыз тұрмысқа шығып кетті деп мән бермеген. Ақыры сот шешімі шығып, қаражатты қайтарған болатын. Бәлкім, біраз жүгіріп, мәселені анықтағанда жағдай басқаша болар ма еді? Олар тынышы сол деп, төлеген еді.
Негізі, біздің жақта жұмыс табу оңай. Бірақ бітірген шағы­мызда бос орын болмады. Содан, басқа мекемеге жұмысқа орна­лас­тық. Келісімшартта институттың жұмыс тауып беруге міндетті екені жазылған. Бірақ оқу орнымыз белгілі бір мекемеге жіберген жоқ. Үш жыл мерзім әлі өткен жоқ. Осыларды алға тартып отырмыз. Соттан жеңілсек, ендігіде жалақыдан ұсталып отырады.
Жалпы алғанда мұндай мәселеге тап болған таныстарым көп. Басым бөлігі ақша төлемес үшін білім беру мекемелеріне жұмысқа орналасты. Білуімше, міндетті түрде бітірген мамандық бойынша қызмет ету керек деген талап жоқ деседі. Айталық, мектепке ұйымдастырушы болып орналасуға болады. Көпшілігі жұмыстарын тастап, сондай амалдар жасап жатыр. Яғни, бастысы, зейнетақы аударымы түсіп тұрса болғаны. Мектептен нотариуспен бекітілген бұйрықты көрсетсе, мәселе шешілетінге ұқсайды. Сол себепті, бүгінде жұмыс іздеп жатырмын. Қазір тәртіп басқа. Бұрынғыдай түйіндемені шығарып апару деген жоқ. Портал арқылы іске асады. Не болатынын көреміз.

Ауыл жеңілдігінің жүгі ауыр
Нұрболатпен бұл жағынан тағдырлас жандар жетерлік. Көпшілігі гранттың өтеуі бар екенін білмегенін алға тартады. Ендеше, заңға көз жүгіртейік. Білім және ғылым министр­лігінің баспасөз қызметі «Білім туралы» заңды талдап берді. Министрлік өкілдерінің жауабында студент пен ЖОО арасындағы келісімшарт оқуға түскенде жасалатыны айтылған. Студент өтейтінін 4-курста білсе де, заңнан аттап өте алмайды. Заң бойынша өтеуі керек.
«Білім беру туралы» заңының 47-бабында білім алушылар мен тәрбиеленушілердің құқықтары, міндеттері мен жауапкершілігі жазылған. Оның ішінде, 17-тармағына сәйкес, квота шегiнде педагогтік, медициналық және ветеринарлық мамандық бойынша оқуға түскен ауыл жастары қатарынан шыққан азаматтар жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымын бітіргеннен кейiн тиісінше үш жыл жұмысты өтеуге міндетті екені көрсетілген. Олар мемлекеттік грантты мемлекеттік бiлiм беру ұйымдарында, мемлекеттік медицина ұйымдарында, ветеринария саласында қызметін жүзеге асыратын мемлекеттік органдар бөлімшелерінде не ауылдық жерде орналасқан мемлекеттік ветеринария ұйымдарында өтеуі тиіс. Мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде философия докторлары (РhD) бағдарламасы бойынша докторантураға оқуға түскен азаматтар оқуын бітіргеннен кейін жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында немесе ғылыми ұйымдарда кемінде үш жыл өтеуге міндетті. Осы тармақта аталған адамдардың жұмысты өтеу жөніндегі міндеттерін орындауына немесе жұмысты өтемеген жағдайда бюджет қаражатының шы­ғындарын өтеуіне мониторингті және олардың сақталуына бақылауды қамтамасыз ету білім беру саласындағы уәкілетті органның операторына жүктеледі. Қазіргі таңда операторлық қызметін «Қаржы орталығы» АҚ атқарып отыр.

Қаржыны қайтармаудың амалы бар ма?
Осы баптың 17-тармағында көзделген жұмысты өтеу жөніндегі міндеттен босатылатындар жайлы жазылған. Яғни, жұбайы тұратын, жұмыс істейтін елдімекенде бос орын болмаған жағдайда, І және ІІ топтағы мүгедектер, магистратура, резидентура, докторантураға түскендер, жүкті әйелдер, үш жасқа дейінгі баласы бар, сондай-ақ үш жасқа дейінгі баланы өзі тәрбиелеп жатқан адамдар өтеуге міндеттелмейді.
ҚР 2016 жылғы 6 сәуірдегі «Құқықтық актілер туралы» № 480 заңының 11 бабында нормативтiк құқықтық актiлердiң тiкелей қолданылуы туралы жазылған. Заңда көрсетілгендей, егер нормативтiк құқықтық актiлердiң өздерiнде немесе оларды қолданысқа енгiзу туралы актiлерде өзгеше ескертілмесе, барлық нормативтiк құқықтық актiлер тiкелей қолданылады. Сондай-ақ қолданысқа енгізілген нормативтiк құқықтық актiлердi қолдану үшiн қандай да болсын қосымша нұсқаулар талап етiлмейдi. Яғни, заңның күші келісімшарттан биік тұрады.

Ауылға асық қылсақ па, қалаға қусақ па?
Мемлекет басшысы осы жылды «Жастар жылы» деп жариялады. Бірқатар тапсырмалар берді. Жастарға жағдай жасаудың жоспары құрылды, картасы бекітілді. Елбасы сөзінде ауыл жастарының үлесі көп екенін, оларды қалаға тарту қажет екенін тілге тиек етті. Яғни, «Урбанизация процесінің қарқынды жүріп жатқанына қарамастан, ауыл жастарының үлесі әлі де жоғары – 43 процент. 2018 жылдың 11 айы ішінде ауылдан қалаға көшкен жастардың саны 222 мыңнан асты. Сондықтан Үкімет пен әкімдіктер олардың білім алу, жұмысқа орналасу, демалыс және басқа мәселелерін жүйелі шешуге күш жұмылдыруы тиіс» деген еді. Дегенмен артынша «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында инфрақұрылымды дамытып, жергілікті жерлердің кадрлық әлеуетін күшейту керегін айтып өтті. «Осыған орай «Диплом­мен – ауылға!» бағдарламасына енгізілетін мамандықтардың тізімін кеңейтуді ұсынамын. Көшіп барғаны үшін төленетін жәрдемақы мөлшерін 70-тен 100 айлық есептік көрсеткішке дейін арттырған жөн. Сондай-ақ жастарды ауыл шаруашылығымен айналысуға қызықтыра білу қажет. Дамыған елдерде бұл бағыт жоғары өнімді әрі инновациялық салалардың бірі саналады. Онда цифрлы технологиялар мен роботтандырылған кешендер белсенді қолданылады. БҰҰ болжамы бойынша 2050 жылға қарай әлемнің 70% дерлік халқы қалаларда тұратын болады. Жаһандық экономика қалалықтарға иек артады: 600 мегаполис әлемдік ЖІӨ-нің 60%-ін береді» деген болатын Президент.
Жүйенің қандай кінәраты бар?
Заң алдында бәрі бірдей. Ол жерде не жазылса, бұлжытпай орындалады. Бұған ешкімнің шүбәсі жоқ. Дегенмен оның орындалуында, жүйеде кемшілік көп. Солардың бірқатарын тізіп көрелік.
• Ауыл квотасы ауылдық жерде оқығандардың қалада білім алуын жеңілдету үшін жүргізіледі. Яғни, қала мен ауыл баласы бір грантқа таласар болса, басым түседі. Бұл – ауыл мектебін бітіргенге берілетін стимул. Дегенмен осы басымдықты пайдасына шешуді көздейтін кейбір жандар аяқасты ауылға аттанады. Мемлекеттік грант негізінде оқу үшін қолдан келгенін жасайды. Демек, көздеген әу бастағы мақсат осыдан-ақ бұрмаланып тұр. Соңғы жылы ғана қатарға қосылатындар аз емес.
• Жеңілдікпен оқуға түстіңіз делік. Сізге оқу орнының қызметкерлері сол кезде ескертуі тиіс. Яғни, егер сіз ауылдың мектебін бітірмегенде, грантқа түспес едіңіз. Мемлекеттің сізге осындай «сый» беріп отырғанын бірден айтуы тиіс. Артынша мұндай жеңілдіктің өтеуі жайлы сөз қозғалсын. 16-17 жастағы жеткіншектің заңды білмеуі мүмкін екенін ескеру қажет. Тіпті заңды біліп тұрса да, түсіндіру жұмыстары қатаң қадағалануы шарт.
• Квота арқылы оқуға түскендер тек ауыл мектебінің түлектері ғана бола алады. Бәлкім, осы тұста өзгеріс қажет шығар. Айталық, қала мектебінің оқушысы мемлекеттік грантта оқып, болашақта үш жыл ауылда жұмыс істеуге келісетін болар?! Егер келісіп тұрса, оған неге жеңілдік бермеске? Әрі екеуара келісім жасалып, мынау секілді шиеленіс азая түсер?
• Мемлекеттік грантпен оқып, бүгінде өтеуіне қатысты мәселемен бас қатып жүргендер ауыл квотасын мүлдем алып тастау қажет дегенді айтып қалды. Тұрсынбек Башар әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология факультетін бітірген. Оқуға түсерде «ақыры ауылдың баласысың, ауыл квотасымен оқи бер» деген екен. «Жоғары оқу орнына кешенді тест тапсырып түстім. 76 балл жинадым. Тапсыратын кезде ауыл квотасы бар екенін айтты. Бар түсіндіргендері – ауылда оқығандарға берілетін жеңілдік. Негізі ауыл квотасына тапсырмай-ақ грант иегері болар едім. Өйткені ұпайым жетіп тұр. Бірақ ауылда оқығаным рас қой деп соған тапсырдым. Оқуға түстік. Оқыдық. Бітірер шақта келісімшарт берілді. Шынында ол құжат оқуға түспей жатып берілуі керек еді. Неге алдын ала айтпағанына таңбыз. Мәселен, өтеуім керегін сол кезде білгенде, гранттан бас тартар едім. Одан қайта бір жыл күтіп, келесі жылы қайта тапсырушы ем. Өйткені үш жылымды ауылда жоғалтқанша, бір жыл жүре тұрғаным жақсы. Келісімшартқа қол қоймайтынымызды айтқанда, ондай жағдайда диплом бермейміз деді. Содан амалсыз қол қойдық. Жұмыспен қамту орталығына барып, ауылдық жерден жұмыс іздейтініміз жайлы айттық. Бос орын жоқ екен. Ол анықтаманы Астанаға жібердік. Кейін қайта-қайта хабарласып, жұмыс бар-жоғын біліп тұратын болдық. Сонымен, арада үш жылға жуық уақыт өтті. Сөйтіп, 2018 жылдың қазанында ескерту хат келді. Бұл мәселенің соңы қалай болары өзіме де белгісіз», – дейді ол.

Тақырыптың тоқетері:

Білім сапасының төмендеп кеткенін екінің бірі талқылайды. Оған педагогика мамандығына бөлінетін грант санының көп болғаны да әсер ететінге ұқсайды. Өйткені қай жерде мүмкіндік мол болса, мақсатсыз тапсыратындар көп. Әрі орташа ұпаймен түсіп кетуге де болады. Осыны біліп алған соң, көпшілік мұғалім болуға «құштар» келеді. Грантты өтеу үшін, болмаса бастысы мемлекет есебінен оқу үшін ғана ұстаз болуды көздеген қаншалықты дұрыс? Ықылас пен ынтасыз берілген сабақтың сәні кірмейді. Үш жыл өткенше күн санап жүрген, қалаға қарап «ұлитын» ұстазды көз алдыңызға келтіріңізші. Ұстаз болу – жүректің батырлығы ма, амалдың жоқтығы ма?

Жадыра АҚҚАЙЫР

Бөлісу: