СПОРТТЫҢ СЫЙҚЫ мен СЫҚПЫТЫ

168
0
Бөлісу:

Мен де ойлайтын едім: осы біздің қазақ спорттың ішіндегі сүйкімді салаларға неге бармайды деп; көркем гимнастика, шахмат, суда жүзу, шаңғы тебу сияқты спорт түрлері тұрғанда бірыңғай төбе­леске – боксқа неге құмар?

Әлеуметтік желіде бел­сенділігімен жиі төбе көрсететін Нұрлан Жанай бауы­рым осы ойымның үстінен дөп тү­сіпті. Ол «Бокс, MMA, ұру-соғу, зомбы­лық, агрессиясы бар спорттың бәрі пост-кеңестік елдерде, Кубада, Кавказ ел­де­рінде қатты дамыған. Осы спорт түр­лерін соңғы кезде қарамайтын бол­дым. Жалпы спорттың өзі үлкен бизнес, жұ­мысы жоқ, ерігіп отырған адам­ға «Хлеб и зрелище» ғой… Спорт­тың ішін­де футбол­ды қатты бақыла­ма­сам да, ставкаға құмар бол­масам да, маңыз­ды матчтарды қарай­мын. Ойын нәти­же­лерін қарап жүремін. Сәл-пәл фанат­ты­ғым бар. Сондай-ақ шахмат пар­­тия­ларын жиі қараймын. Грос­смейс­­тер­­лердің әр қадамынан, такти­ка­сы мен стратегиясынан ләззәт аламын. Таза ми­дың шай­қасын көру – кайф. Деген­мен зорлық-зом­былықты насихат­тай­тын спорт бәрібір миға кері әсерін тигізетінін байқадым. Біреудің екінші біреуден таяқ жеп жатқанын көру, одан ләззәт алу сұрапыл. Жігіттік намыс, на­ғыз ерлердің спорты, анау-мынау деген оймен келіс­пеймін», – деп жазыпты.
Әдетте «біздің халқымыз – өте ақыл­ды, данышпан» деп жатамыз. Әлемде ақыл-ойдың жарысы бар. Шахмат деген. Қазақстандық шахмат­шы Жансая Әбдімәлік Халықаралық шахмат федера­циясының (FIDE) жаңартылған тізімінде қыздар арасында жоғары нәтиже көрсетіп, ол Қа­зақ­станның нөмірі бірінші шахматшысы атанды. Жансая Әбдімәлік әлем­дегі 20 жасқа дейінгі шахматшылар тізімінде көш бастап тұр. Ол ЭЛО рейтингі бойынша «классикада», рапидте (жылдам шахмат: уақыты шектеулі партия) және блиц (жылдам ойын) бойынша алдына жан салмай келеді. Осыған дейін ешбір қазақстандық шахматист әлемдік рейтингте бірден шах­мат­тың үш түрінен озық болмаған екен. Бұл салада Динара Сәдуақасова, Дана Ақатаева деген мықты қыз­дарымыз бар.
Менің курстас досым – Болат Асанов, атақты Кәрішал Асанов­тың ұлы, қазақ жастары арасынан шыққан тұңғыш ха­лықаралық гроссмейстер. Қазақ қыздары ара­сындағы тұңғыш ел чем­пионы – Аида Мүсілімова, ол Орта Азия және Қазақстандағы КСРО спорт шебері атағына ие болған бірінші әйел. Одан кейін Гүлнәр Сахатова шықты. Бұл күнде Англияда тұрады, қазақ қыздары ара­сы­нан тұңғыш халық­ара­лық дәрежедегі спорт шебері. Тәуелсіз Қазақстан­ның тұңғыш чемпионы Ләззат Тәжиеваның ғұмыры қысқа бол­ды.
Олимпиадада коньки, шаңғы, хоккейден, сол тәрізді шорт-трек, фристайл, биатлон, сноуборд сияқты спорт түр­ле­рі­нен әлем жас­та­ры өрше­лене жа­рысады. Шаңғы жа­ры­сынан жалғыз Ердос Ахмадиев қана жүр. Биатлоннан Диас Кенешов, конькимен мәнерлеп сырғанауда Абзал Рақымғалиев көзге түседі. Мә­нер­леп сырғанау спортынан 28 нау­рыз­дан 2 сәуірге дейін Хельсинкиде өт­кен әлем чем­пионатында екі спорт­шы­­мыз бақ сы­нады. Қысқы Олим­пиа­даға қазақ қыздары енді ғана қатыса бастады. Мәнерлеп сыр­­ға­науда Элизабет Тұрсын­ба­ева­ның ғана жұлдызы жанып тұр. Шорт-трек­тен Айдар Бекжанов деген азамат шықты.
Айтайын дегенім: денсаулыққа зиянды спорт түрлерінен гөрі зиялы спорт саласына ойыссақ деген ой. Сыйың мен сықпытыңды бұзғаннан не табамыз? Эстетикаға не жетеді?!

Нұртөре ЖҮСІП

Бөлісу: