Алаңда, бірақ алданба!

425
0
Бөлісу:

Астанада болған қайғылы оқиғадан кейін көпбалалы аналар мәселесі қайта көтерілді. Астана, Алматы және Ақтөбе қалаларында әйелдер бейбіт жиналыс өткізіп, мәселелерін жергілікті билік назарына ұсынды. Онда айтылған ұсыныстардың көбі бес балаға берілетін жәрдемақыны көтеру, баспананы қолжетімді етуге байланысты. Осыған орай, әлеуметтік желілерде «көпбалалы отбасыларға тегін үй беріледі», «жәрдемақы өседі» деген әртүрлі мәтіндегі спам-хабарламалар тарай бастады.

Қоғамдық көңіл-күйге әсер етуге тырысқан белгісіз адамдар whats app желісінде 1 балаға 14 480 теңгеден жәрдемақы беріліп жатқаны туралы хабарлама таратқан. Онда ақпараттың анығын Дәулет есімді азаматтан білуге болатыны жазылып, жәрдемақы алуға қажетті құжаттың тізімі берілген. Көрсетілген нөмер бойынша оның иесімен байланысу мүмкін болмады (телефон өшірулі). Қазір 4-5 балалы анаға айына 10 405 теңге жәрдемақы беріледі. Әлеуметтанушы Айсұлу Молдабекова мем­лекеттік жәрдемақы мөлшерін өзгерту бір күнде жүрмейтінін, бұл тақырыпта ресми мәлімдеме жасалмағанын айтып, халықты жалған ақпаратқа алданбауға шақырды.
– Көпбалалы аналарға берілетін көмек Қазақстан Республикасының «Балалы отба­сыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы» заңнамасында бекітілген. Оған өз­гер­тулер енгізу үшін Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігі заң жобасын дайын­дап, Парламентке ұсынуы керек. Мәжіліс пен Сенаттың қарауынан өтіп, мақұлданған құжат қана Президентке қол қоюға беріледі. Қазір әлеуметтік желіде «көп­ба­лалы ана­лар­ға баспана беру­дің жаңа бағ­­дар­­ла­ма­сы шы­­ғып­ты» деген ақ­па­рат жүр. Менің ойым­ша, аталған мәселеге қатысты жаңа бағдарлама құрылмайды. Бізде тұрғын үй мен жәрдема­қының мәселесін қамтыған атаулы заң жо­ба­лары бар. Көпбалалы аналардың талабын орын­дау үшін тек сол заңдық құжаттарға өз­гер­тулер мен толықтырулар енгізіліп, жеңілдіктер қарастырылуы мүмкін, – дейді сарапшы.
Президенттің тапсырмасымен үкімет жанынан ел азаматтарының табысын арттыру және тұрмыс сапасын жақсарту, көпбалалы отбасыларға қолдау шараларын күшейту жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Алдағы екі ай ішінде жұмыс тобы Пре­зидент тапсырмасын орындау бойынша кешенді шаралар қабылдап, таныстыруы керек.

Динара Тілеубек

Бөлісу: