Ынтымақтың іргесі берік

155
0
Бөлісу:

Палата төрағасы Нұрлан Нығматулин Австрияның Қазақ­стандағы Төтенше және өкілетті елшісі Герхард Сайллерді қабылдады. Тараптар екі ел арасын­дағы қарым-қатынастар­ды дамытудың өзекті мәселелерін талқылады. 

Әңгіме барысында Мәжіліс спикері Австрия – Қазақстанның маңызды стратегиялық әріптесі екеніне екпін түсіре келе, Астана мен Вена арасындағы өзара іс-қимылды одан ары нығайтуға біздің еліміздің үлкен мән береті­нін нықтады.
Дипломатиялық қатынастың 27 жылы ішінде екі ел арасында сенімді саяси диалог пен терең сауда-экономикалық байланыс орнады. Н.Нығматулин атап өткендей, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Авс­трия­ға және Австрия Федералдық Президенті Хайнц Фишердің Қазақстанға ресми сапарлары жан-жақты ынтымақтастықтың дамуы үшін берік іргетасты қала­ды.
Қазіргі уақытта Қазақстанда австрия­лық капиталдың қаты­суы­­мен 150-ге жуық компания жұмыс істейді.
Палата спикерінің пікірінше, «жасыл» технологияларға, туризм­­ге, мәдени-гуманитарлық сала­ларға қоса, парламентаралық өзара ынтымақтастық та екіжақ­ты серіктестікті тереңдету үшін перспективті әрі маңызды бағыт­тар болып табылады.
Нұрлан Нығматулин парла­мент­­теріміздің бейінді комитет­те­рінің, ынтымақтастық жөнін­дегі топтардың ұдайы кездесуі «заң шығару қызметіндегі тәжі­ри­­бемен алмасуға септесеті­нін» жеткізді.
Өз кезегінде Австрия елшісі Қазақстанның «өңірдегі көшбас­шы» екенін атап өте келе, елде­рі­міз арасында жақсы эконо­ми­ка­лық және мәдени-гума­ни­тар­лық байланыстар жолға қойыл­ғанына назар аудартты.
Бұл ретте Герхард Сайллер ЕҚЫҰ-ның «Астана деклара­ция­сы» секілді маңызды құжаты 2010 жылы еуропалық белді ұйымның Қазақстандағы самми­тін­де қабылданғанын тілге тиек етті. Қазақстандық-австриялық қатынастардың әр қырын сөз еткен елші мырза парла­мен­тара­лық ынтымақтастықтың да ары қарай нығаярына сенім білдірді.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу: