«Евгении Онегин» жаңаша тұжырымдамада ұсынылды

251
0
Бөлісу:

«Астана Опера» театры Петр Чайковскийдің «Евгений Онегин» шығар­ма­сын елордалық тұр­ғын­дардың назарына ұсынды. 

Премьерадан бір күн бұрын журналистер мен блогерлерге ұйым­дастырушылар қойылымның дайындығы мен алдын ала көрсе­ті­лімін тамашалауға мүмкіндік сыйлады.
Сөз жоқ, «Астана Опера» – әлемдегі заманауи үлгідегі санаулы театрлардың бірі. Оны жеке спу­тник­тік байланысы барынан-ақ қаншалықты озық екенін аңғаруға болады. Құрылысы екі жарым жылға созылған театр 2013 жылы аяқ­талып, қазақ музыкасының жау­хары – М.Төлебаевтың «Бір­жан-Сара» операсымен ашылған.
Бізге айналдырған екі сағаттың ішінде сахнадан тыс театр тіршілігі таныстырылды. 1250 орындық үлкен зал мен 250 орындық ка­мера­лық залдың қай тұсында отыр­­саң да орындаушылардың дау­сын анық ести аласыз. Демек, 500 теңгелік билет пен 18 мың теңгеге алған орындардың айыр­ма­шылығы тек көріністе ғана.
– Сахна декоративі мен орындаушылардың киімі түгелдей театрдың өзінде дайындалады. Тігін цехы мен бутафорлық цехта жұмыс бір сәт те тоқтамайды, – дейді директордың қоғаммен байланыс бойынша орынбасары Александр Совостьянов.
Сонымен қатар 400 музыкант бір мезетте дайындық жүргізе алатын зал мен 600 хор орындаушы сиятын, қабырғасында автомат­тандырылған дыбыстық панелі бар кешеннің жұмысы таныстырылды.
«Евгений Онегин» операсына келетін болсақ, қойылым 8-9 ақпан күндері өтеді. Қоюшы дири­жеры, Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері – Алан Бөрі­баев бұған дейін де бұл операны Ресей­дегі Үлкен театрда, Израиль­де­гі гастрольдерде дирижер­лік еткен.
– Театрымыздың басшылығы «Евгении Онегин» операсының қоюшы режиссерлігіне италяндық Давиде Ливерморды шақырғанына қуандым. Мықты маман бұған дейін «Турандот» операсын қойғанымен есімізде. Бұл жолы Давид Ливермор өзінің қызықты тұжы­рымдамасын ұсынады. Дири­жер ретінде мен үшін Д.Ливер­мор­дың материалмен жұмыс жасау кезінде партитураға, музыкаға сүйенетіні маңызды, – деді «Астана Опера» театрының бас дирижері Алан Бөрібаев.
П.Чайковский бір түннің ішінде «Евгений Онегин» опера­сы­ның сценариін жазып шығып, музыкасына кіріскен. Композитор либреттоны К.С.Шиловскиймен бірге әріптестікте жасаған. Өлең­мен жазылған Пушкин романынан ол тек пушкиндік кейіпкерлердің ішкі жан дүниесі мен жеке тағ­дыр­ларына байланысты тұста­рын ғана алған.
– Қарапайым махаббат оқи­ғасы шеңберінен алысқа өрбитін шығармада әдеп, ар-намыс және қоғам туралы баяндалады. Біздің қойылымымыз ХІХ ғасырды көр­се­теді. Адами қарым-қатынас­тарды арттырып, өткен заманда бол­ған ұлы құндылықтардың бүгін­гі таңда да өмірімізде болуы мүмкін екендігін еске салу үшін сол дәуірге үлкен құрметпен қа­рай­мыз. Себебі, олар біз жасай­тын таңдау арқылы өміріміздің сапасын анықтайды, – деп атап өтті Давиде Ливермор.
Онегин рөлінде Талғат Мұса­баев пен ресейлік Алексей Исаев өнер көрсетеді. Татьяна партиясын Галина Чеплакова мен Айгүл Ниязова орындайды.

Асқар Бек

Бөлісу: