Қазақ баласының Еуропада доп тепкенін қалаймын

441
0
Бөлісу:

Кез келген заттың жасалатын зауыты болса, адамның қалыптасатын ортасы – мектеп. Сауатты, білімді, мәдениетті адамды қалыптастыруға үлес қосу мақсатында білім беру жүйесіне ұсыныс жасадық. Ұсынысымыз – мектеп пәндерін футбол арқылы үйрету. Яғни, баланың ойынға деген қызығушылығын пайдалана отырып, балаға максималды түрде білім мен тәрбие беру. Әдістеме, әсіресе, бастауыш сынып оқушылары үшін маңызды. Себебі, ойын баласының бірден сабаққа араласуы қиын. Алғашында ұзақ уақыт бір орында отырып үйренбеген бала үшін мектеп қызықсыз болып көрінеді. Сабаққа баруға құлқы болмайды. Осындайда бала психологиясымен әрекет еткен жөн.
Оқушы өзін денешынықтыру пәнінде еркін сезінеді. Балалар арасындағы кең таралған ойын түрі – футбол. Доп теуіп жүрген бала есі кете қуанады. Көңіл күйі көтеріңкі болған соң, стресс азайып, ақпаратты қабылдау қабілеті күшейеді. Есте сақтау қабілеті артады. Ми максималды түрде жұмыс істейді. Мидағы қан айналым ретке келген соң, оның иммунитеті көтеріліп, түрлі аурулардың алдын алады.
Әлемдегі ең мықты білім беру жүйесі Финляндияда десек, финн балалары мектепте көп отырмайды. Олар физикалық белсенділікке көп уақыт жұмсайды.
Мақсатымыз – баланың ішкі әлемін ашу. Мүмкіндігін барынша пайдалануды үйрету. Денсаулығы мықты, білімді жас етіп тәрбиелеу. Баланың физикалық белсендігі жоғары болғанда, өмірге деген құлшынысы зор болатыны ғылыми тұрғыда дәлелденген.
Бұл әдістеме балалар арасында «қиын сабақ» деген түсінікті жояды. Біз балаларға білімді үстемдік ету арқылы үйретпеуіміз керек. Бірге үйренген жөн. Керек болса, біздің де балалардан үйренеріміз көп. Балалар – оптимизмнің қайнар бұлағы. Олардан біз армандауды, сенімді үйрене аламыз. Балаларға максималды шығармашылық еркіндік бергенде, жақсы нәтиже береді. Ойын, оның ішінде футбол балаға жақсы көмекші болады. Мотивация беріп, қолдай білсек болғаны. Қалғанын бала бар ынтасымен орындайды.
Футбол – әлемдегі нөмірі бірінші спорт. Аудиториясы 3,5 миллиардқа жуық. Футбол ұйымы – ФИФА таңдаулы халықаралық ұйым (мүшесі: 211 ел мен ұйымнан тұрады). Футболдың сиқыры – адамдарды бір-біріне жақындастыратынында. Әсіресе, балалар арасында футболдың сиқыры күшті. Бір-бірін танымай, жатырқап тұрған балалар қалай бірге футбол ойнап кеткенін білмей қалады. Біраз уақыт бірге футбол ойнап жүріп, есімдерін кейіннен біледі. Сондай-ақ футбол балаларға тағы не үшін керек? Футбол – әлемдік тәжірибе дәлеледегендей, балалар арасындағы аурулардың азаюына діни, экстремистік, теріс идеологиялық ағымдарға бой алдырмауына, теріс қылықтар мен әдеттердің, бұзақылық пен қылмыстың азаюына себепкер.
Бұл әдістемені Қазақстан – Португалия футбол ассоциациясы әзірледі. Негізін өзім қаладым. Әдістеме маған жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Қазақстан мен Португалия арасын жалғайтын көпір десем де болады.
Ауладағы балалардың футболға деген құштарлығын жиі бақылайтынмын. Кейде өзім бірге ойнайтынмын. Сондағы бала психологиясы мен ынтасы мені таңғалдыратын. Балалармен доп теуіп жүріп, аула лигасын құрдық. Қалалық деңгейде де біраз турнир өтті. Іздестіріп жүріп, Португалияда балаларға арналған Брага кубогы өтетінін білдім. Ауладағы балалардан құралған команданы неге апармасқа деп ойладым. Балаларды жинап, «Арландар» футбол клубын құрдық. 32 команда қатысатын Брага кубогында өнер көрсеттік. Балалардың қуанышында шек болған жоқ. 6-орын алып қайттық. Олар арнайы жаттығудан өткен жоқ. Бірақ бойындағы жігер мен жалын оларды биікке жетеледі. Келген соң жақсылап стратегия құруды қолға алдым. Қазақстан қалаларында іріктеу өткіземін деп шештім. Тараз, Шымкент, Алматы қалаларында іріктеу өтті. Жанарында жалын, алға ұмтылып тұрған балалар алдымнан шығады деп ойладым. Мүлдем олай болмай шықты. Білсеңіз, жылда елімізде Бразилияда доп тебуге мүмкіндік сыйлайтын іріктеу болады. Балалар соған үмітпен барады екен. Алайда таланттар емес, қалталылар өтіп кететіні белгілі нәрсе. Балалардың содан көңілі қалған екен. «Португалияға барамыз, кубокқа қатысамыз» дегенімнен түк шықпады. Содан өзім бірге футбол ойнадым. Көңілдерін көтеруге тырыстым. Қайта үміт отын жаққым келді. Еңбегім ақталып, іріктеу сәтті өтіп, Португалияға бардық. Екінші сапарымыздан 4-орынмен оралдық. Мен үшін де, балалар үшін де бұл үлкен жетістік.
Португалия футбол федерациясымен қоян-қолтық араласуға аталған турнир сеп болды. Түрлі футбол академиясы басшыларымен таныстым. Таныса келе, қазіргі футбол тенденцияларына мән бере бастадым. Неге біздің балалар шетел академиясында білім алып, Еуропада доп теппеске? Осы идеяны жүзеге асыру үшін біраз тер төктім. Нәтижесін алдағы уақытта көре жатарсыздар.Қазақстанда балаларды футболға кәсіби түрде жаттықтыратын кәсіби футбол клубтарының базасы бар. 19 футбол орталығы мен 2 академия, 217 спорт мектебі жұмыс істейді. Онда 32 мың бала футболмен кәсіби түрде шұғылданады. Жалпы, Қазақстан бойынша 400 мыңнан аса бала бұқаралық футболмен айналысады.

Наурыз айынан бастап Астана қаласында іріктеу өткіземін. Іріктеудің мақсаты – талантты тану. Іріктеуге келгендердің арасынан үздік жиырмасын анықтап, бейнетаспаға түсіремін. Бейнежазбаны португалдық мамандар көреді. Ішінен бір-екі баланы ұнатса, өздеріне шақырады. Талантты баланы Португалияға апаруға дайынмын. Егер академияға қабылдаса, біз үшін үлкен жеңіс болмақ. Сол жерде 1-2 жыл тәлім алып, ары қарай Еуроаренаға жолдама алады. Мүмкіндік ала алмаса, елге оралады. Оралғаны

өзімізге жақсы. Шетел академиясында тәрбиеленген футболшы өзімізге келсе, жақсы емес пе? Онсыз да легионерлерге қыруар қаржы жұмсаймыз. Меніңше, бұдан ұтпасақ, ұтылмаймыз. Дайындаған футболшыларымыз Қазақстанға келетін болса: біріншіден, нарық заңдылығымен-ақ легионерлерді алмастырады. Себебі, легионерлер басым бөлігі дамушы елдерден. Олар Португалия секілді әлемдік футбол мектебін көріп келгендер емес. Қазақстан футбол тарихында Германия, Португалия елінен бізге ауысып келген футболшы болмаған. Бұл – айтарлықтай басымдық. Екіншіден, легионерлер арқылы Қазақстан
экономикасынан кетіп жатқан қаржыны тоқтатады. Қазақстандағы футбол бәсекесін арттырады. Үшіншіден, бәсекесі күшті елдерде тәжірибесі шыңдалып, өсе түседі. Нәтижесінде, Қазақстан ұлттық құрамасы күшейеді. Яғни, қатары тәжірибелі футболшылармен толығады.

Фазылбек Әбсаттарұлының Қазақстанда футбол академиясын салсам деген арманы бар. Испания, Германия, Португалиядағыдай озық технологиясы бар орталықтың негізін қаласам дейді. Көпшілігіміз сияқты оның да тілегі бір: қазақ баласының белгілі клубта доп тепкенін қалайды. Месси мен Роналдудың орнын басар ұл қазақтан шықса, несі бар?
Сұхбаттасқан Айзат АЙДАРҚЫЗЫ

Бөлісу: