АТЫРАУЛЫҚТАР «ТАЛАНДЫ» КӨРДІ

188
0
Бөлісу:

Атырауда белгілі жазушы Жүсіпбек Қорғасбектің «Қасқыр – адам» хикаясының желісімен түсірілген «Талан»  толықметражды фильмінің көрсетілімі болды. Кино көруге келген көрерменнің дені жастар болғаны көңіл қуантып, олардың өткен тарихты сана сүзгісінен өткізуге ниетті екенін аңғардық.

Басынан қилы күндер өткізген халқымыздың ХХ ғасырдағы зұлмат жылдарынан сыр шертетін кинотуындыдағы ең басты тақырып дам тағды­ры­на арналады. Киносын­шылар мен зиялы қауым өкілдері тарапынан оң бағасын алып үлгерген «Талан» фильмі­нің режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Қалымбетов, рөлдерде ойнаған белгілі актриса, Қа­зақстанның еңбек сіңірген қай­раткері Шынар Жаныс­беко­ва, актер Оңдасын Бесік­ба­сов атыраулық көрер­менмен киноны бірге отырып көрді.
Қазақфильм» киностудия­сының «Талан» толық­метраж­ды фильмінде ашаршылық жылдарының адам ашындыратын көріністері ашық көрсетілген. Фильм түсірілген жердің табиғатына тамсанып отырып, кенет оқиға желісін көріп жан дүниеңді от шарпып өткендей сезімде боласың. Туынды 1932 жылдың көрінісінен басталады. Алаң­сыз асыр салып, сарышұ­нақ аулап жүрген Тағай мен Керім­нің шамамен 9-10 жас кездері.
Жыраға түсіп кеткен Керім ауылдас ағайындарының өлі сүйектерін көреді. Таласбектің анасының рөлін сомдаған актрисаның талантына тәнті болмасқа амалың жоқ. Біз тұрмақ, жастардың өзі осы рөл арқылы қазақтың дана әйелі­нің бейнесін көргені сөзсіз. Кинода адам тағдыры жан-жақты суреттеледі. Көш тоқта­ты­лып, шиеттей қыз балаға дейін атып өлтірілген көрініс. Керім апанда жападан жалғыз қалып, сол мезеттен бері тауды кезіп, жабайы күн кешкені, Тағайды Қастек ақсақал бала қылып алғаны, бәрі-бәрі – жанды ауыртар көрініс. Арада 13 жыл өтіп, сұрапыл соғыс кезеңі басталды. Тарихи туын­ды болмаса да, тарихтан терең сыр шертеді. Көркем фильмде махаббат та бар. Оның өзі де адам табиғатынан асып кете алмайтынын көңілге бір түй­гізу үшін фильмге арқау еткен.
Керім мен Тағай фильм соңында кездесіп, 13 жыл өтсе де, бір-бірін жазбай таниды. Соңы жақсылықпен аяқталар деп күткен көрерменнің көңілі пәс болып, Керімнің өлімі көңілді қарс айырғаны, бәрі-бәрі қазақтың басынан небір зұлмат өткенін жүректерге жеткізді. Кино аяқталысымен ресми бөлімде сөз алған Қазақстан Жазушылар одағы Атырау филиалының төрағасы, ақын Қойшығұл Жылқышиев «Қазақ­фильм» киностудия­сының төл туындысы туралы ойларын айтып, фильм режис­сері мен актерлерге жұрт­шылық атынан ризашылығын білдірді.
«Талан» фильмінің режис­сері Болат Қалымбетов фильмді түсіру барысындағы қиындықтарын айтып, өнер үшін жанқиярлық ерлік болмаса болмайтынын жас көрермендерге баян етіп, оларды кино саласына келуге шақырды. «Атырауға, қасиетті өңірге келіп қобалжып тұр­мын. Көрермен қошеме­ті­нен киноның ұнағанын аңғарып тұрмыз. Бүгін киноны көруге жастардың көп келгеніне қуанып тұрмын. «Талан» филь­мі енді ғана тәй-тәй басып, алыс-жақын мемлекет­терге көр­сетіліп, жүлделерге ие бо­лып жатыр. Келешекте жетіс­тіктеріміз болады, оған сіздер де атсалыса аласыздар. Кино туралы заң шықты. Бұл кино саласындағы адамдарға шы­ғар­машылығын дамытуға мол мүмкіндік береді. Кино опе­ратор, кинорежиссер боламын деген жастарға Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер университетінің есігі ашық. Биыл «Жастар жылы» сіздерге көп мүмкіндікті пайдалануға жағдай жасайды. «Талан» фильмінің түсірілімін қолдаған «Қазақфильм» кино студиясы­на, киноны еліміздің облыс­тарында көрсетуге қолдау біл­діріп отырған жергілікті атқарушы билікке алғысымыз зор», деді режиссер Болат Қалымбетов.
«Талан» фильмін көрген мектеп оқушысы Тоты Нұрлыбек­қызы «Ұлтымыздың басынан небір қиын замандар өткенін ата-әжелеріміздің айтуынан, кітаптардан оқып білеміз. Ал кинодан көру жүрекке әсер етеді екен. Жас балалар Керім мен Тағайдың, жалпы сол ашаршылық жыл­дардағы адамдар тағдырын көріп отырып, осы уақытта өмір сүріп жүргеніме разы болдым. Өмірдегі көп жағдай­ларды басқаша қабылдауға әсер еткен кино болды. Әженің рөлін сомдаған актрисаның ойыны, қазақ аналарының даналығын тағы бір еске түсір­ді. Киноны түсірген шығарма­шылық ұжымға рақмет», – деп пікір білдірді.

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

Атырау облысы

Бөлісу: