Одақ шешім ұсынғаны жөн

155
0
Бөлісу:

Биыл Елбасы ұсынған еуразиялық идеяға – 25 жыл, ал ЕАЭО туралы шартқа қол қойылғанына 5 жыл толып отыр. Еуразиялық интеграция тек экономикалық өзара тиімді негізде ғана жүруі керек. Сенатта өткен, еліміздің Еуразиялық экономикалық одақтағы сауда саясатын іске асыру мәселелерін арқау еткен Үкімет сағатында Сенат төрағасы Қ.Тоқаев осыны баса айтты. 

Жоғарғы палата басшысы ЕАЭО-ның жаһандық эконо­микалық байланыстар­дағы салмағы артып, халықаралық қоғамдастықта маңызды фак­тор­ға айналғанын айтты. Мүше елдердің ЖІӨ-сінің жиынтықты көлемі 2 триллион долларға жуықтайтын, халқы­ның саны 180 миллионнан асатын бұл одақпен ынтымақ­тастық жа­сауға әлемнің көптеген мемле­кеттері қызығу­шы­лық танытып отыр. Бүгінде Вьетнаммен арада еркін сауда аймағы құрыл­ды, басқа елдермен де осындай аймақты құру жөнінде жұмыстар жүрг­ізілуде.
Сенат төрағасы ЕАЭО елде­рі­нің парламенттері мен үкімет­тері одақтың құқықтық базасын құру жөніндегі жұмыстарды одан ары жалғастырып жатқа­нын еске салды. Әзірге оның аясында қа­былданған 20-дан астам ха­лықа­ралық құжат бес елде рати­фи­кацияланыпты.
Сыртқы ахуалда қалыптасқан қолайсыз жағдайлар мен тәуе­кел­дерге қарамастан, одақ бо­йын­ша ішкі және сыртқы сауда­ның дамуында оң өзгерістерге қол жеткізу мүмкін болыпты. 2018 жылғы қаңтар айынан қа­зан айына дейінгі аралықта Қазақстан мен ЕАЭО елдері ара­сындағы тауар айналымы 7,2 пайызға артып, 15,5 млрд доллар болды.
Қасым-Жомарт Кемелұлы одақ алдында шешімін күтіп тұрған көкейтесті проблема­ларды атады, бұлар – интегра­ция­лық байланыстарды нығай­ту; тауар айналымындағы кедер­гілерді жою; баға қалып­тас­тыру және кедендік реттеу мәселелері; инвестициялық мүмкіндіктерді дамыту.
Ұйым ұдайы ілгері баспаса және дамудың ары қарайғы дұрыс жолын таппаса, тұйыққа тіреледі. Осы орайда былтыр жыл аяқ­талар тұста, 2018 жылғы 6 жел­тоқсанда одаққа мүше Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Беларусь және Армения көш­бас­шылары Еуразиялық эконо­микалық одақ шеңберінде инте­грациялық процестерді одан ары дамыту туралы декла­ра­ция қабылдап, одақтың келешектегі даму бағда­рын айқындады. Атап айтқанда, ЕАЭО-ның ортақ нарығының тиімділігін барын­ша қамтамасыз ету және кедер­гілерді толығымен жою; одақ нарығындағы тауар­лар­дың, көр­сетілетін қызмет­тердің, ка­пи­талдың және жұмыс күшінің еркін айналымындағы шектеу­лерді барынша қысқарту арқылы бизнес пен тұтынушы­ларға арналған мүмкіндіктерді кеңейту – негізгі бағыттардың қатарында.
– Соған қарамастан, әлі күнге дейін мүше мемлекеттер тарапы­нан серіктес елдердің мүдделерін ескермей, ішкі нарықтарын қорғау мақсатын көздейтін шек­теу шаралары орын алып келеді. Одақ аясында еркін саудаға айтарлықтай тосқауыл болып отырған түйткілдердің қатарында өзара сауданы жүзеге асыру, тауарларды транзиттеу және ішкі нарыққа қол жеткізу кезіндегі қиындықтар, жекеле­ген тауарлар­дың әкелінуіне шектеу қою мәселелері, жергі­лікті билік органдары тарапынан жасалатын кедергілер бар, – деді Қ.Тоқаев.
Ол декларациялауды талап ететін кедендік шекаралардың болмауына қарамастан, кәсіп­керлеріміз бірқатар «астыртын» кедергілерге тап болып отырға­нына назар аудартты.
«Мұндай жағдай сыртқы саудаға теріс әсер етеді, бизнес қоғамдастығының еуразиялық интеграцияға деген сенімсіздігін тудырады және интеграцияның дамуына қиындықтар келтіреді. Әлем­дік қаржы және тауар на­рық­тарында орын алған тұрақ­сыз­дық, санкциялық теке­тірестер Еуразиялық одақ­тың интеграция­лық әлеуетіне теріс ықпал етіп жатқаны анық. Бұл мүше мемл­е­кет­тердің сауда-эконо­мика­лық саясатын үйлес­тіру жұмысын оңтайлан­ды­руды талап етеді», – деді Сенат басшысы.

Үкімет «бизнес қоғамдас­тығы өкілдерінің назарын ЕАЭО-ның ортақ нарығын қалыптастыру барысында ашы­латын мүмкін­дік­терге аударуы» қажет-ақ. Әйтпесе, беларустық және ресейлік биз­нес­мендер кең пайдаланатын мүм­кін­дік­тердің барлығын біздің кәсіпкерлер тіпті білмейді де.
Мәселен, алдағы уақытта құрылатын «одақтың электр энергетикалық ортақ нары­ғы­ның» аясында Қазақстан отандық электр энергетикасы саласының экспорттық әлеуетін молынан жүзеге асыра алады. Бұл ретте «Самұрық-Энерго» дерегін­ше, 2018 жылдың қоры­тын­дысы бойынша тек мемле­кетке қарас­ты, осы ұлттық ком­па­ния арқылы басқары­латын электр стансалары ғана 31 мил­лиард 705 млн кВт/сағат қуат өндірген. Ал жалпы алған­да, отандық электр стан­салары өндірген электр энергия­сының көлемі 106 мил­лиард 797 мил­лион кВт/сағатқа жетті. Соның 103 мил­лиард­­тайын Қазақ­­стан өзі тұтынған, қалғаны экспорт­талды.
Бұдан бөлек, 2025 жылға қарай одақта газдың, мұнай мен мұнай өнімдерінің ортақ нарығы қалыптасады.
– Осы бағытқа да ерекше мән беріп қарағанымыз жөн. Біз ішкі нарықта жанар-жағармайдың бөлшек саудадағы бағасының өсуіне жол бермеуіміз тиіс. Одақ ішінде қазақ­стандық тауар­лардың транзиті мен тасы­мал­дануын жеңілдету үшін, сондай-ақ мүше елдердегі серіктестермен бай­ла­ныс­тарды дамыту үшін ЕАЭО-ның 2025 жылға дейінгі «Цифрлы күн тәртібі» аясында цифр­лан­дыру саласындағы бірлескен жоба­ларды іске асыру өте маңыз­ды. Бірыңғай цифрлы кеңістікті дамыту шаралары экономика­лық тұрғыдан нақты нәтижелер беруі тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен бірге, қазақ­стан­дық компаниялар өзіміздің мемлекет­тік тендерлермен шектеле бер­мей, ұйымға мүше өзге елдер­дің сатып алулары нарығын игергені абзал. Өйткені біз­дің мемлекеттік сатып алу­ларды Ресей мен Бела­русь ен жайлауда және отан­дық кәсіп­керлерді солар жиі шаң қапты­рып кетеді. Ал қазақ­стан­дық кәсіпкерлер бұл елдердің тендерлерінен үлкен енші ала алмай отыр. Одаққа мүше мемле­кет­­тердің мемлекеттік сатып алу­ла­ры­на қатысу мүмкіндігі қазақ­стандық бизнес үшін көлемі шамамен 102 миллиард доллар болатын нарыққа жол ашады. Бұл отандық мемлекеттік сатып алу нарығынан 12 есе үлкен.
– Еуразиялық интеграция, ең алдымен, экономикалық ұтым­ды­лыққа негізделуге тиіс. Сон­дықтан экономикалық мүд­де­­лер интеграциялық процес­тердің негізгі қозғаушы күшіне айналуы керек. Қазіргі құбыл­малы кезеңде Қазақстан Үкіметі өз елімізде шығаруға болатын тауарларды сырттан тасудан нарықты ара­ша­лау үшін отан­дық тауар өнді­ру­ші­лерді тиімді негізде қорғауға күш-жігер салу­ы тиіс, – деді Жоғарғы палата төрағасы.
Интеграциялық ұйымдар аясында немесе екіжақты дең­гей­де жүретін келіссөздерде Үкіметі­міз­дің ұстаным-көзқара­сы­ның өзгере бермеуі, табанды әрі тұрақ­ты болуы керегі де атап өтілді.
Үкімет отырысында бұдан да өзге сауда саясатына қатысты өзекті мәселелер көтеріліп, тал­қы­ланды.Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитеті ұйым­дас­тырған Үкімет саға­тына Сенат депутаттары, ұлт­тық эко­но­мика министрі Тимур Сүлей­менов, ЕЭА экономика және қаржы саясаты министрі Тимур Жақсы­лықов, ЕЭА бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөнін­дегі министрі Марат Құсайы­нов, «Атамекен» пала­та­сы­ның өкіл­дері, халық­ара­лық сарапшылар, ғалымдар мен кәсіпкерлер қатысты.
Жиын қорытындысы бойын­ша Үкіметке жіберілетін және Сенат депутаттарының алдағы заң шығару жұмыстарында ескерілетін ұсыныстар әзірленді.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу: