Қолма-қол төлемді шектеу кімге пайдалы?

349
0
Бөлісу:

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлей­ме­нов Үкімет оты­ры­сында сөйлеген сөзінде бақылаудан тыс эконо­мика деңгейін қысқарту үшін Ұлттық экономика және Қаржы министрлігі қолма-қолсыз ақша айналымын арттыруға қажет шараларды қарас­ты­­ратынын мәлімдеді. Оның айтуынша, тауар­лар мен қызмет­тер­ді сатып алу барысында қол­ма-қол төлемге шек­­теу орнатылуы мүм­­кін. Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақы­шев та бұл ұсынысты талқылауға дайын екенін жеткізді. 

Тимур Сүлейменов Президент көлеңкелі экономикаға қарсы күресті күшейтуге ерекше мән бергенін еске салды. Бұл мәселе бойынша шетелдік тәжірибе зерттелгенін айтқан министр «Көбі­не мәселелер қолма-қолсыз төлемнің дамымауынан туындай­ды. Қолма-қолсыз төлем болса, белгілі бір дүкен немесе автосалон­ның операциялары банк транзак­цияларынан көрініп тұрады, сәй­кесінше салықтық реттеу де жеңіл­дейді», – деген пікір білдірді. Оның айтуынша, жылжымайтын мүлік сату барысында тараптар қағаз ақша түрінде есеп айырысып, келісімшартта басқа соманы көр­се­тетін жағдайлар жиі кезде­седі.
– Бізде қолма-қол ақша шешу­ге ешқандай шектеу жоқ. Сондық­тан физикалық тұлға шотынан миллиард немесе үш миллиард тең­ге болса да, ала алады. Мұндай ақшаны қарапайым азаматтар ал­май­тынын түсінеміз. Бұл әдетте жал­ған кәсіпкерлікпен, ақша ше­шу­ге байланысты қандай да бір сызбалармен байланысты болып шығады, – деді Ұлттық экономика министрі.
Министр бұл мәселенің сарап­шылар және кәсіпкерлермен талқыланатынын айтып, ұсыныс­ты енгізудің болжалды уақытын осы жылдың сәуір айы деп белгіледі.
Экономист Мақсат Халық министрдің мемлекеттік бақылауға кірмейтін қаржыға алаңдауын орынды деп есептейді. Оның айтуын­ша, соңғы мәліметтерде Қазақстандағы көлеңкелі эконо­миканың көлемі жалпы ішкі өнім­нің 26 пайызына жуық деп баға­ланған.
– Яғни, ЖІӨ шамамен 57 трлн теңге болса, 14 трлн – көлеңкелі айналымда жүр деген сөз. Жуырда Президент алдында жасаған баян­да­масында Қаржы министрі Қытай­дан келетін импорттық тауарлар мен құжатта көрсетілген сандар арасындағы айырмашылық 7 млрд доллар болғанын айтты. Бұл деректер көлеңкелі экономикамен күрестің кезек күттірмейтін мәселе екенін дәлелдейді, – дейді ол.
Экономика ғылымдарының докторы Рахман Алшанов мәселені шешудің басқа жолдары да бар екенін айтады.
– Министрлік ұсынған шара­ның көлеңкелі экономика мәселе­сін шешуге үлкен ықпалы болады дегенге сенбеймін. Белгілі деңгей­де әсері болары анық, бірақ толық нәтижені болжау қиын. Көлеңкелі экономикаға контрабандалық әре­кет, криминалдық қылмыстар­мен қатар, жұмысын дұрыс жүргі­зіп, бірақ пайдасының бір бөлігін жасы­рып отырғандар да кіреді. Демек, мемлекет бақылауынан тыс қалған қаржыны жарыққа шығару үшін, әр жағдайды жеке зерттеу керек. Қазір банктен жоғары пайыз­дық көрсет­кіш­пен несие алып отырған кәсіпкер, сол ақша­ны өндіріп алу үшін, осындай әрекетке баруы мүмкін. Сондықтан жағдайды талдап қараса, мәселені шешудің балама жолдарын табуға болады.
Экономист Мағбат Спановтың пікірінше, мемлекеттің бағыты дұрыс, тек ескеретін дүниелер бар. «Ұсынысты тиімді іске асыру үшін деофшоризация жүргізілуі керек. Сондай-ақ экономикалық субъек­тілерді басқарудың түсінікті сызбасы болғаны дұрыс. Халық бәрін ақша аударымдары арқылы жүзеге асырып, белгілі аз топ шетелде виллалар сатып алып жатса, бұл көпшіліктің наразылы­ғын тудыруы мүмкін», – дейді ол.
Қаржылық кеңесші Расул Рысмамбетов қолма-қол ақша айна­лымына байланысты шектеуді «эко­номикалық бақылауды кү­шей­туге бағытталған бастама» деп санайды.
– Бұл тек қарапайым тұрғын­дар­дың өмірін қиындата түседі. Ал ірі заңсыз келісімдер ақшаны шығаруға байланысты ешқандай мәселеге кезікпейді. Көлік сатып алу, той өткізетін салтанат сарайы­ның ақысын төлеу үшін азамат­тарға ақшасын банктегі есепшотқа салуға тура келеді. Бізде банктер жиі жабылады. Халық ақшасын салған банк қызметін тоқтатса, не болады? Осыған дейін табыс дек­ла­рациясын енгізу туралы айтыл­ды. Сондықтан аталған бастама көшірмеге ұқсайды. Ұсыныстың логикалық негізі болғанына қарамастан, ол мемлекетке үлкен пайда әкеледі деп ойламаймын. Өйткені халықтың табысын бақы­лаудың және заңсыз операция­лардың алдын-алудың басқа қолайлы тәсілдері бар.
Кәсіпкер Абай Жанатайұлы қолма-қол төлемдерге шектік шаралар қабылдамас бұрын, тек қағаз ақша түрінде есеп айырыса­тын кәсіпкерлерді банк аударым­дарымен жұмыс істеуге көшіру керек деп есептейді.
– Идея дұрыс. Көлеңкелі экономикамен күрестің бір тәсілі – қолма-қолсыз төлемді дамыту. Бірақ оның қалай жүзеге асатыны, заңнаманың аспектісі қандай болатыны қызық. Соңғы уақытта банктердің бірінен кейін бірі жабылып, қиындықтарға ұшыра­ға­нын байқап отырмыз. Осыдан «Банк секторы қолма-қолсыз төлем нарығын реттей ала ма?» деген сұрақ туады. Менің компа­ния­ма әріптес агенттер мен ұйым­дардың басым бөлігі қолма-қол есеп айырысуды пайдаланады. Тек мемлекетпен үнемі банк аударым­дары арқылы жұмыс істейміз. Бұл жеке сектордың басым бөлігі банк комиссиясы, бухгалтер қызметін үйлестіру сияқты қосымша міндет­тер­ден жалтарып, қолма-қол төлем­ге жүгінетінін көрсетеді. Сондықтан қолма-қол төлемдерге шектеу шарасын қабылдамас бұрын, әуелі кәсіпкерлерді есеп­шот­тар арқылы онлайн есеп айы­ры­суға көшіру мәселесін қолға алу керек деп ойлаймын. Бизнес саласының өкілдерімен «осылай жасамасаңдар, жазалаймыз!» деген тәсіл жұмыс істемейді. Оларды әртүрлі шаралар арқылы ынталан­ды­ру керек. Министрлік ұсынысы кәсіпкерлерден салық жинап алу­дың әдісі емес, көлең­келі эко­но­микамен күреске бағыт­тал­ған шара болса жақсы. Өйткені кез келг­ен азамат мемле­кет тарапынан қалтасын қағып алуға талпыныс барын байқаса, заңды айналып өтудің неше түрлі әдісін табады.
Ұқсас ұсынысты 2014 жылы Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер департаменті жасаған болатын. Ол кезде бір айда банк есепшотынан шешуге болатын ақша көлемін физикалық тұлғалар үшін 3 000 АЕК, заңды тұлғалар үшін 10 000 АЕК деп шектеу туралы ұсыныс «жемқорлық деңгейін төмендетіп, салық түсімдерін арттырады» деп түсіндірілді.
Қазір Қазақстан Республикасы­ның «Төлемдер мен төлем жүйелері туралы» заңында ешқандай шектеу көрсетілмеген. Бірақ «Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» заңда көрсетілген бірқатар ақша, мүлік операцияларына қатысты қолма-қол төлемдердің шектік мөлшері бекітілген. Оларды асырған жағ­дайда құзыретті орган қаржылық мониторинг жүргізеді.

Динара Тілеубек

Бөлісу: