Обыр – «өлесің» деген сөз емес

524
0
Бөлісу:

Ісіктер қазіргі таңда ауру адамдар өлімінің негізгі себебі ретінде екінші орында тұр. Адамдардың әрбір бесінші немесе алтыншысы осы қатерлі ісіктен өледі екен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамынша, 2020 жылға дейін әлемде обырға шалдыққандар саны жиырма миллионға жетіп жығылуы мүмкін. Қазақ «жаман ауру» деп атын атаудан сескенетін обырдың бізде де көбейіп бара жатқаны жасырын емес. Қазақстандағы статистика қандай? Жалпы, обырды емдеп жазуға бола ма? Ол қалай пайда болады? Қазақ ұлттық онкология және радиология институтының директоры Диляра Қайдаровамен осы тақырыпта кеңінен әңгімелескен едік. 

– Былтыр қатерлі ісіктен 15 мыңға жуық отандасымыз көз жұмыпты. Онкологиялық ауру­лар­дан болған өлім-жітімнің кө­бей­гені рас. Мұның басты себе­бі неде? Жанына дауа іздеп шетел асатын ағайынның қарасы неге азаймай тұр?
– Бүгінде онкологиялық сырқатқа шалдығу қаупі жоғары. Бұған шылым шеккендер ғана емес, оның түтінін қасында тұрып жұтқандар да, спиртті ішім­діктер ішкендер де қабілетті. Қоршаған ортаның ластануы, канцерогендер мен улы заттар, ультракүлгін сәулелердің әсері, түрлі вирустар, дұрыс тамақтан­бау сынды тағы да басқа фактор­лар себеп. Өкінішке қарай, әлем ғалымдары әлі күнге дейін қатер­лі ісікті емдеп жазатын әмбебап дәрі ойлап тапқан жоқ. Техно­логия мен медицинаның даму қарқынына қарағанда ол күндер­дің де ауылы жақындап қалған болуы әбден мүмкін. Әзірге, қолымыздан келе­тіні – аурудың алдын алу және дер кезінде емделу. Мұның бәрі түптеп келгенде профилактика мен салауатты өмір салтына келіп тірелетін дүниелер.
Өзіміз «жаман ауру» деп атын да атаудан сескенетін обырдың көбейіп бара жатқаны рас. 2018 жылы Қазақстанда 181 мың адам қа­терлі ісікке шалдықты. Па­циент­тердің басым бөлігі – Алма­ты қаласы, Шығыс Қазақ­стан, Қарағанды және Алматы облыстарының тұрғындары. Былтыр бұл аурудан 14 406 отан­дасымыз көз жұмды. Бұл жай ғана статистика емес. Оның артында қанша отбасының тағ­ды­ры, көз жасы, қасіреті тұр. Осы қасіреттің алдын алуға адамдар өздері атсалыспай отыр. Мені осы мәселе көбірек ойлан­дырады.
– «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дейсіз ғой…
– Иә, бұл – ең алдымен, дәрігерлерге деген сенімсіздіктен туындап отырған мәселе. Себебі, көп жағдайда науқасқа диагноз қою мен оны тиісті дәрігердің қабылдауы арасындағы маршрут тым ұзарып кетеді. Кейде білместік салдарынан, тиісті ақпарды бермейтін медицина қызметкерлері де кінәлі болып жатады. Сол себепті, жер-жердегі емханаларды аралап, қызмет­керлерді арнайы барып оқы­тамыз. Қазақстанда әр емханада пациентті қарау каби­неті, онколог-дәрігер бар. Яғни, сон­дағы фельдшер келген адам­ды бірден сол кабинетке кіргізіп, терісін, ауыз қуысын тексереді, жатыр мойнынан онкоцитоло­гия­лық мазок алады. Бұл жерде ол емханаға ауырып келді ме, жай ғана дәрігерге қаралуға келді ме, ол жағы рөл ойнамауы тиіс. «Күлегештің көңілі азбас, күтін­шектің өзі азбас» деген дана халқымыз. Аурудың алдын алуға адам алдымен өзі пейіл болуы керек.
– Қазір бұл схема біздің емханаларда жұмыс істеп тұр ма?
– Әрине, кез келген аймаққа барған кезде ескертпестен емханаларға атбасын тіреп, осы схеманың қалай жұмыс істеп тұрғанын тексеремін. Өкінішке қарай, мына жақтан қанша айтсақ та жергілікті жерлерде нұсқауды орындамайтындар да болады. Тіпті кейбір бас дәрі­герлердің өзі осы алгоритм­нің қалай жүзеге асырылаты­нынан бейхабар болып шығады. Соны­мен қатар емханаларда скрининг мәселесімен айналы­сатын про­фи­­лактикалық каби­нет болуы шарт. Скрининг – ешқандай ауру белгісі жоқ, сау адамды тек­серуден өткізу. Негізінде, ауыр­маудың жолы – осы. Обыр – байқаусызда келетін, 3-4 стадия­сында, өзге органдарға өткеннен кейін, ішкі ағзалардан қан кете бастағаннан кейін белгі беретін ауру. Қазір бізде онкологиялық ауруларды анықтауға арналған үш түрлі скринингтік бағдарлама бар. Олар жатыр мойны обырын, сүт безі обыры мен колоректал рак белгілерін тексеруге бағыт­талған. Жасы 30-дан асқан әйелдер кез келген уақытта емха­наға барып тексеріле алады. Ал 40 жастан бастап сүт безі рагына тексерілуге болады. Колорек­тал рактан 50 мен 70 жас аралы­ғындағы ерлер де, әйелдер де тексеріліп тұруы тиіс. Бұрын әйелдер скринингтен 35 жаста өтетін. Жасы 34-те болса тегін скринингке кіргізбейтін. Қазір осыны қайта қарап, 30-дан асқан кез келген әйелдің денсаулығын тексертіп отыруына мүмкіндік жасадық. Әлбетте, дамыған елдерде қолданылатын заманауи емдеу тәсілдерінің бәрі бізде де бар деп айта алмаймыз. Бірақ елде емдеуге келмейтін ауруларға шалдыққан пациент­терге Денсаулық сақтау министр­лігі тарапынан квота беріледі, шетелде емдеу ақысы мемлекет есебінен өтеледі.
– Осы квота жеткілікті дең­гей­де бөлініп жатыр ма? Қазір қайда барсақ алдымыздан шетелде емделуге ақша жинап, көмек сұраған жандар шығады.
– Егер шетелде емдеу қажет болса, міндетті түрде квота беріледі. Бірақ оны алуға екі аптаға жуық уақыт кетеді. Науқас туралы мәлімет келіп түскеннен кейін анықтама қағазын дайындап Денсаулық сақтау министрлігіне жібереміз. Содан кейін министрлік шешім қабыл­дайды. Ал бізде кейбір пациент­тер осы маршрутты өтуден қина­лады. Былайша айтқанда, диаг­ноз қою үшін науқас тіркел­ген емханасына барып, белгілі бір анализдерді тапсыруы қажет. Оның бәріне мемлекет тара­пынан қаржы бөлініп қойған. Әлбетте, әрбір емханада МРТ, КТ деген сияқты бағасы қымбат зерттеу түрлерін жасауға мүмкін­дік жоқ. Бірақ олардың әрқай­сы­сына осы зерттеулерді жолдама бойынша жасаумен айналысатын арнайы клиника­лар бекітілген. Сонда МРТ-ны тегін өтуге бола­ды. Өкінішке қарай, мұны көбіміз біле бермейміз. Өйткені жергілікті жерлерде дұрыстап түсіндірмейді. Сондықтан әркім өз құқығын білуі тиіс. Сіздер мемлекет басшысының профи­лактикалық шараларды кү­шейтіп, аурудың алдын алуға міндеттегенін білесіздер. Ме­дици­на аурудың алдын алуды қай кезде де тоқтатпайды. Бірақ профилактиканың дәрігерге емес, әр адамның өзіне байла­нысты екенін ұмытпағанымыз жөн. Ол адамның өмір сүру салтына, ішкен тамағына тіке­лей тәуелді.
– Бұрын өзіңіз оңтүстік хал­қы­ның солтүстікке қарағанда обырмен азырақ ауыратынын айттыңыз. Қазір жағдай өзгерді ме?
– Әлі күнге дейін сондай. Онкологиялық аурулар солтүстік өңірлерде көбірек кездеседі. Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Қара­ған­ды облыстары. Шығыс Қа­зақ­­стан мен Қарағандыда өнер­кәсіп орындары көп шоғыр­ланған. Солтүстік Қазақстанда қарттар көп. Рак – егде тартқан сайын көбейетін ауру. Обыр­ға шалдығу көрсетіші Оңтүстік Қазақстан, Алматы облыс­тарында төмендеу. Көп нәрсе тамақтануға, салауаты өмір салтын ұстануға байла­нысты. Мәселен, оңтүстік халқы етпен бірге көк-сөкті көп жейді. Жыл он екі ай күннің шуағына бөленіп жүреді. Ал солтүстікте күн суық, адамдар майлы тамақты көп жейді. Көк-сөк те аз. Қазір біз экологиялық жағдайды ескеріп, Шығыс Қазақстан облысында бір жобаны қолға алдық. Жоба ДДСҰ-ның өкпе обырын анықтауға арналған скринингтік бағдарламасы негізінде жасалды. Бұл скрининг сәулелеу дозасы төмен компьютерлік томо­гра­фия­ға негізделген. Былтыр бір апта ішінде облыстың 250 тұр­ғынын тексердік. Соның ішінде 12 адамнан өкпе обыры анық­талды. Олардың бірде-бірінде ешқандай ауру белгілері болма­ған. Бұл жақсы көрсеткіш емес. Болашақта қосымша ақша бөлініп жатса, тексеру ауқымын кеңейте түскіміз келеді. Жалпы, біз дайындаған кешенді жоспар­да қай өңірде обырдың қандай түрі көп кездесетіні жазылған. Мәселен, еліміздің батысында асқазан рагы жиі кездеседі. Біз сол өңірлердегі қондырғылары­мызға аудит жасадық, дәрігер­лерді оқыттық, гастрофиброс­копия жасауды үйреттік. Енді осы жақта тексеруді бастаймыз. Бұл жобаға шамамен 30-40 млн теңге қажет. Ақтау әкімімен қажетті қаражат бөлу туралы келіссөздер жүргізіп отырмыз.
– Елбасы Ұлттық онкология орталығын салу туралы тапсырма берді. Бұл елдегі жағдайды өзгер­туге септігін тигізе ала ма?
– Заманауи онкологиялық орталыққа деген қажеттілік бары рас. Біз оған мұқият дайындал­дық. Жобаның тұжырымдамасын дайындар алдында әлемнің көптеген елдерінің тәжірибесін зерттедік. Оны жарты жыл жаздық, үздік деген клиника­ларды араладық. Оған Америка, Жапония, Түркия, Оңтүстік Кореяның озық тәжірибе­лері енгізілді. Мысалы, Корея асқазан-ішек обырын, Италия сүт безі обырын жақсы емдейді. Америка сәулелі терапия жағы­нан көш бастап тұр. Біз осының бәрін алып, Астанадағы онколо­гиялық орталықтың тұжырым­да­масына енгіздік. Орталықта болашақта сәулелі терапияның көршілес органдарды зақымда­майтын, дәлдігі 2-3 мм дейін жететін ең заманауи түрі қолда­ны­­лады. Жылына 1600-ге жуық адамға қызмет көрсететін прото­но­терапия орталығын ашамыз. Жалпы, дүниежүзі бойынша осындай 57 орталық бар. Онда балаларға, көзге, сүйек миына арналған сәулелі терапия тера­пия әдісі қолданылады. Бір сөз­бен айтқанда, кейбір нозо­логияларды шетелге жібермей елде емдеуге әрі медициналық туризмді дамытуға мүмкіндік туайын деп отыр.
– Қатерлі ісіктің бастапқы белгілері қандай? Оны қандай белгілерге қарап білуге болады?
– Өзіңіз айтқандай, қоғам бұл аурудан жаппай қорқып отыр. Бірақ оның алдын-алуға да бел шеше кірісіп отырған жоқ. Ары-беріден соң, обыр деген «өлесің» деген сөз емес қой. Жы­лы­на бір рет дәрігерге қаралып тұруды әдет қылу қажет. Ай сайын, сенбі күндері ашық есік күндерін өткіземіз. Бұл, әсіресе, таң атқаннан кеш батқанша босай алмайтын, жұмысбасты адамдар үшін өте ыңғайлы. Скринингтік зерттеу­лер жүргізу арқылы қатерлі ісіктің көптеген түрлерін ерте анықтауға болады. Мысалы, сүт безі обырын бастап­қы кезеңде анықтаған жағдайда науқас­тардың 94 пайызын толық емдеп жазуға болады. Ал емге кететін шығынды 200 есеге қысқартуға мүмкіндік туады.
Қазақстанда онкологиялық аурулардың сүт безі, жатыр мойны, тік ішек, асқазан және өңеш, простата безінің қатерлі ісігі сынды түрлері кең таралған. 2018 жылы сүт безі қатерлі ісігі­нен 315 әйел көз жұмды. Өкпе рагы 754 адамның, ұйқы безі обыры 202 науқастың өліміне себепші болды.
Былтыр күзде Онкология институтында Check-up бағдар­ла­масын қолданысқа енгіздік. ПЭТ-орталығы іске қосылды. Ауру қанша ерте анықталса, оны емдеу де соншалықты оңай бола­тынын ғылым да, уақыт та дәлелдеді. Көпшіліктің обырды үкім ретінде қабылдайтыны жасырын емес. Бірақ күн сайын дамып жатқан медицина мен ғылым онкологиялық аурулар­дың басым бөлігін емдеуге мүмкіндік ашты.

Сұқбаттасқан
Гүлжан РАХМАН

Бөлісу: