Мемлекет пен қоғам арасындағы көпір

Қоғамдық даму министрлігінің ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Азаматтық Альянсымен бірлесіп, қоғамдық кеңестің II Республикалық Мәжілісі жұмысын бастады. Басты мақсат – оң тәжірибе алмасып, қоғамдық кеңестердің қызметін жетілдіру бойынша ұсынымдар әзірлеу. Сондай-ақ қоғамдық кеңестер мен мемлекеттік органдар арасындағы ынтымақтастықты одан ары дамыту үшін механизмдердің бағыттарын да айқындау қажет.
Іс-шараға қоғамдық кеңестер өкілдері, сарапшылар қауымдастығы, ҮЕҰ, мемлекеттік органдардың және халықаралық ұйымдардың басшыларынан құралған, жалпы саны 300-ден астам адам қатысты. Естеріңізге сала кетейік, қоғамдық кеңестер – мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы диалогтың нысаны ретінде 2016 жылы «100 нақты қадам» ұлттық жоспарын іске асыру шеңберінде құрылған еді.
Бұл мемлекеттік емес институттар – мемлекеттік шешімдерді қабылдаудың ашықтығын арттыруға бағытталған консультатив-кеңесші, қадағалау органдары. Елімізде республикалық және жергілікті деңгейде 229 қоғамдық кеңес бар. Атап айтқанда, республикалық деңгейде – 16, облыстық деңгейде – 213. Олардың жұмысына 3907 адам қатысады.
Қоғамдық кеңестер азаматтардың құқықтары, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты 12 мыңнан астам нормативтік-құқықтық акті жобасын қарады. Мемлекеттік қызметтер сапасы, және басқа да мәселелер бойынша 1069 қоғамдық тыңдау ұйымдастырылды. Осыдан екі ай бұрын Азаматтық форум өткен еді. Ол жерде Мемлекет басшысы азаматтық қоғам саласын дамытуға бағытталған бірқатар ірі тапсырмалар берген болатын. Форум нәтижесінде азаматтық сектормен жұмыс, институттар мен заңнамаларын жаңғырту жолдары көрсетілген хаттамаға қол қойылды. Енді алдағы екі жыл бойы үкіметтік емес ұйымдардың қызметін цифрлық қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіледі.
Қоғамдық даму министрі Дарxан Кәлетаевтың айтуынша, қоғамдық кеңеске мүше азаматтардың белсенділігін арттыру үшін мотивация қажет. Соның ішінде ақшалай стимулды да қолдануға болады. «Қоғамдық кеңес мүшелерінің арнайы рейтингін енгізу ұсынылып отыр. Сонда әрбір мәселе, петиция, қоғамдық тыңдау үшін үкіметтік емес ұйымдарға немесе жеке тұлғаларға ұпай беріледі. Осы жұмыстың нәтижесінде, үкіметтік емес ұйымға сыйақы беріледі. Ол үшін мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс, гранттар мен сыйақылар туралы заңнамаға өзгерістер енгізіледі», – деді Кәлетаев қоғамдық кеңестердің II республикалық мәжілісінде.
Оның сөзіне қарағанда, қоғамдық кеңес отырыстарына қатысу ережесін де күшейту көзделген. Мәселен, кеңес мүшесі үш отырысқа келмесе, оны кеңес құрамынан бірден шығарып тастайды. «Ондай азамат басқа кеңестерге де мүше бола алмайды. Ал құзіретті мемлекеттік орган «қара тізім» жүргізеді. Трансформацияның нәтижесінде орталық мемлекеттік органдардағы кеңестер – 35 процентке, ал облыс деңгейіндегі қоғамдық кеңестер 25 процентке кеңейеді деген болжам бар. Қалалық және аудандық кеңестер шамамен 20 процентке оңтайландырылады. Сонда қоғамдық кеңестердің тиімділігі артады.
Қазір «Қоғамдық кеңес туралы» заң жобасы әзірленіп жатыр. Осы жылы маусым айында аталған құжат Парламент Мәжілісіне енгізіледі» деді сала министрі. Тағы бір айта кетерлігі, бүгінгі жиында Дарxан Аманұлы қоғамдық кеңестердің негізгі проблемаларын атады. Оның айтуынша, қазіргі қоғамдық кеңестер «ақсақалдар жиналысы» болып кетті. Сондай-ақ министр республикалық маңызы бар үш қалада жастарға арендалық баспананы тарату мерзімі туралы айтты.
Айша ЕРСҰЛТАН