«ЕГІЗ ЖҮРЕК» ОҚЫРМАНҒА ЖОЛ ТАРТТЫ

277
0
Бөлісу:

Алматыда белгілі журналист, публицист, «Жаным менің» сериалының авторы Арман Сқабылұлының «Егіз жүрек» атты кітабының тұсаукесер рәсімі болды. Салтанатты жиын қаладағы Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасында ұйымдастырылды. 

Кешке кітап авторының замандас достары, әрі елімізге танымал май­тал­ман журналистер Серік Жан­бо­лат, Серік Абас-Шах, жазушы Бейбіт Сарыбай, «Жаным менің» сериа­лының режиссері Бақыттас Санитас, белгілі сценарист Жәмит Көшербаев қатысты. Кеш барысын­да «Қазақ­стан» Ұлттық арнасы эфи­рі­нен беріліп, көпшіліктің жүре­­гінен орын алған «Жаным ме­нің» сериалы, енді ғана шығып отырған «Егіз жүрек» кітабы жа­йын­да автор ағыл-тегіл сырымен бөлі­сіп, оқырман қауым­мен еркін сұхбаттасты. Сөз сөйлеген арнайы қонақтар да автор шығар­ма­шылығы туралы ой өрбітті.

– Арман – оқырмандандардың заманауи сұранысын меңгерген, соған сай шығармашылық өнім ұсына алатын жазушы. Алғашқыда Фейсбук әлеуметтік желісінде жариялап бастап еді, оның оқыр­ман­дарының қатары ә дегеннен ар­тып шыға келді. Тіпті әдейі бірер күн жазбай қалса, шулап, іздеп, авторға сұрау салып жатты. Мұның өзі көркем дүниеге көпшілік тара­пынан сұраныс бар екенін көрсетеді. Тиісінше, Арман да әлеуметтік желі арқылы оқырман жүрегін қалай баурау керек екенін дәлелдей алды. Алдымен «Жаным» хикаясы жарық­қа шыққан. Міне, енді «Егіз жүрек» те алдымен желі арқылы оқырман­дар­мен қауышып, сосын кітап бо­лып шығып отыр. Арманды хи­каят жазудың қазіргі заманғы ше­бері деп айта аламын. Себебі, оны адамдар іздейді. Сүйіп оқиды, – дейді Серік Жанболат.

Автордың өзі жаңа кітапқа арқау болған тақырып ойламаған жерден туындады дейді.

– Хикаяттағы қос ғашықтың ұрпа­ғымен кездейсоқ кезігіп қалып, осы әңгімені естіген едім. Қызық болған­да, сол адам кейін бір жұмыс­тары­мен біздің кеңсеге келіпті. Мұндай мүмкіндікті құр жібермейін деп оқиғаның жай-жапсарын тәп­піш­теп сұрап алдым. Сосын зор құлшыныспен қағазға түсірдім, – деді автор.
Арман Сқабылұлы өзін жазушы деп атап жатқандарға да көзқарасын білдірді.

– Шығармашылықты қолдан жасай алмайсың. Ол көңілдің серпі­ні­мен, жүректің қалауымен туады. Оған зорлық жүрмейді. Бірақ өзімді жазушымын деп атауға соншалық құмар емеспін. Бұл ретте мен «на­шар жазушыдан, жақсы журна­лист артық» деген ұстанымдамын. Жаз­ған­­дарымның бағасын оқырман береді. Олардың көңілінен шығып, ықыласына бөленсек, одан артық бақыт жоқ, – деді автор.

Абай АЙМАҒАМБЕТ

Бөлісу: