Қызмет сапасын бәсеке ғана көтереді

131
0
Бөлісу:

Отандық медицина саласындағы реформалар қалай жүзеге асып жатыр? Келесі жылы іске қосылатын медициналық сақтандыру жүйесі несімен тиімді? Пациент жауапкершілігі, бала денсаулығына қатысты ата-ана жауапкершілігі қай деңгейде? Осы және өзге де сауалдарды Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры төрағасының орынбасары, денсаулық сақтау саласының сарапшысы Ерік Байжүнісовке қойдық. 

Реформа қоғам санасын өзгертуді көздейді 

Ерік Әбенұлы дәрігер-хирург, сала шенеунігі – вице-министр бо­лып қызмет еткендіктен, меди­ци­на­мыздың бүгінгі ахуалын жақ­сы бі­ле­ді. Сондықтан да әңгімені әрі­ден – тәуелсіздік алғалы бері салада жүр­гізілген реформалардан бастады.
– Денсаулық сақтау саласында үш мемлекеттік бағдарлама болды. Алғашқы мемлекеттік бағдарлама ауруханалар мен емханалар салуға, медициналық қондырғылар мен жабдықтар сатып алуға бағыт­тал­ды. Өйткені сол жылдары көп­про­фильді медициналық нысандар қа­жет еді. Одан кейінгі бағдарлама Бі­рыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру мәселесіне арналды. Үшінші, яғни қазіргі мем­лекеттік бағдарлама алғашқы меди­циналық санитарлық көмекті ұйым­дастыру, денсаулық сақтау саласын бюджеттен жекеменшікке өткізуге бағытталып отыр. Соның ішінде әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі де бар. Қолда­ныстағы мембағдарлама дәрігер мен пациенттің, жалпы қоғамның медицинаға қатысты түсінігін өз­гертуді көздейді. Сол себепті де, бұл бағдарламаны ең күрделі ре­форма деп атаймын, өйткені, адам сана­сын өзгерту оңай емес, – дейді Ерік Әбенұлы.

Бізге қандай медицина керек?
Алдағы уақытта денсаулық сақ­тау саласына жалпы ішкі өнімнің 5 пайызын бөлу туралы сөз қозға­лып жүр. Бұл, әрине, жақсы жаңа­лық. Қазіргі күні бұл көрсеткіш 2,9 пайызды құрайды. Ерік Байжү­ні­совтің пікірінше, саланы дамы­туда ақша маңызды емес.
– Денсаулық сақтау саласына ақша ешқашан жеткен емес. Мы­са­лы, АҚШ-та денсаулық сақ­тау саласына жалпы ішкі өнімнің
16 пайызы бөлінеді, бірақ ол елдегі халықтың 10 пайызына медицина қолжетімді емес. Жалпы, ақшаны көп бөлгенімен, медицина сапасы көтеріліп кетпейтінін ең алғашқы мембағдарлама дәлелдеді. Әсілін­де, ақша реформаланған салаға салын­са ғана нәтиже береді. Сон­дықтан қазір қаржы көлемін екі есе кө­бейтсек те нәтиже көрмейміз. Се­бебі, салада бәсеке дамымаған. Жүйе пациентке бейімделмеген. Біз­ге пациентке бейімделген меди­цина керек. Ол үшін ауруханалар мен емханаларымыз бюджеттен берілген ақшаны жалақы, ком­му­налдық төлемге төлеп отыра бер­мей, табыс табуды меңгергені жөн.
2018 жылға дейін саланы ми­нистрлік қаржыландырды, енді ақшаны Қор береді. Сонда не өзгереді деген сұрақ туындайды. Әрине, бір қарағанда айтарлықтай ештеңе өзгермеген сияқты, ал іс жүзінде салаға келіп жатқан жеке­меншіктің үлесі екі есе көбейді. Соңғы екі-үш жылда жекеменшік медицина орталықтары қаулап өсті. Міне, осындай орталықтарда білікті мамандар көбейгенде өзара бәсеке пайда болады. Бәсеке бар жерде сапа көтеріледі. Өйткені, пациент өзіне ұнаған емхананы, өзі қалаған дәрігерін таңдай алады. Таңдап та жүр. Соның бір мысалы, бүгіндері мемлекеттік емханаға тір­келушілер саны бұрынғыдай
50 мыңнан көп емес. Уақыт өткен сайын бұл цифр азая береді. Ал бұл процесс бюджеттік емхана менед­ж­менті үшін тиімсіз. Өйткені па­циенттер саны 30 мыңнан азайып кетсе, онда ол мекеме емхана ста­тусын жоғалтады, алғашқы ме­ди­циналық көмек көрсету пункті ғана болып қалады. Сондықтан емхана персоналдары сізді өз емханасында алып қалу үшін науқас мүддесіне жұмыс істей бастайды. Табыс керек пе, сапалы қызмет көрсет принципі алға шы­ға­ды. Бүгіндері Оңтүстік өңірлер мен Қарағанды, Шығыс Қа­зақстан облыстарындағы ауыл­дар­да да жекеменшік емханалар ашы­лып жатыр. Бұл да бәсекені да­мытады деп сенемін, – дейді.

Бала құқына қол сұқпайық
Инфекциялық аурулар әлі де өзекті мәселе күйінде қалып отыр. Дифтерия мен шешектің қандай ауру екенін біліп өскен ұрпақ екпеге түсінікпен қарайды. Ал тоқсаныншы жылдан кейін ту­ғандар инфекция қаупін білме­ген­діктен, екпе егуге қарсы. Олардың бірі – діни мотивті алға тартса, екіншісі – екпенің «зияны» туралы «әдебиеттерді» тықпалайды. Діни мотив дегеннен шығады, Түркия да мұсылман елі. Ал бұл елде екпе са­ла­сың ба, жоқ па деп сұрамайды, егер баланы екпеге уақытында әкел­месе, онда ертесіне ата-ана­сы­на соттан жауапқа тартқан хат келеді.
Ерік Әбенұлының айтуынша, күні кеше ғана елді алаңдатқан қызылша қайғының зоры емес, ал егер дифтерия белең алса, адамды құтқару қиынға соғады.
– Себебі, бұл аурудың өлімге әкеп соқтыру пайызы өте жоғары. Біздің буын дәрігерлері кез келгені дифтерия асқынғанда шұғыл түрде кеңірдекті тесіп жіберу тәсілін бі­ле­ді. Ал трахеямен өмір сүру оңай емес. Сонда ХХІ ғасырда біз осыған жол береміз бе? Қоғам тас дәуірінде өмір сүре ме әлде екпе салдырып, бала қауіпсіздігін қамтамасыз ете ме, осы­ның ара жігін ашып алуымыз керек.
Екпе салдырмаған адам орта­сына қауіпті. Себебі, кез кел­ген инфекцияны екпе алмаған бала да тез қабылдайды. Бала екпе ту­ралы шешім қабылдай алмай­тын­дықтан, бұл жерде жауапкершілік ата-анаға жүктеледі. Ал қатерлі аурулар өткен ғасырда қалып қой­ды деу дұрыс емес. Ол бактериялар ешқайда жоғалып кеткен жоқ – шешек, тырысқақ, оба, туберкулез таяқ­шасы айналамызда ұшып жүр. Біз екпе салдырғандықтан қорға­нып отырмыз. Екпе салдырма­ған­дар иммунитеті әлсіресе бұл ауруды тез қабылдайды. Ендеше баланың өмір сүру құқына қол сұқпау қажет. Егер жылдар өте келе бала ер жет­кенде ауырса, екпе алмағаны үшін ем қонбай жатса, ата-анасынан жәу­теңдеп тұрып сұраса: «бала ке­зімде маған неге екпе салдырма­дың­дар, денсау­лы­ғымды неге ойла­ма­дың­дар?» десе, ата-анасы не деп жауап береді?..
Жатыр ісігіне қарсы екпеге де қарсылық бар. Алайда екпенің бұл түрін барлық ел салғызып жатыр. Шетелдер қатерлі ісік тұқым қуа­­­­лайтын отбасыларда қызды бы­лай қойғанда, ұлдың өзіне екпе сал­­­ғы­зады. Сондықтан дәрігер ретін­де қатерлі ісікпен ауырған ада­мы бар әулеттерге екпені өз ер­кімен ­жа­са­­ту­ға кеңес беремін, – дейді сарапшы.

Жұмыссыз науқас тегін емделе ме?
Әлеуметтік медициналық сақ­тандыру қорына өз-өзін жұ­мыс­пен қамтыған топ Бірыңғай жи­ынтық төлем (БЖТ – төрттө­лемді бірік­тір­ген жинақ. Оған жеке табыс салы­ғы, міндетті зейнетақы жарнасы, міндетті әлеуметтік ме­дициналық сақтандыру төлемі, әлеуметтік сақ­тандыру аударымы кіреді) арқылы ақша аударады. Республикалық маңызы бар қа­ла­ларда және облыс орталық­та­рындағы БЖТ мөлшері – 1 АЕК (2019 жылы – 2 525 теңге), ел­ді­ме­кендерде 0,5 АЕК (2019 жы­лы – 1 263 теңге) деп белгіленген. Бұл өз-өзін жұмыспен қамтығандар үшін міндеттелмейді. Осы құқықты пайдаланып төлем аудармағандар ме­дициналық қызметтен қағыла ма?
– Жұмысы жоқ адам жұмыссыз ретінде тіркеліп, сол құжат арқылы толыққанды медициналық көмекті алуына болады. Егер уақытша жұмыссыз болса, БЖТ төлейді де, емін ала береді. Тіпті еш жерде тұрмаймын, еш жерге тіркелмеймін деген адамға жедел жәрдем арқылы алғашқы медициналық көмек тегін көрсетіледі, медсақтандыру ту­ралы әңгіме содан кейін ғана қоз­ғалады. Сондықтан бұл мәсе­леде алаңдай­тын ештеңе жоқ. Оның үстіне БЖТ еліміздегі 18 мил­лион адамның 200 мыңына ғана қатысты. Үкімет бел­гілеген мөлшерді ай сайын төлеп тұрса, қи­ындық жоқ. Ол жобамен жылы­на 12 мың теңгені құрайды. Бізде қазір 12 мың теңге тұратын меди­циналық көмек өте аз. Ең қа­ра­­пайым аурудың емі 30 мыңнан асады. Ал күрделі операциялар 40-50 млн теңге тұрады. Қан рагы, лейкоздың емі 300 мың доллардан асады. Үкімет сол ақшаны бөліп, науқастарды емдетіп жатыр. Сонда өзін-өзі жұмыспен қамтыған адам­ның төлеген 1500 теңгесі теңізге тамған тамшы ғана. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры­ның атауындағы «әлеуметтік» деген сөз қазақтың асары сияқты ғой, бір қорға жинаған ақшаны науқастарды емдеуге жұмсайды. Ал асар халқы­мыздың қанында бар, – дейді.

Қор қаржысын бөлуге халық та ықпал ете алады
– Әлеуметтік медициналық сақ­тандыру қорының басқа ұйым­дардан айырмашылығы, қор па­циент үшін жұмыс істейді. Қор қаржысы науқасқа жақсы жағдай жасаған, сапалы қызмет көрсеткен ауруханаға бөлінеді. Ал қызмті нашар мекемеге қатысты шағымы болса, пациент Қордың уатсап же­лісіндегі номеріне, әлеуметтік же­лілердегі парақшаларына қал­ды­ра алады. Әрбір өтініш пен ша­ғым, сын, ой-пікір біздің жүйеге тірке­леді. Әр ауруханаға айтылған ескер­ту қаржыға қатысты шешім қабыл­дарда ескеріледі. Денсаулық сақтау саласын жақсартқымыз келсе, бә­ріміз осылай бірге жұмыс істеуіміз керек, – дейді Ерік Байжүнісов.
Оның айтуынша, емделушілер ауруханаға жатқан соң, толық жа­зылмасақ та 5-7 күннен кейін шы­ғарып жіберді, қалған емді үйден жалғастыратын болдым деп шағым­данады екен. Енді осы олқылық жойылады.
– Медициналық сақтандыру арқылы үздіксіз реабилитация цик­лына қол жеткізгіміз келеді. Мәсе­лен, инсульттен кейін реа­би­лита­циялық кезең бір жылды құ­райды. Науқас толық жазылғанға дейін оған осы бір жыл бойы қор­дан қаржы төленеді. Әрине, соңғы жылдары отандық меди­цинада көп жұмыс істелді. Нәтиже де бар, же­тістігіміз де жоқ емес. Өкінішке қа­рай, адамдар тек кемшілікті кө­ріп үйренген, – дейді Е.Бай­жү­нісов. Сондықтан мақала со­ңын отандық медицинаның соңғы 10-15 жылдағы жетістігін жазып, жақсы нотада тәмамдауды жөн көр­дік. Сонымен, елімізде лейкоз­бен ауыратын балалардың өмір сүру мүмкіндігі 75-80 пайызға көте­рілді. Тоқ­саныншы жылдары мұндай диагноз қойылған баланың аман қалу көрсеткіші нөлге тең еді. Тағы да сол тоқсаныншы жылдары жылына 90 мың адам инфаркт пен инсульт­тен көз жұматын. Қазір бұл көрсет­кіш 30 мыңға түсті. Сәбилер өлімі 45-тен 10-ға азайды. Емізулі балаға операция жасалады – олар толық­қанды өмір сүріп жатыр. Жылына 30-40 жүрек ауыстыру операциясы жасалады.

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ

Бөлісу: