БИЗНЕС БАСТАУҒА МҮМКІНДІК МОЛ

164
0
Бөлісу:

Бүгінде елімізде өз ісін бастағысы келетін, жеке бизнесін ашуды қалайтындар күн санап көбейіп келеді. Шағын және орта бизнес секторы ел экономикасының маңызды бөлігі саналады. Қазір кәсіпкерлікті дамытуға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіледі. Соның ішінде шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін шағын несиелеу оң нәтиже беріп жатыр. Осы орайда бизнесті қолдау мен дамытуға бағытталған «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасының кәсіпкерлерді қолдауға қосқан үлесі зор екенін айта кету керек.

Өткен жылы бағдарлама аясында шағын және орта бизнесті дамытуға 46 млрд теңге бөлініп, 2 600 жоба жүзеге асырылды. Нәтижесінде, экономикадағы шағын және орта бизнес үлесі 29 пайызға, жұмыспен қамту 6,3 пайызға, сондай-ақ өнім өндіру үлесі 18,3 пайызға артты. Бағдарлама мақсаты – экономиканың шикізаттық емес секторындағы өңірлік кәсіпкерліктің тұрақты және теңгерімді өсуін қамтамасыз ету және бар жұмыс орындарын сақтау, тұрақты жұмыс істейтін жаңа жұмыс орындарын құру. Енді аза­мат­тардың өз ісін ілгерілетіп, кәсібін кеңей­туіне одан ары мүмкіндік арта түспек. Се­бебі, Елбасы өткен жылғы Жолдауында «Биз­нестің жол картасы – 2020» мем­ле­кеттік бағдарламасын 2025 жылға дейін ұзартуға тапсырма берді.
«Бағдарламаның қолданылу мерзімін 2025 жылға дейін ұзарту керек. Осы бағдарламаны жүзеге асыру үшін жыл сайын қосымша кемінде 30 миллиард теңге бөлуді қарастыру қажет. Бұл 3 жыл ішінде кемінде 22 мың жаңа жұмыс орнын ашуға, 224 миллиард теңге салық түсіруге және 3 триллион теңгенің өнімін өндіруге мүм­кін­дік береді», – деді Президент.
Бағдарлама аясында кәсіп бастағысы келетіндер мен жұмыс істеп жатқан кәсіп­керлерге қолдау бар. Мәселен, қысқа­мерзімді курстарды тамамдап, сертифи­катқа ие болған адам сертификат арқылы жеңілдікпен шағын несие ала алады. Егер бизнесіңіз бағдарламаға қатысу­шыларға арналған экономиканың басым салала­рының тізіміне енсе, екінші деңгейлі банктерде несие рәсімдеу кезінде пайыз­дық мөлшерлемені субсидиялау, несиеге кепіл беру сияқты мемлекеттік қолдауға ие боласыз. Бағдарламадағы эконо­ми­каның басым секторларына агроөнеркәсіп кешені, кен өндіру өнеркәсібі саласындағы техникалық қызметтер, жеңіл өнеркәсіп және жиһаз шығару, құрылыс мате­риалдары мен металл емес өзге минералды өнімдер өндіру, металлургия, металл өңдеу, машина жасау, электрмен жаб­дықтау, газ, бу беру және ауа сорғызу, су жинау, өңдеу және тарату, канализация жүйесі, қалдықтарды жинау, өңдеу және тазарту, қалдықтарды іске жарату, қал­дықтарды жою саласында қайта куль­тивациялау, көлік және қойма қызметі, туризм, ақпарат және байланыс, кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет, білім, денсаулық сақтау және әлеуметтік қыз­меттер, өнер, көңіл көтеру және демалыс, компьютерлерді, жеке пайдалану заттары мен тұрмыстық тауарларды жөндеу жұ­мысын ұсыну кіреді.
Жақында ғана Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов министрлік шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесін ұлғайту бойынша жүйелі жұмысты жалғастыра­тынын айтты. Бас экономистің айтуынша, енді бизнес үшін кедергілерді жою жұмысы жанданып, бөлінген 600 млрд теңге бо­йынша өңдеу өнеркәсібіндегі, агро­өнер­кәсіп кешені өндірісі мен қайта өңдеудегі және қызмет көрсету саласындағы жеке кәсіпкерлік субъектілерінің жобаларын кредиттеу бағытында практикалық жұмыс басталып, оның кем дегенде 100 млрд теңгесі шағын және орта бизнес жоба­ларына бөлінеді. Қаражаттың мақсатты пайдаланылуы да бақылауға алынбақ.
– «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының игілігін көріп жатқан кәсіпкер көп. Мәселен, Қызылорда қала­сында орналасқан «Квант» механикалық зауыты аталған бағдарлама аясында қолдауға ие болып, бизнесін жандандырып отыр. Компания металл өңдеумен, метал­дан түрлі бұйымдар жасаумен, техникалық газ, соның ішінде азот, оттегі, көмірқышқыл газы, аргон, гелий және пропан жеткізумен, электр қозғалтқышы, трансформатор, генератор жөндеумен, тағы да басқа қызмет түрімен айналысады.
– 2002 жылдан бері бизнестің әр тү­рімен айналысып келеді. «Зауытты жаңа­лап, қажетті құрал-жабдықтармен қамта­масыз ету керек болды. Осы мақсатта мем­лекеттік бағдарламаның көмегіне жүгініп, 100 млн теңге қаражат алдым, – дейді зауыт бас­шысы Жаңабай Бекішов. Аталған бағ­дарлама бойынша 7,25 пайыз­дық мөлшер­лемемен субсидияға қол жеткізген зауыт қазір 50 адамды жұмыспен қамтып отыр.
«Еңбек деген байлық бар, ерінбеген жететін» демекші, қол қусырып отырмай, ерінбей еңбек еткен адам ғана табысқа жетеді, жұмысының жемісін, кәсібінің нәсібін көреді. Жас та болса, кәсіпкерлік­тің сырын меңгерген нәзік жандылардың бірі – Айзат Қожабаева. Бүгінде ол Пав­лодар қаласынан жеке сұлулық салонын ашқан. Көптен бері ойында жүрген арман-мақсатына жету үшін Айзат «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында несие алуға шешім қабылдайды. Оның бұл идеясын отбасы да құптап, қолдау көрсетеді.
Қазір қыз-келіншектер арасында кең тараған әрі тұтынушысы көп кәсіптің бірі – сұлулық салоны. Бір қарағанда оңай көрінгенмен, оны жүргізу, клиент тарту оңай шаруа емес. Ол үшін сұлулығын арт­тырып, сымбатын сақтауға тырысқан әрбір нәзік жандыға сапалы қызмет көрсете білу керек. «Қазақ аруы – 2016», «Мисс Пав­лодар – 2016» сияқты сұлулық сайыс­тарына қатысу Айзаттың арманына қанат бітіріп, сұлулық салонын ашуға түрткі болған екен.
– Кез келген бизнесті бастау үшін, ең алдымен, еңбек, арман және идея керек, – дейді «Ханым» сұлулық салонының иесі Айзат Қожабаева.

Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ

Бөлісу: