Чехия құрамасының футболшысы Қазақстан құрамасының намысын қорғауы мүмкін

439
0
Бөлісу:

Братиславалық «Слован» командасында ойнайтын 22 жастағы Юрий Медведев Қазақстан құрамасының футболшысы атануы мүмкін. Қазақстан топырағында дүниеге келген жігіт осыған дейін 19 жасқа дейінгі Чехия құрамасының сапында ойнағанына қарамастан біздің ұлттық құраманың жейдесін киюге дайын.

Бұл туралы vesti.kz хабарлайды.

«Біз Билекпен (бас бапкер) Түркияда сөйлестік. Ол маған Қазақстан құрамасында ойнау туралы ұсыныс тастады. Құрамада ойнау мүмкіндігім өте жоғары. Бәрі менің ойыным мен өзіме байланысты. Өзім сол жақта туғандықтан, Қазақстан намысын қорғау мен үшін абырой.

«Слованда» мен легионермін. Өйткені бұл словакиялық клуб қой. Бізде көпшілік ойыншы легионерлер. Словактар үш-төртеу ғана. Егер ҚПЛ-дан ұсыныс түссе ойланушы едім. Қазақстан чемпионаты бәсекеге толы. Қазір ол жаққа мықты легионерлер де барып жатыр. Сондай-ақ Польша, Австрия, Швейцария клубтарынан да ұсыныстар түсті.

Қазақстан құрамасында ойнайтын Георгий Жуков – менің досым. Жақсы араласамыз. Бірақ екеуміз менің құрамада ойнау мүмкіндігім туралы сөйлесіп көрмеппіз» дейді Юрий Медведев.

Еске салсақ, футболшы оң жақтағы қорғаушы позициясында ойнайды. Ол Ақтөбе облысындағы Бадамша ауылында дүниеге келген. Үш жасында ата-анасымен Чехияға көшіп кетеді. Карьерасында чехиялық «Виктория», «Баник», словакиялық «Сеница» клубтарында ойнаған.

Абай Аймағамбет

Бөлісу: