Егіс басында еңбек етер маман жоқ

Мәжіліс депутаттары, «Нұр Отан» фракциясының мүшелері Жәмилә Нұрманбетова, Айгүл Нұркина және Айзада Құрманова Ақмола облысына жұмыс сапары барысында Шортанды ауданындағы А.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының жұмысымен танысып, орталықтағы жастармен кездесті.
Шортанды ауданындағы мектептердің жоғары сынып оқушылары қатысқан шарада кәсіптік бағдар беру мәселелері талқыланды.
Кездесу барысында Жәмила Нұрманбетова Елбасының Жастар жылы шеңберінде тағайындалған бастамаларын іске асырудағы жастардың рөлін атап өтті.
– Біз орталықтағы жас ғалымдар мен қызметкерлерге көп көңіл бөлеміз. Оларға үміт артып, зертхана меңгерушісі сияқты қызметтерге тағайындап келеміз. Қазір жас ғалымдарымыз Израиль, Дания және алыс-жақын шет елдерде білімін жетілдіріп, кәсібилігін шыңдап жатыр, – деді А.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының бас директоры Кенже Абдуллаев.
А.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығында жыл сайын ауыл шаруашылығының 90 мың үлгісі зерттеліп, 2 мыңға жуық будандастыру комбинациялары жүзеге асады. Қазір мұнда жас ғалымдарды тарту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Мәселен, орталыққа 30-ға жуық маман қажет болса, басым көпшілігіне жастарды тарту жоспарланған.
Кездесуде аудандық жастар ресурсы орталығының жұмысы мен Полигонды басқару орталығының жұмысы талқыланды. Жиын соңында селекциялық жетістік авторлары ақшалай сертификаттармен марапатталды.
Мәжіліс депутаттары Шығыс Қазақстанның Ұлан ауданындағы Саратов ауылында да іссапармен болып, ауыл тұрғындарымен кездесті.
Халық қалаулыларының Шығыс Қазақстанға сапары қаңтардың 31-і күні басталған болатын. «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшелері Нұртай Сәбилянов, Аманжан Жамалов, Иван Клименко, Михаил Чирков, Мұрат Теміржанов және Сергей Звольский Аягөз, Үржар, Катон-Қарағай, Глубокое, Шемонаиха, Бородулиха, Көкпекті аудандары мен Семей, Риддер және Өскемен қалаларын аралап, тұрғындармен жолықты.
Саратов елдімекенінде өткен кездесуге жүзден аса адам жиналды. Басқосу кезінде сайлаушылар ауыл шаруашылығын, агроөндіріс кешенін дамыту, халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау саласына қатысты толғандырған сұрақтарын жолдады. Мәселен, ауыл ақсақалдары кеңесінің төрағасы зейнетақының өсуіне қолдау көрсеткен Елбасына алғысын айта келе, ауылды жерлердегі еңбекақының елдегі орта есепке сай емесін, статистиканы деңгейлеп жүргізуді ұсынды. Себебі, ауылда еңбек ететін жастар қалған жоқ деді.
– Қазір шаруашылықта еңбек ететін мамандар жоқтың қасы. Егістікте еңбек ететін, комбайн мен трактор жүргізетін нағыз маман аз. Осы ретте Шығыс Қазақстан ауыл шаруашылығы саласында еңбек ететін азаматтар атынан оннан аса ұсыныс пен өтініш хат алдым, – деді Мәжіліс депутаты Мұрат Теміржанов.
Депутатттар өңірдегі өндірістің әлеуеті мен денсаулық сақтау және білім саласындағы жоғары жетістіктерді ерекше атап өтті. Аманжан Жамаловтың айтуынша, Роботтандырылған хирургия орталығын ашқан Шығыс Қазақстан – болашаққа үлкен серпін жасап отырған бірден-бір аймақ.
– Мұндағы «Ана мен бала» орталығын көріп, таңғалдым. Мұндай жоғары дәрежедегі емдеу мекемелері тек Астанада деп ойлағанмын. Орталық әлемде бар соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен қамтылған. Сондай-ақ облыс орталығында ТМД елдеріндегі кез келген қиындықтағы ота жасауға қабілетті робот тұр, – деді Аманжан Жамалов.
Мәжіліс депутаты Нұртай Сәбилянов та Абай ауданы халқымен кездесу өткізіп, бірқатар әлеуметтік маңызды нысандарды аралады.
Абылайхан ЖҰМАШ