Өрттен сақтану мұржа тазалаудан басталды

«Нұр Отан» партиясының Павлодар облысы Ақсу қалалық филиалында өрт қауіпсіздігі шараларын талқылаған жиын өтті. Қала әкімі Төтенше жағдайлар және құқық қорғау қызметкерлерімен өткізген жиында бірқатар мәселелерді талқылады.
Соңғы кездері өрттің кесірінен орын алған төтенше жағдайлардың соңы қайғылы аяқталды. Аяз күшейген кезде тәулік бойы үздіксіз пеш жағатын тұрғындар үшін қауіп әлі де бар. Аймақ басшысы Балғабай Ыбыраев тұрғындарға ең бірінші өрт қауіпсіздігін есте ұстау керегін қатаң ескертті.
– Бұған дейін өрттен болған жағдайлар қайталанбас үшін қауіпсіздік шараларын қатаң түрде күшейту қажет. Ең алдымен, иесіз, қаңырап тұрған бос нысандарды назарда ұстаған жөн. Жалғызбасты адамдардың үйлерін аралап, олардың жағдайымен танысыңдар. Барлық пәтерлерді мұқият қарап, есепке алыңдар. Сонымен қатар шаруашылық нысандарындағы электр желісін дұрыс жүргізу талаптарын тексеру керек, – деді Балғабай Ыбыраев.
Ақсу қалалық төтенше жағдайлар бөлімінің мәліметінше, биыл жылыту маусымында 6 723 жеке және көппәтерлі үйлерді аралап, 11 215 адамға өрт қауіпсіздігі шаралары түсіндірілген. Осы жыл басталысымен Ақсуда 8 өрт оқиғасы тіркелген. Өрт салдарынан бір адам зардап шегіп, біреуі көз жұмған.
«Улы газ» акциясы аясында төтенше жағдай бөлімі жергілікті атқарушы органдармен алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Нақты айтқанда, жылыту пештерінің мұржасын тазалауға көмектесті. Ауылдық округтерде барлығы 120 тұрғын үй қамтылды. Сонымен қатар ауылшаруашылық нысандар да тексерілді. Кейбір шаруа қожалықтары улы газ сигнализаторларын орнатып жатыр.
Әлеуметтік желінің мүмкіндігі зор. Сол үшін де пайдалы ақпараттарды жиі салып, халықты маңызды мағлұматтармен құлақтандыру, бейнероликтер түсіріп, көпшілікке таратылғаны дұрыс.
Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Ақсу қаласының Төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары, зейнеткер, мүмкіндігі шектеулі жандар және көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға көмектесті. Оларға улы газ сигнализаторын орнату, жеке үйлердің жылыту пешінің мұржасын тазалау үздіксіз жалғасады. Жергілікті полиция қызметкерлері елді аралап, өрттің алдын алуға көмектеседі.