Юлия Галышева әлем чемпионатында алтын олжалады (видео)

338
0
Бөлісу:

Қазақстандық фристайлшы Юлия Галышева фристайл мен сноубордтан өтіп жатқан әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды.

Америкалық Парк-Ситиде өткен жарыс барысында Галышева үздік үштіктің қатарынан тыс болған. Алайда басты финал кезінде қазақстандық могулшы қарсыластарының барлығын шаң қаптырып бірінші орынға шыққан. Тіпті 2018 жылғы олимпиада чемпионы франциялық Перрин Лаффонның өзі Юлияға бәсекелестік танытуға қауқарсыз болған.

Алтын алу үшін Галышеваға 79,14 балл жинау жеткілікті болды. Екінші орынды австралиялық Этони Джакара (78,99) алса, үздік үштікті Лаффон түйіндеген (78,70).

Галышева бұған дейін 2018 жылы Пхенчханда өткен олимпиада ойындарының қола жүлдесін иеленген. Сондай-ақ оның Азияның екі дүркін чемпионы, әлем чемпионатының жүлдегері, әлем кубогы мен Универсиада жеңімпаздары деген атағы бар.

Ерлер арасында Павел Колмаков 16 орын алды. Қазақстандықтар сапынан Аяулым Әмренова, Александр Геберт, Сергей Романовтар іріктеу кезеңінен өте алған жоқ. Жарысқа қатысатындар тізімінде Дмитрий Рейхерд те болған. Алайда қазақстандық фаворит спортшы жарақатына байланысты әлем чемпионатына қатысқан жоқ.

Абай Аймағамбет

Бөлісу: