Келісімсіз ешбір үй бұзылмайды

457
0
Бөлісу:

Түркістан қаласында қала әкімі  Әліпбек Өсербаевтың 2018 жылдың  қорытындысы бойынша Түркістан қаласының  әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есепті халықпен кездесуі өтті. Жиынға облыс басшасы Жансейіт Түймебаев және қала тұрғындары мен БАҚ өкілдері қатысты. Қала әкімінің баяндамасынан соң соң қала жұртшылығы көкейтесті сұрақтарын қойып, жауап алды. 

«Түркістанды Қазақстанның рухани орталығы ретінде қалыптастыру мақсатында Бас жоспарға сәйкес қала құрылысы мен сәулеті үш бағытта жүргізілетін болады», – деген қала әкімі қазіргі кездегі атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтіп, жоспарларды ұсынды.

Қала басшысының айтуынша, біріншісі, 88,7 гектар жерге орналасқан Қожа Ахмет Ясcауи кесенесінің маңындағы «Тарихи аймақтағы» 18 нысанды қайта жаңғырту жоспарланған.

Екіншісі «Рухани-мәдени орталық» аймағында 98 гектар жерге «Ұлы дала елі» кешенін, «Қожа Ахмет Яссауи мұражайы», «Амфитеатр», «Шығыс моншасын», «Су бұрқақ», «Қабылдау Орталығы» мен «Түркі халықтарының ғылыми кітапханасын» салу жоспарланып отыр.

 

Ал 700 гектарды құрайтын әкімшілік-іскерлік орталығының аймағында облыстық әкімдіктің, басқармалар мен департаменттер ғимараттарының және тұрғын үй кешендерінің құрылысы басталып, Медиа орталығы мен Оқушылар сарайының, спорт, мәдени кешендерінің, «Конгресс холл» мен әлеуметтік нысандардың іргетасы қаланды. Осылайша жәдігер қала өзінің тарихи құндылығын сақтай отырып, заманауи үлгіде қайта жаңғыртылмақ.

Әліпбек Өсербаев Түркістан қаласының тыныс-тіршілігімен таныстырып, қалада атқарылған істерді айтты.

«Түркістанның 2018 жылғы жалпы өңiрлiк өнiмi 74 млрд 803 млн теңгенi құрап, 2017 жылмен салыстырғанда 4,7 пайызға артты», – деген қала басшысы бұл табыс сомасының жан басына шаққанда 452 мың теңгені құрап, 12 пайызға көбейгенін атап өтті. Сондай-ақ, қалада инфрақұрылымы жүргізілген 40 гектар жерге индустриалды аймақ құрылған болса, ол жерде 6 жоба іске қосылған.

Қала әкімі басқа да барлық салаға қатысты мәліметтерді атап, соның аясында атқарылып жатқан жұмыстардың орындалу барысымен таныстрды.

Шаһар басшысының сөзінен соң тұрғындар сауалдар қойды.

Мәселен, Баймендиев Рамазан есімді ақсақал базарларда немесе жеке секторларда көптеп мал әкеліп, сойып сатып жатыр. Алайда сол малдарға қытай жақтан нешетүрлі зияны мол дәрі-дәрмектер егіп, соны семіртіп сояды. Ол ет өнімдерінің адам денсаулығына келтіретін зиян мол. Осындай бассыздықтарға жол бермеуді сұрады. Сондай-ақ, халыққа қызмет көрсететін мемлекеттік орындарда немесе басқа да сол сияқты орталықтардың алдында тиын-тебен берсең шаруаңды жылдамдатып бітіріп беретін пысықайлар толып жүр. Соларды сол жерден аластау керектігін назарға берді. Үшінші сауалы бойынша, қазір қалада жүріп жатқан құрылыс нысандарына жергілікті азаматтарды көбірек тарту қажеттілігін жеткізді.

Ақсақалдың үш сауалына қала әкімі мұның барлығы назарға алынатынын және бүгінде бұл айтылғандардың бірқатары қолға алынып, сол бағытта жұмыстар атқарылып жатқаны жайлы айтып берді.

Ясауи кесенесінің маңайындағы жаңадан бой көтеретін «Рухани-мәдени орталық» ғимараттары үшін мемлекеттің мұқтаждығы үшін қайтарылып жатқан жеке тұрғын үйлерге ұсынылған бағаға келісім бергісі келмеген кейбір тұрғындардың атынан сауал қойылды.

Оған қала әкімі, мұның бәрі бақылауда тұрғанын, мемлекет мұқтаждығы үшін қайтарылатын 168 нысанның 100-ден астамы өз келісімдерін беріп, ал қалған келіскісі келмейтін 30 шақты азаматтармен келіссөздер жүргізіліп жатқанын және оның бәрі заң шеңберінде шешілетінін айтып, «ешкімнің де үйі келісімсіз бұзылмайды» деді.

Жиын барысында жергілікті халық көкейдегі түрлі түйіткілдерін ортаға салып, сол жерде мәселеге қатысты тиісті жауаптарын алды. Қала тұрғындары көтерген мәселенің басым бөлігі коммуналдық қызмет пен қоғамдық көлік және қоғамдық орындар мен базарлардағы тазалыққа байланысты болды.

Түркістан қаласында атқарылған әрбір жобалар мен жоспарды тыңдаған облыс әкімі жиынды қорытындылай келе, тұрғындарды Түркістанның мәртебесін көтеру бағытында бірлесе жұмыс істеуге шақырды.

– 2018 жыл облыс тұрғындарының есінде Түркістан облысының құрылуымен есте қалғаны мәлім. Ер түріктің бесігі саналатын құтты мекен – Түркістан облысының құрылуы Рухани жаңғырудағы басты, құнды шешімдердің бірі. Алдағы уақытта, Елбасының тапсырмасына сәйкес Түркістан қаласын жалпы Түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамыту бағытында көптеген жұмыстар атқарылатын болады. Бұл жұмыстар өз кезегінде Түркістан облысының түлеп, дамуына өз үлесін қосатынына сенімдімін. Қазіргі таңда өңірдегі тарихи жерлерді терең зерттеу үшін тиісті жоспар жасалды. Оның ішінде бірінші кезекте тұрған жердің бірі, осы сіздер тұрып жатқан Түркістан қаласы. Бұл шаруалар халықаралық ұйымдармен ұйымдаса атқарылатын болады. Себебі, Түркістан – Қазақстанның ғана емес, адамзат тарихында орны бар мекен, – деді Жансейіт Түймебаев.

Тельман БЕЙСЕНОВ,

Түркістан облысы

 

 

.

Бөлісу: