«ҚТЖ». Жұмыс қорытындыланып, міндеттер айқындалды

272
0
Бөлісу:

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасы Сауат Мыңбаевтың төрағалығымен өткен кеңес отырысында 2018 жылғы жұмыс қорытындысы талқыланды және 2019 жылдағы міндеттер айқындалды. Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі хабарлады.

2018 жылдың өндірістік қызметінің негізгі параметрлері бойынша жыл оң нәтижемен аяқталды. 2017 жылмен салыстырғанда жүк тасымалы 11 млн-ға артып, 283 млн тоннаны құрады. Транзит 10 пайыз көбейіп, 17 млн тоннадан асты. Шамамен 18 млн жолаушы тасымалданды. 1000 км теміржол желісі тартылса, соның ішінде 867 км күрделі жөндеуден өткізілді.
Бұл ретте қарыздық ауыртпалықтар жылдың қаржылық қорытындысына кері әсерін тигізді. Осыған байланысты әрбір басшының жеке жауапкершілігін арттыру, сатып алу рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз ету, шығындарды оңтайландыру, ресурстарды тиімді пайдалану жөніндегі шаралар қабылдануда.

Компания жұмысындағы негізгі басымдық қозғалыс қауіпсіздігі мен инфрақұрылымдар қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып қала береді. Бұл екі сегмент, инвестициядан өзге, өзгеріп жатқан жағдайға бейімделеді және үнемі назар аударуды талап етеді.
Бұл ретте өндірісте нөлдік жарақатқа қол жеткізу, еңбек жағдайы қауіпсіздігі, қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылып келеді.
Кеңес отырысында сондай-ақ 2019 жылға арналған транзитті дамыту және тасымал көлемін арттыру міндеттері тағы бір пысықталды. Алға қойған міндеттерге қол жеткізу үшін ұйымдастыру құрылымдарын жеңілдету, тариф саясатын, реттеу ортасын өзгерту жөніндегі және даму стратегиясын жаңарту жұмыстары жүргізілуде. «ҚТЖ» ҰК» АҚ құрылымында тек негізгі жұмыспен байланысы бар салалық компаниялар ғана қалады.

«Айқын» ақпарат

Бөлісу: