Сауда түзелді, саудагер, сен де түзел!

112
0
Бөлісу:

Ұлы дала төсін айқұш-ұйқыш торлаған сауда жолдарымен байырғы замандарда тең-тең жүк тиелген керуендер тоқтаусыз ағылған. Содан бері ғасырлар өтті. Бірақ Қазақстан әлі күнге «Саудагерлер елі» болып отыр. 
Мұны ресми деректер растайды. 2018 жылдың қорытындысы бойынша көтерме және бөлшек сауда-саттық айналымы елімізде бірден 15%-ға артқан. Яғни, барлық секторлар арасындағы ең ірі өсімдердің бірі – сауданың еншісінде.
Қаптаған салалар ішінде сауда Қазақстанның ЖІӨ-нің 18%-ын жалғыз өзі қалыптастырып отыр. Сауданың арқасында 1 миллион 300 мыңнан астам қазақстандық нәпақа тауып, өзін және отбасы мүшелерін асырауда.
Осы орайда күні кеше, Үкімет саға­тында Сенаттың Халықаралық қаты­нас­тар, қорғаныс және қауіпсіздік ко­ми­тетінің төрайымы Дариға Назарбаева Сауда министрлігін құруды ұсынды.
– Сауда саласында қомақты проб­лемалар бар, олар реттеумен және әкім­шілендірумен байланысты. Мәселен, жалпы ішкі өнімдегі үлесі үлкен болға­нына қарамастан, әлі күнге дейін Сауда министрлігі жоқ. Қазіргі уақытта Қа­зақстан – бүкіл еуразиялық континенттегі аса ірі транзиттік, көліктік-логистикалық хабқа айналуда. Біз тек өңдеу мен өндірісті өрістетудің арқасында ғана емес, сондай-ақ осындай ауқымды хаб болуы­мыздың арқасында сауда саласын­да күшейе түсудеміз. Сауда бүгінде Ұлттық экономика министрлігінің құра­мына берілген, онымен Сауда депар­та­менті айналысады. Таяуда заң жобасын талқылау аясында біз олармен тілдестік, олар сыртқы сауда тұрмақ, ішкі саудаға ықпал етуге құралдары жоқтығын ашық айтты, – деді Н.Назарбаева.
Сондықтан сенатор сауда саласының төл ұлттық саясатын түзіп, оны кең ау­қымда, өз елімізде және жаһандық дең­гейде жүзеге асыратын жеке министр­лігі болуы қажет деген ойда.Ал сарапшылар Қазақстанда педагогтер секілді, сауда қыз­меткері кәсібінің де бедел-имид­жін көтеру керектігін айтады. «Коммунизмде ақша деген бол­майды, бәрі тегін беріледі» деп көкіген кеңес билігі «спе­кулянт», «алаяқ көзбояушы», «алыпсатар» деп бұлардың бе­делін әбден түсіріп бақты.
Тәуелсіздіктің алғашқы жыл­дарында өзге салалар жай­рап қалғанда, ала дорба арқалаған азаматтар мен әйелдер жарты елді асырағанына қарамастан, бұл сала қызметкерлерінің тағы мерейі тасып, беделі аспандап кете қойған жоқ. Саудагерлердің онсыз да аз абыройын әртүрлі әзіл-сықақ театрлары аймандай етіп, жырқ-жырқ күлкі жолында жүн-жұрқасын шығарды. Халық саудагер десе, енді «Алдамасаң, базар жоқ» деген мәтелді ұран ететін алаяқ, шыбық тимес шыңқ етер шамшыл-жанжал­шыл, үсті-басы кір адамды елес­тететіні жасырын емес.
Ал дамыған елдерде сауда секторы қызметкерлері әлдебір тың тауар, жаңа өнім туралы былайғы жұрт естімегенді білетін білгір маман, нарық нарқын, бағалар бағдарын білетін сенімді кеңесші саналады. Олар сатып алушыларға өзі сатып тұрған тауардың әрқайсысы туралы то­лымды ақпарат ұсынып, кон­суль­тация береді. Сол үшін олар­ды қоғам құрметтейді.
– Тәуелсіз сарапшылар анық­­та­ғанындай, қазіргі кезде сау­да саласындағы кадрлардың бір орында тұрақтамай, ауыса беру көлемі алапат көрсеткіш­ке – 80%-ға тең. Бұған сауда саласы қыз­меткерлерінің біліктілігінің аздығы, жалақысының мардым­сыздығы, жұмысқа деген ынта­лан­дырудың жоқтығы, бұл кәсіп беделінің төмендігі себеп болуда. Қазақстанда ауыл-аймақта ғана емес, сондай-ақ ірі мегапо­лис­тер­­де осы саладағы білікті ма­ман­дар­дың тапшылығы байқа­ла­ды, – дейді «Атамакен» кәсіп­керлер палатасының Сауда де­пар­таментінің директоры Дінмұхамед Әбсаттаров. Былтырғы 2018 жылы ҰКП еліміздегі барлық базарларға паспорттау жүргізіп шыққан екен. Нәтижесінде, Қазақстан­ның барлық өңірінде ұйымдас­тырылған түрде жұмыс жасайтын 787 базар бары анықталған.
Дінмұхамед Әбсаттаров бұлай бетімен жібере бермей, сауда қызметкерлерін оқыту мәселесіне мән берген жөн екенін айтады.
– Осы сала мамандарын мә­селен, тұтынушылық қауіпсіздік мәселелеріне оқыту жүйелі жол­ға қойылғаны абзал. Өйткені халық күнде, жыл он екі ай бойы олармен ұдайы қарым-қатынас жасайды. Бірақ бұл мемлекеттік реттеуді енгізу керек деген сөз емес. Қазіргі заманауи әлемде сауда қызметкері тұтынушы сұраған тауарды беріп, ақшасын санап алумен шектелмейді. Дамыған елдерде ол – элек­тронды коммерция, цифрлық маркетинг, мерчендайзинг, тауар­лар мен қызметтерді муль­тиарналы ілгерілету, web-ана­литика, арнайы жарнамалық науқандарды әзірлеу секілді біліктіліктер мен сауда-мар­кетингтік машық-дағдыларды меңгерген бесаспап маман. Ал бізде колледждеріміз студент­терді әлі күнге дейін сонау кеңес­тік білім беру жүйесінен қалған «товаровед» немесе «менеджер-сатушы» маман­дықтары бойынша даярлап жат­қаны анықталуда, – дейді ол.
Әрине, қара базарда, айта­лық, ет базарында әлгі тізбе­ленген біліктіліктердің әзірге ешқайсысы іске жаратылмай­тыны да рас. Әйтсе де, өмір бір орында тұрмайды. Ақпараттық дәуір бұл салаға да өз өзгерістерін таңатын күн қыр астында тұруы ғажап емес.
Қазір кез келген адам сатушы бола алады, ол үшін тіпті оқу бітірудің де қажеті жоқ. Дегенмен сарапшылар заман талабына жауап беру үшін сала қызмет­керлерінің кассир, консультант, дистрибьютор секілді маман­дықтарға ие болуы маңызды екенін айтады.
Қазақстанда сауда сала­сын­дағы ірі компаниялар өздеріне керекті ірі және орта басқару­шыларды шетелден, жақын көр­шілерден жалдауға, сондағы тәжірибелі қызметкерлер ара­сынан шақыруға бейім тұрады. Мысалға, ұялы телефон және басқа да гаджеттердің бөлшек сау­дасымен айналысатын бе­делді компанияларда Ресей, Украина мамандарының қарасы біршама қалың екенін аңғаруға болады.
Егер сандарға сөз берсек, Білім және ғылым министрлігінің дерегінше, биыл Қазақстандағы колледждерде барлық маман­дық­тар бойынша 488 мың шәкірт білім алуда. Оның ішінде тек 275 мыңы ғана – мемлекет есебінен тегін білім алып жатыр. Сауда саласына қатысатынына тоқтал­сақ, бүгінде ең танымал ма­мандық – мар­кетинг. Ол бойынша 2015 маман даяр­лануда. Алайда бұл студенттер оқу орнын бітірген соң, сауда саласына емес, PR, жарнама, БАҚ секілді жапсарлас салаларға ұмтылатыны да жа­сырын емес.
Сонымен бірге, жаңа білік­тілікті игеру үшін ЖОО бітірудің де қажеті жоқ: білімді қашық­тықтан, интернет арқылы алуға болады.
«Бәлкім, бір адамдарға бұл тақырып өзекті емес болып көрінер. Бірақ сауда сала­сын­дағы осы жағдай қызмет көр­сету сапасының төмендеуіне және кеңес кезіндегі кесірлі сауда стандарттарына кері оралуға соқтыруы ғажап емес. Есіңізде ме, кеңестік сатушылар сатып алушыларға зіркілдеп, ала көз­бен атып тұратын еді ғой. Бас­қаны айтпағанның өзінде, елімізге келетін ше­телдік турис­тер Астана мен Алматының өзін­де сатушылар ағылшын тілін білмейтініне, қайта туристтің орысша біл­мегеніне шамдана­тынына қын­жылыс білдіріп жатады. Өз биз­несі мен беделін ойлаған кәсіпкерлер сатушы­ларын оқы­­ту­ға көңіл бөлгені дұрыс», – дейді кәсіпкер Айбын Түкебай.
Бұл ретте астаналық бірқатар ірі сауда орындары білікті кадр­ларды өз беттерінше даярлап, оқытуға көшуде. Тиісінше, жұ­мысқа қабылданатын маман алдымен шағын курстан өтуі шарт. Бұған қоса, көп жерде кассалар тұтынушыға түрлі-түсті үш бастырманың бірін басып, сатушының біліктілігін баға­лауына мүмкіндік беретін тер­миналдармен жабдықталуда.
Сонымен қатар мерзімі өтіп кеткен тауарларды сөреден алып тастамағаны, сатып алушыға әдепсіздік көрсеткені, тіпті «клиенттің шақыруына кел­мегені» үшін айыппұл енгіз­гендері бар екен.
Адамдардың көбі сатушы­лықты, дәмханадағы даяшы секілді, еңбек жолының өтпелі бір кезеңі деп санайды. Сал­дарынан, бұл салаға келгендер онда кәсіби тұрғыдан кемел­денуге тырыспайды. Табылса, басқа жұмысқа ауысып кетуді аңсайды.
Әйткенмен, «Атамекен» жүргізген әлеуметтік зерттеу бір елең еткізерлік жайтты анықтап беріп отыр: сауалнамаға жауап берген саудагерлер мен сатушы­лардың шамамен 70 пайызы ұзақ жылдардан бері базарда жүргенін және сауда «тұрақты жұмыс орнына» айналғанын мәлім­деген. Демек, сауда «сақал ағар­ғанша» айналысатын шаруаға айналуы мүмкін. Сауда түзелді, енді саудагер де түзелетін уақыт келді.

Айхан ШӘРІП

 

Бөлісу: