ЖАРЫП ШЫҒАТЫН ЖЕР ІЗДЕСЕК

92
0
Бөлісу:

Мемлекет басшысының «Қазақстан – 2030» атты еңбегінің «Қазақстан мұраты» деп аталатын бөлімінде: «Біздің балаларымыз бен немерелеріміз бабаларының игі дәстүрін сақтай отырып, қазіргі заманғы нарықтық экономика жағдайында жұмыс істеуге даяр болады. Олар бейбіт, абат, жылдам өркендеу үстіндегі күллі әлемге әйгілі әрі сыйлы өз елінің патриоттары болады» деген болатын.

Тәуелсіздіктің елең-алаң жылдарынан бергі кезеңді ойша шолып өтсек, Елбасы әр кез жастарды қолдап отыратынын көруге болады. «Ықылым заман­нан бері қазақ атамыз «Білекті бірді, білімді мыңды жығады» деген сөз қалдырған. Қазақтың бұл мақаланың өзі бүгінгі күні айрықша мәнге ие болып отыр. Бұл заман білекке емес, білімге сенетін заман. Заманауи әлемде елдің қуаты, ең алдымен, білім мен ғылымда болатын уақытқа келдік. Сол білімді қажетке, тұр­мыс игілігіне жарата білуімізбен ғана бағаланады. Инемен құдық қазғандай, қиын да күрделі, орасан қажыр-қайрат пен ерік-жігерді талап ететін білімсіз өмір тұл», – деген тұжырымы соған дәлел.
Биылғы Жастар жылында ойлы қазақ жастарынан күтер үміт те мол. Жақында ғана қа­зақстан­дық студенттердің жо­ба­сы әлем­нің үздік инновациялық шешім­дерінің қатарына енді. Astana Digital Health халықаралық көрмесінде ReLive компаниясын құрған Бейбіт Әбдікенов деген азаматтың басшылығындағы талапты жастардан тұратын ғалымдар тобы инсульттан кейін пациенттерді оңалтуға арналған бірегей платформаны танысты­рыпты. Компания жасанды ин­теллектінің көмегімен ней­ро­реаби­литациялық робототехни­калық платформа қызметінің аясын кеңейтуге ұмтылыс жасап отыр. Компания құрамында робо­тотехника, көліктік оқыту және жасанды интеллект са­ласында тәжірибесі бар «Назарбаев Университетінің» зерттеушілері мен түлектері жұмыс істейді. Зерттеу тобы осы заманғы тех­нологияны пайда­ланып, тобыққа, қолға арналған оңалту роботтарын жасап шы­ғарыпты.
Әлемдегі цифрлы шешім­дер­дің үздік жиырмалығына енген бұл жоба Женевада наурыздың 7-8 күндері өтетін Assistive Technology In Accelerating Learning and Participation of Children with Disabilities халықаралық көрмесінде дүниежүзі ғалымдары назарына ұсынылады.
Білімді жастар – елдің қуаты. Қазақта ақылды, парасатты жастар бар. Бізге мынау бәсеке­лестік базарында нағыз алғыр, алымды да шалымды қазақ жас­та­рының қатарын көбейт­пейін­ше, көкжиегімізді кеңейту қиынға соқпақ. Осы тұрғыдан алғанда, қай салада қандай мүмкіндік бар, қай жерді жарып шығуға болады, оң жамбасқа келетін оңтайлы тұстар қайсы дегенді ақыл тара­зысына салып, барлық күш-жігерді, білімді соған қарай ба­ғыттау маңызды болмақ.

Нұртөре ЖҮСІП

Бөлісу: