ЖАСОТАНДЫҚТАР ЖАРАП ТҰР

366
0
Бөлісу:

Ақтөбелік жасотандық Наурызбек Сарбасов Ақтөбе облысындағы көпбалалы үш отбасының үйіне тегін газ тартып берді. Ол осыған дейін аймақтағы көпбалалы отбасылар мен ардагерлердің ауласының қарын күреп, отынын жарып, қолғабыс жасаған еді.

Наурызбектің көмегін көрген­дердің бірі – Ембі қаласының тұрғыны, 6 баланың анасы Динара Балғазина. Оның айтуынша, тұрып жатқан баспанасы ата-анасынан қалған. Әлі күнге газ тартылмаған. Ал үйді жылытып тұрған ескі пеш­тің жағдайы көңіл көншітпейді. Соған байланысты бұл үйде жаз айларында ғана тұрып, күн суы­ғанда пәтер жал­дауға мәжбүр бо­латын. «Нұр­отандық жастардың қолдауымен үйімізге көгілдір отын орнатылды. Бұл да болса, бізге көрсеткен бір көмек. Үйіміздің пеші ескі. Қазір қанша адам иістен көз ашпай кетіп жатыр. Сондықтан қыс болса болды, пәтер жалдауға тура келетін. Енді міне өз үйімізге газ тартылып, арқа-жарқа болып отырмыз. Жастарға алғысым шек­сіз», – деді көпбалалы ана.
Ал Наурызбектің айтуынша, көп­балалы аналарға қолдау білдіру – әрбір жастың міндеті. Ол бұл қадамға міндетін орындау үшін ғана барғанын айтады. «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылды Жастар жылы деп жариялап, бізге, жастарға үлкен сенім артып отыр. Қазір білім алам десең де, бизнес ашам десең де, мем­лекеттен толық қолдау бар. Осын­дай жағдайда біз не істеуіміз керек? Қандай қайтарым жасауы­мыз қажет? Ойлана келе, қоғамға осындай кішігірім пайдамызды тигізгіміз келді», – дейді Наурызбек Сарбасов.

Алтынай САҒЫНДЫҚОВА, Ақтөбе облысы

Бөлісу: