Шенеунік неге «сөйлей» білмейді?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова «Балалардың ата-анасы неге түнде жұмыс істеуге мәжбүр болған?» деген журналист сұрағына «Бұл – олардың өз таңдауы» деп асығыс жауап беріп, басы дауға қалды. Бұл 2013 жылы әйелдердің зейнет жасы неге көтерілетіні туралы сұраққа «Потому что, потому что» деп жауап берген Серік Әбденов (сол кездегі Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі), әлі жоқ мамандықтарға оқыту туралы ұсыныс жасаған Аслан Сәрінжіпов (сол кездегі Білім және ғылым министрі), оралмандар туралы «саны бар да, сапасы жоқ» деп айтқан Самиғолла Оразовтың (сол кездегі Мәжіліс депутаты) қоғамдық ыза мен әжуа тудырған сөздерін есімізге салды. Сондықтан «Айқынмен» әңгіме құрған сарапшылардан шенеуніктердің саяси коммуникация негіздері бойынша «халықтық емтиханнан» неге жиі сүрінетінін, өткен оқиғадан сабақ алу үшін не істеу керегін сұрадық.
Мемлекет қайраткері ме, функционер ме?
Блогер Өркен Кенжебек мәселенің себебін шенеуніктердің өздерін мемлекет қайраткері емес, «функционер» сезінуінен іздейді.
– Вице-министр Светлана Жақыпованың бірауыз сөзінің орнына «Қандай деңгейде екенін білмеймін, бірақ болған жағдайда бәріміздің кінәміз бар. Мұндай оқиға қайталанбауын қолға аламыз» деген сияқты 1-2 сөйлем керек еді. Қиын жағдайда қамкөңіл халықты сабырға шақыратын сөз тауып айту қазақтың дәстүрінде де, батыстың саяси риторикасында да кездеседі. Өкінішке қарай, біздегі саяси қызметте отырғандардың көбі өзін мемлекет және қоғам қайраткері, тұлға емес, тек «функционер» сезінеді. Тапсырма алып, оны орындауды біледі. Бастама көтеріп, мойнына жауапкершілік жүктеуге қорқады. Сондықтан қойылған сұрақтарға да сол функционер кейпінде жауап береді. Мысалы, әкімдердің бірқатары «Мемлекет басшысының тапсырмасы, Елбасының арқасы» деп сөйлейтінін байқаймын. Осы әдеті арқылы «мен тапсырманы ғана орындадым, негізі ойым басқа еді» деп ақталғысы, басқаның атын жамылып, жауапкершіліктен жалтарғысы келетіндей көрінеді. Сондықтан шенеуніктер саяси коммуникация негіздерін тездетіп меңгермесе, олардың әр сөзі өздеріне осындай сәтсіздік әкелетін болады.
Қоғамдық белсенділіктің маңызын халықтың қызу талқысынан кейін келетін өзгерістермен байланыстырған сарапшы өз ойына дәлел болатын мысал да келтірді.
– Баяу болсын, мемлекет осындай жағдайлардан сабақ алып келе жатыр деп ойлаймын. Мәселен, кезінде Мақсат Үсеновтің ісінен кейін, халық «Неге оны соттамады?» деп шулады. Осыған қатысты Жақып Асановтың «Оның ісінен мемлекет жақсы бір қорытынды шығарды» деген сөзі бар еді. Шындығында, бұрын көлік апаты кезінде мәселе бітімгерлікпен шешілсе, қазір біреуді көлікпен қағып кеткен азамат, жәбірленуші тараптың кешіріміне қарамастан, міндетті түрде абақтыға жабылады.
Саясаттанушы Мұхтар Сеңгірбайдың пікірінше, шенеуніктердің қазіргі жағдайын бірнеше фактордың ықпалы деп түсіну керек.
– Мұнда бірнеше фактор бар. Біріншіден, шенеуніктерде халық алдында есеп беру сезімі төмен. Олар халықтың таңдауымен сайланбағандықтан, өз басшыларына ғана бағынады. Екіншіден, мемлекеттік қызметкерлердің көбі қоғамдық ортада жүріп, пісіп жетілмеген. Жоғары қызметке билік сатыларынан өтпей тағайындалған. Үшіншіден, оларға жоғарыдан қысым бар. Олар қалай сөйлеу, не айту керектігін басшыларымен ақылдасады. Сондықтан сұрақ төтенше қойылған кезде қалай жауап берерін білмей, тосылып, елдің сөзіне қалады.
Қазір халықтың аргументі мықты. Жәрдемақының аздығы, елдің көпшілігінің кедей тұратыны рас. Мұндай жағдайда ашулы халықты қанағаттандыру, оның көңілінен шығу өте қиын. Содан кейін қоғамның билікпен диалогы дұрыс жүріп жатқан жоқ. Халық ойын, пікірін, назын кімге айтуды білмейді. Сондықтан билікпен бетпе-бет келген сәттерде осындай сұрақтар қойылады.
Коммуникацияны бизнестен үйренуі керек
Red Point коммуникациялық агенттігінің басшысы Әсел Қожақова халық алдында сөйлейтін тұлға дайындық барысында ескеруі тиіс бірқатар ережемен бөлісті.
– Болған оқиғада келісілмеген коммуникация байқалды. Нәтижесінде біз жауапкершілікті мемлекеттік органдардың қайсысы мойнына алатынын түсінген жоқпыз. Әдетте шенеуніктердің наразы пікірге ұшырауы дағдарыс жағдайында өздерін қалай ұстауды білмеуінен болады. Көпшіліктің алдында сөйлемес бұрын мемлекеттік қызметкер талқыға түсетін мәселені терең түсініп, оған қатысты қойылатын барлық қолайсыз сұрақтарға жауап дайындап алуы тиіс. Кез келген ведомствода проблемалық тақырыптар легі бар. Бұл жаңадан енгізілген өзгерістер, халық арасында үлкен қолдау таппаған шаралар болуы мүмкін. Осыларға қатысты жан-жақты зерттелген аргументтер түзіп, мәселені дағдарысқа жеткізбей халыққа түсіндіру керек, – дейді ол.
Әсел Қожақова коммуникацияға дайын емес адамдарда кездесетін қателіктерді атап, мемлекеттің халыққа мақсатты аудитория ретінде қарау керегін айтады.
Коммуникацияға дайын емес адамдар жіберетін бірнеше қателік бар: шешім қабылдаудағы сенімсіздік, жабықтық, үнсіздік, қарсы шаралар қолдана бастау (қорқыту, үркіту), сауалдан жалтару, сұраққа толық емес, жанама, түсініксіз жауап беру. Осыған дейінгі жағдайлардан байқағанымыз, мемлекеттік коммуникацияға ақпарат жеткізудегі жеделдік жетіспейді. Қандай да бір оқиға болған кезде, ресми мәлімдеме бірнеше күннен кейін жасалады. Нақты сұрақтарға ұзақ әрі түсініксіз жауап беріледі. Кейде «Жалғастыра берсеңіз, осындай бап бойынша жауапқа тартылатыныңызды білесіз бе?» деген ескертулер айтылады.
Бизнесте мұндайды кешпес еді. Бір дүкен сапасыз тауарды қайтарған тұтынушысына солай айтса, көп ақша мен келушілер санын жоғалтады. Сондықтан төтенше оқиғалар кезінде бизнестегі жауапты тұлға (әдетте үлкен басшы) халықтың алдына шығып, кінәні мойындап, кешірім сұрап, зардап шеккен азаматтарға жан-жақты қолдау көрсетуге тырысады. Ал мемлекеттің клиенті – халық. Бизнеске қалтасынан ақша төлегені үшін сапалы тауар мен қызметті талап ететін тұтынушылар сияқты біз де бюджетке салық төлейміз. Ал мемлекет біздің сөзімізге құлақ асудың орнына кейде мүлде басқа шараларды қабылдайды. Сондықтан қазір мемлекет коммуникацияны бизнестен үйренуі керек деп ойлаймын.
Түйін:
Шенеунік – мемлекеттің айнасы. Халықтың мемлекет туралы түсінігі билік өкілінің сөзі, жүріс-тұрысы мен әдебіне қарап қалыптасады. Шенеунік заңды белінен басып жүрсе, ережені қара халық қана сақтауы керек, байлығын бұлдаса, кедейліктен көз ашпайтындар – қатардағы азаматтар ғана деген өкпе-наз туады. Әлеуметтік топтар арасындағы айырмашылық біздің елге ғана тән құбылыс емес. Шенеунік сол топтардың біріне ғана емес, бәріне қызмет ететінін есте ұстағаны абзал.
Динара Тілеубек