Жекешелендіру жоспары 84 пайызға орындалды

122
0
Бөлісу:

Мемлекетке борыш болып қалған азаматтардың қарыздарының бір бөлігі кешіріледі. Үкімет үйінде өткен баспасөз конференциясында Қаржы министрі Әлихан Смайылов таяуда Елбасы ұсынған және алда бастау алатын жеке тұлғаларға қатысты салықтық амнистия туралы айтып берді. 

– Жеке тұлғалар үшін салықтық рақымшылық жүргізу мақсатында Салық кодексіне тиісті өзгертулер енгізілетін болады. Қазіргі кезде елімізде 1 миллион 387 мың аза­мат­­тың 21 миллиард теңге көле­мін­де салықтық берешегі бар. Оның 6,6 миллиард теңгесін өсім­пұл құрайды. Сондықтан 2019 жыл­­ғы 1 қаңтарға дейін мойнында болған берешегінің негізгі бөлігін өтеген азаматтарға есептелген бар­лық өсімпұлы жойылатын болады, – деді бас қаржыгер.
Айтқандай, бұдан бұрын бизнес­мен­дер үшін дәл осындай рақым­шы­лық жарияланған. Ә.Смайылов оның алдын ала қорытындыларына тоқтала кетті.
– Шағын және орта бизнес субъектілеріне арналған салықтық амнистия аясында салық төлеу­ші­лер­дің дербес есепшоттарында 2018 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша есептелген берешекті төлесе, өсімпұлдар мен айыппұлдар жойылады. Бүгінде шамамен 28 мың салық төлеуші 5,9 миллиард теңгеден астам берешегін өтеген. Тиісінше, 1 миллиард теңге өсім­пұл және 0,1 миллиард теңге айып­пұл есептен шығаруға жатады, – деді ол.
Қаржы министрінің айтуынша, жалпы алғанда, бұл салықтық ра­қым­­шылыққа салықтар бойын­ша 210 миллиард теңге көлемінде не­гіз­гі қарызы бар 90 мың шағын және орта бизнес субъектісі ілігеді. Егер олар негізгі қарыздарын жап­са, Қаржы министрлігі қалған 130 мил­лиард теңге өсімпұл мен айып­пұлды алып тастауға уәде береді.
Дәл қазір бұл ведомствода құры­лым­дық өзгерістер жүріп жатқаны да мәлім болды. Атап айтқанда, Қаржы министрлігінің құрамында атыс қаруын қолдануға, полицей­лер секілді тергеу жүргізуге, күдік­ке іліккен адамның қолына кісен салуға, қамап тастауға, заттар мен тауарларды тәркілеуге құзырлы қызмет бар. «Экономикалық тер­геу қызметі» (ЭТҚ) деп аталған бұл құрылым «көлеңкелі» экономика­мен күресуге, қаржылық саладағы заң бұзушылықтарды, салық және кеден салаларындағы жөнсіз­дік­тер­ді тергеуге, контрабанданың жолын кесуге жауапты.
Енді ел басшылығының шешімі­мен, Үкіметтің биылғы 25 қаңтар­дағы қаулысымен Қаржы министр­лі­гінің Қаржы мониторингі коми­теті құрамында Экономикалық тергеулер департаменті құрылып отыр. Бұрынғы ЭТҚ қызметкерлері енді сол департаментке көшіріліп жатыр. Осының алдында Әлихан Смайылов қызметтің штатын 40%-ға қысқартуды, қалған қыз­мет­­кер­лерге жалақысын көтеру­ді, осы­лай­ша барынша білікті маман­дар­ды тартуды жоспарлап отыр­ға­нын хабарлаған.
– Экономикалық тергеу қызметі қайта ұйымдастырылып жатыр. Ол Қаржы мониторингі комитетіне берілді. Осыған қажетті заңнама­лық норма қабылданып та қойды. Тиісті заңнамалық актілерді қа­был­дау шаралары жүргізіліп жа­тыр. Жаңартылған ЭТҚ жұмы­сын­да барлық қолжетімді ақпарат көз­­дерінен, соның ішінде банк­тер­ден және басқа ұйымдардан келе­тін деректерді өңдеу есебінен, тал­дау бағыты және IT құрауыштар күшей­тіледі. Қаржылық қылмыс­тар­дың алдын алуға, себептері мен шарттарын анықтауға, капиталды шетелге заңсыз шығарудың жолын кесуге және «көлеңкелі» эконо­ми­каға қарсы күрес жұмыстарына екпін түсіріледі, – деді министр.
Ол жекешелендіру тақырыбына жеке тоқталды. Тұтастай алғанда, «Жекешелендірудің кешенді жоспарына» кірген 898 нысанның 530-ы саудаға қойылған. Оның 473-і сатылып, одан ел қазынасына жалпы құны 470 миллиард теңге сомасына қаражат құйылыпты.
Бұлар арасында республикалық меншіктегі 47 объект – 44 мил­лиард теңгеге, коммуналдық мен­шіктегі 246 нысан – 64 мил­лиард теңгеге, ұлттық холдинг­тердің 102 объектісі – 356 миллиард теңгеге, әлеуметтік кәсіпкерлік корпора­циялардың 78 объектісі 6 млрд теңгеге өтіпті.
Министрлік осы сома арасына Астанада және Лондонда биржа арқылы сатылған «Қазатомөнеркә­сіп» ұлттық атом компаниясының акцияларын да қосыпты. Әлемдік атом алпауыты акцияларының 15%-ын сату бойынша сауда-саттық 2018 жылдың 14 қара­ша­сын­да АХҚО биржасында (2%-ы) және Лондон қор биржасында (13%-ы) өтті. Оның құнды қағаз­дарын 49 шетелдік және 17 отан­дық заңды тұлға, сондай-ақ 2 700 Қазақстан азаматы сатып алды. Мәмілелердің жалпы сомасы
168 миллиард теңгеге немесе 451 миллион долларға жетті.
– Бұдан басқа, жекешелендіруде еш сұранысқа ие болмаған 280 объект қайта құруға және таратуға жіберілді, оның 170-сі қайта ұйым­дастырылып, жойылды. Нәтиже­сінде, «Жекешелендірудің кешенді жоспары» 84%-ға орындалды, – деді Ә.Смайылов.
Ол аталған жоспар инвентариза­ция қорытындысында анықталған қосымша объектілермен дүркін-дүркін толықтырылып отыраты­нына назар аудартты. Мәселен, 2018 жылдың қараша айында тағы 48 объекті енгізілген.
Сату нәтижесін талдау көрсет­кендей, мемлекеттен жекенің қолы­на көшкен 473 объектіден түс­кен жалпы кіріс (470 млрд теңге) сол объектілердің жалпы «ба­ғалау құнынан» (462 млрд теңге­ге бағаланған) тек 1,7%-ға, ал «баланстық құнынан» (312 млрд теңге) 50,6%-ға көп болып шық­қан.
Осы жылы кешенді жоспарға кірген 123 нысанды сатуды аяқтау жоспарланыпты. 2020 жылы ел Үкіметі «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының 22-ден аса ірі объектісін, соның ішінде бірнеше ұлттық компанияны саудаға шы­ғарады. Олардың бірқатарының ак­циялары IPO/SPO арқылы өткізіл­мек. Осымен Қазақстанда жаппай жекешелендірудің екінші толқыны аяқталады деп күтіліп отыр.
Қоғамда, кәсіпкерлер арасында көп талас-тартыс тудыратын мәселелердің бірі – тендерлерге қатысты. Бас қаржыгер мемле­кеттік сатып алулар да, оларға камералдық бақылау жүргізу ісі де толығымен автоматтандырылға­нын айтады. Бұл айқындық пен ашықтықты арттырыпты, сондай-ақ сатып алудағы бәсекелестік ортаны айтарлықтай кеңейткен көрінеді.
Былтыр барлығы 3,3 триллион теңге сомаға конкурстар өткізілген. Олар бойынша түрлі меншік ныса­­нын­дағы 95 мыңға жуық жеңімпаз анықталды. Бір конкурс­та (лотта) орташа есеппен 4 қаты­сушыдан бақ сынапты. Рекорд та тіркеліпті: бір тендерге 60-тан астам үміткер қатысқан. Құрылыс бойынша орташа саны 7-8 үміт­кер­ді құрай­ды. Көп жағдайда жоғары бәсе­ке­лес­тіктің арқасында мемлекеттік сатып алуларда 311 млрд теңге ел қаржысы үнем­дел­ген.
Қаржы министрі Әлихан Смайы­ловтың айтуынша, Қазақ­станның мемлекеттік борышы 14,5 триллион теңгені немесе
40 мил­лиард долларды құрайды, бұл ЖІӨ-нің 24,8%-ына тең. Мем­лекеттік борыштың жалпы көле­мінің 75,6%-ы Үкімет алған қарыз­дарға тиесілі. Ол – 11 трлн теңге немесе 30,2 млрд доллар көлемінде (ЖІӨ-нің 18,8%-ы). Бас қаржыгер «Үкіметтің күш-жігері үкіметтік борыштың абсолюттік көрсет­кіштерін қысқартуға емес, оны қауіпсіз деңгейде ұстап тұруға бағытталғанын» мәлімдеді.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу: