БАСПАНАЛЫ БОЛУ – БАСТЫ МӘСЕЛЕ

378
0
Бөлісу:

Қазір баспаналы болу әр адамның басты арманына айналған. Қолма-қол қаражатқа үй сатып алуға барлығының мүмкіндігі бола бермейтіні белгілі. Сондықтан  елімізде баспана мәселесін шешуге септігін тигізетін бірегей жобалар қолға алынып жатыр. Соның бірі – «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы.  

Мемлекет басшысы «Қазақстан­дық­тардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа Жолдауында аталған бағдар­ла­маға оң бағасын берген болатын. Сонымен қатар Жолдауда жоғары сапалы әлеуметтік қызмет­тер тұрғын үй жағдайын жақсарту, еліміздің кез келген елдімекенінде жайлы және қауіп­сіз өмір сүру үшін кең мүмкін­дік­тер туғызумен сабақ­та­су керегі айтылды.
Бағдарлама мақсаты – халық үшін баспананың қолжетімдігін арттыру. Индустрия және инфра­құры­лымдық даму министрлігінің мәліметі бойын­ша, тұрғын үй құрылысы және қара­жат­тың игерілуі ведомствоның тұрақ­ты бақылауын­да. 2016 жылдың жел­тоқ­­санында қабылданған бұл бағдар­ла­ма бойын­ша, 2017 және 2018 жылдың 11 айын­да барлық қаржы­лан­дыру көз­дерінен 22 161 мың шар­шы метр тұрғын үй пайдалануға беріл­ген. Нәтижесінде, 197 573 отбасы тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүм­кіндік алды. Жалпы, «Нұрлы жер» мемле­кет­тік бағдарламасы іске асы­рыл­ғаннан бері 876,9 мың шаршы метр несиелік тұрғын үй немесе 14 658 пәтер салынды. Соңғы уақытта тұр­ғын үй құрылысы белсенді дамып келеді. Бұл азаматтардың өмір сүру жағдайын айтарлықтай жақсартуға, құрылыс қарқынын өсіруге және кәсіпкерлік бастамаларды дамытуға ықпал етіп жатыр. 2019 жылы қар­жы­­лан­дырудың барлық көздерінен 13 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспар­ла­нып жатыр. Бұл дегеніміз – 100 мың­нан астам тұрғын үй. Бағдар­лама бас­тал­ған 2 жыл ішінде қолданысқа берілген тұрғын үй көлемі бойынша алдыңғы қатарда Астана (4,7 млн шаршы метр), Алматы қалалары (2,6 млн шаршы метр) тұр. Одан кейінгі орында – Маңғыстау (1,8 млн шаршы метр), Ақтөбе (1,5 млн шаршы метр), Атырау (1,3 млн шаршы метр), Алма­ты (1,3 млн шаршы метр) және Қы­зы­лорда (1,2 млн шаршы метр) облыс­тары.
Бағдарламаның негізгі бағыт­тары: тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы несиелік тұрғын үй салу; ипотекалық несиелендірудің қол­же­тім­дігін арттыру; халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жал­дамалы тұрғын үй қорын құру; жеке тұрғын үй құры­лы­сын дамыту; жеке құрылыс салу­шы­ларды тұрғын үй құрылысына ынталандыру; бұрын қабылданған мемлекеттік тұр­ғын үй бағдарлама­ла­рын іске асыру.
«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдар­­ла­­масын іске асыру барысын­да халықтың жеке тұрғын үй құры­лы­сы­на қызығушылығы артты. Бұл бағытқа жер телімін алуға кезекте тұрған аза­маттар қатыса алады. Мәселен, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары, соның ішін­де жер­гілікті атқарушы орган­дар­да тұр­ғын үй кезегінде тұрған азаматтар. Ол үшін тұрғын үй құры­лыс жинағы туралы келісімшарт болуы керек немесе оны бекіту қажет. «Нұрлы жер» бағдар­ламасы бойынша Тұрғын үй құры­лыс жинақ банкі арқылы үй ала­тын бол­саңыз, банктегі шотыңызда тұр­ғын үйіңіздің жалпы құнының 20 пайызы болса жеткілікті. Банк клиент­теріне жылдық 5 пайыз мөл­шер­леме бойын­ша қарыз бере алады.
«Нұрлы жер» бағдарламасы бойын­ша тұрғын үй мәселесі 50/50 қағи­дасы бойынша жүзеге асыры­лады, яғни пәтердің 50 пайызы әкім­дікте үй кезегінде тұрғандарға үлес­ті­рі­леді. Ал қалған 50 пайызы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің кезекте тұрмаған басқа салымшы­лары­на беріледі. Бұл ретте әкімдікте кезекте тұрғандар мемлекеттік бағдарламаға қатысу үшін банк салымшысы болуы керек, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде шоты, онда жинап жатқан қаржысы болуы қажет. Мемлекеттік бағдарлама аясында баспана жеңіл­дік­пен бері­леді. Осыған байланысты үміткер­лер­ге әр шаршы метр үшін қойы­ла­тын белгілі талаптар бар. Олар: Қазақстан азаматтығы немесе орал­ман мәртебесінің болуы, соңғы 5 жыл­да үміткердің және онымен үнемі бірге тұратын отбасы мүшеле­рінің Қазақстан аумағында баспа­на­сының болмауы, соңғы 2 жылда тұрғылықты тіркеуде болуы және төлем жүргізуге қабілетінің раста­луы.
Аталған бағдарламаға қатысу­шы­лар­дың бірі – Лаура Отызбаева – Жезқазған қаласының тұрғыны. Жал­­ғызбасты ана конкурстан өтіп, үш бөлмелі пәтерге ие болған.
– Сәбиімді босана салысымен Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен шот ашып, қаражат жинай баста­дым. Банк қызметкерлері «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша кон­курс­қа қатысуға кеңес берді. Қазір конкурс­тан өтіп, жаңа үш бөлмелі үйге ие болайын деп отыр­мын. Қуанышымда шек жоқ. Осы айдың ортасында үй­дің кілтін әкімнің өзі табыстайды, – дейді Л.Отызбаева.
Бағдарлама аясында үш бөлмелі пә­тердің иесі атанып, қуанышқа ке­нел­­ген Нұргүл Ысқаққызы бүгінде жұ­мысына келіп, депозит ашуға кеңес бер­ген банк қызметкерлеріне дән риза.
– Бағдарлама шартымен таны­сып, сайттан бүкіл ақпаратты қарап отыр­дым. Туыстарыма да айттым. Қара­жатымды он жылдай жинадым. Соңғы бес жылда үзбей салып отыр­дым. Қаржылық тәртіп болу керегін түсіндім. Конкурсқа қатысуға кеңес берді. Құжаттарымды реттеп, бірден кірісіп кеттім. Маған негізі 2 бөлме­ліні көріңіз деген еді. Тәуе­келге барып, 3 бөлмелі үйді таңдадым. Конкурстан өтіп, армандаған баспанама қол жеткіздім. Астанадан алдым. Туған әпкем де осы бағдар­лама бойынша екі бөлмелі пәтерге ие болды, – дейді ол.

Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ

Бөлісу: