Аймақтық квотадан асырды

108
0
Бөлісу:

Былтыр 6 766 қазақстандық оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударды. Осылайша, жоспар 106 пайызға асыра орындалған. Үкімет 2018 жылы аймақтық квота бойынша 1 517 отбасын не­ме­се 6 363 адамды қамтуды көздеген болатын. 

Нәтижесінде, жыл қорытын­ды­сын­да халық тығыз орна­лас­қан аймақтардан жұмыс күші тапшы солтүстік аймақтарға
1 858 отбасы (6 766 адам) қайта қоныстанды. «Көші-қон туралы» заңына сәйкес, Алматы, Жамбыл, Маң­ғыс­тау, Түркістан, Қызылорда облыстарынан қоныс аударту қарастырылған. Өйткені бұл өңірлерде соңғы 10 жылда халық санының жыл сайынғы өсімі 2 пайыздан асып отыр. Ал халық­тың орналасу тығыздығы бір шаршы шақырымға 6,4 адамнан асады.
Қоныс аударушыларды қабыл­дай­тын аймақтарға Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары кірді.
Бұл ретте «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекет­тік бағдарламасында еңбек ресурстарының жылжымалылы­ғын ынталандыру үшін Үкімет белгілеген аймақтарға өз еркімен қоныс аударған адамдарға мемле­кеттік қолдау жасау қарас­ты­рылған.
Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігінің хабарлауынша, өз еркімен қоныс аударғандарға «көшкені үшін субсидия», яғни, отбасының әрбір мүшесіне 35 АЕК-тен (88 мың теңгеден) бір реттік өтемақы беріледі.
Бұған қоса, баспана жалдау және коммуналдық қызмет төлемдеріне кететін шығында­рын өтеуге 12 ай бойы 15-тен
30 АЕК-ке дейін (39 мыңнан 76 мың теңгеге дейін) қаржылай көмек беріледі.
Сонымен қатар 2018 жылдан бастап, жұмыс берушілерге қоныс аударғандар арасынан тұрақты жұмысқа қабылдаған әрбір жұмысшы үшін 450 АЕК (1 миллион 136 мың теңге) көлемін­де субсидия беріледі. Бірақ ол сомаға қол жеткізуі үшін жұмыс беруші кем дегенде осындай бес адамды жұмысқа алуы шарт.
Сондай-ақ оралмандар мен қоныс аударғандардың жаңа бизнес идеяларын дамытуға бағыт­талған жаңа тетік іске қосы­­лыпты. Бағдарламаға қа­тысушыларға жаңа ісін ашуға 100 АЕК (252 мың теңге) көле­мінде мемлекеттік грант беріледі.
Баспанамен қамту мәселесі де қарастырылған. Мемлекет басшы­сының тапсырмасына сәйкес, 2019 жылдан бастап, жұмыс берушілердің қатысуымен қоныс аударғандар үшін тұрғын үй салу және оны сатып алу бойын­ша жаңа тетік енгізілді. Әзірге ол тек Солтүстік Қазақстан облысында жүзеге асырылып келеді. Пилоттық жоба өзін-өзі ақтаса, кейін оны қоныс аудару­шы­ларды қабылдайтын басқа өңірлерге тарату жоспар­ланып жатыр. Жаңа механизм алдағы үш жылда 3 мыңға жуық қоныс аударған отбасын баспа­на­мен қамтуға мүмкіндік беруге тиіс.
Өз еркімен қоныс аударуда «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» («Серпін») жобасы түлектеріне басымдық жасалады.
Талдау көрсеткендей, қоныс аударғандардың 31 пайызы – Павлодар облысын, 27 пайызы – Шығыс Қазақстан, 22 пайызы – Солтүстік Қазақ­стан, ал 16 пайызы Қоста­най облысын таңда­ған.
Көшкендердің көбі – 36 пайызы Түркістан облысынан, 28 пайызы – Алматы облысынан, 15 пайызы – Жамбыл өңірінен, 13,5 пайызы – Қызылорда облысынан, 2,7 пайызы – Маңғыстау облысынан аттанған.
Қоныс аударғандардың 48 пайызы немесе 3 265 адам – ең­бек­ке жарамды жастағылар. Оның ішінде 2 208 адам немесе 70 пайызы жұмысқа орнала­сыпты. Тағы 180 адам кәсіп­­кер­лік­пен айналысып жатқан кө­рінеді. 112-сі оқумен қамтылды.

Айхан Шәріп

Бөлісу: