Жүйелі жұмыс – Жігерден

410
0
Бөлісу:

«Нұр Отан» партия­сының бүгінгідей ірі саяси күшке айналуына аймақтағы филиалдар­дың қосқан үлесі зор. Жиырма жыл бұрын партия болашағына сенім артқандардың қарасы көп болған жоқ. Ал Кенжебай Нығмет тоқырау жылдарында құрылған партияның алғашқы мүшелерінің бірі болды. Кейін он бес жыл бойы Батыс Қазақ­стан облысы аймақтық филиал төрағасының орынба­сары қызметін атқарды. Бүгіндері Орал қаласы­ның ардагерлер кеңесіне жетекшілік ететін Кенжебай Әлжанұлымен партияның мерейтойы қарсаңында сөйлесудің сәті түсті.

– Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдар кім-кімге оңай тиген жоқ. Одақ кезінде қалыптасқан экономикалық байланыс үзіл­ген, соның салдарынан үздіксіз жұмыс істеген зауыт-фабри­ка­лардың жұмысы тоқтап, жұ­мыссыздар көбейді. Екі қолға бір күректің табылмауы үлкен про­б­лемаға айналған. Егемен ел атан­ған жылы аудандық атқару комитетінің хатшысы болатын­мын. Ел басына туған қиын күн­дердің куәсімін, сол кезеңде халықтың мұң-мұқтажы бірінші орынға қойылды. Осындай қы­сылтаяң кезеңнен халықты алып шығу оңай болған жоқ.
Әлі есімде, 1994-1999 жыл­дары облыстық мәслихаттың хат­шысы болдым. 1995 жылы об­лыстық мәслихаттың хатшы­ларын Президент Алматыда қа­былдады. Сол кездесуде елі­міздің болашағы, ел астанасының ауы­сатыны әңгіме арқауына айналды. Ал ол кезде астананың көшетіні туралы халыққа жария болмаған, тіпті соңғы Конституциямыз да қабылданбаған. Дегенмен Пре­зидент айтқаны жүзеге асты, 1995 жылы жаңа Конституциямыз қабылданды. Астана Арқа төсіне қоныс аударды. Президентіміз­дің істің адамы екеніне көзім жетті. Бұл менің 1999 жылы Прези­дент сайлауы қарсаңында Н.Назарбаевты қолдау мақ­са­тын­да құрылған штаб жұмысына бел­сене араласуыма ықпал етті. Бұл жерде штабты басқарған Сергей Терещенконың еңбегін айтып өткім келеді. Ол кісінің партия құрылымын жасақтаудағы еңбегі зор. Сайлаудан соң ұйым­шыл штабты сақтап қалу туралы ай­тыла бастады. Бұл мәселені ай­мақ­тағы бізбен де ақылдасты. Сөйтіп, Президентті қолдау шта­бы негізінде партия құру туралы идея сәтті жүзеге асты. Партия атауын «Отан» деп Елбасының өзі қойды. Партияны басқару Сергей Терещенкоға жүктелді. Аймақтарда да жұмыс қызу жүрді. Мен 2000 жылы Батыс Қазақстан облысы филиалы төрағасының орынбасары болып жұмысқа кірістім. Содан бері жиырма жыл­ға таяу уақыт өте шығыпты. Бү­гін­де партия ірі саяси құрылымға айналды. Партияны құру бар да, оның жұмысын ары қарай дөңгелетіп әкету бар. Біріншісіне қарағанда, екіншісінің жауап­кершілігі өте ауыр. Әсіресе, жа­ңадан құрылған партияның жұ­мысын үйлестіруде, аймақтағы филиалдар жұмысын нақтылауда Сергей Терещенко ұйымдас­тыру­шылық қырымен танылды.
Жалпы, өткен күнге барлау жасар болсам, партия басшы­лы­ғында болған тұлғалардың бар­лығы да өзінше еңбек сіңірген екен. Әрқайсының өзіндік қол­таңбасы бар. Соның ішінде өзім партия жұмысына араласқан жыл­дардағы басшыларға тоқтал­сам деймін. С.Терещенко туралы жоғарыда айттым. Ал бүгінгі сенатор – 2005 жылдың басында партия төрағасының міндетін атқарушы болып тағайындалған Бақытжан Жұмағұлов. Ол пар­тияның басқару құрылымын же­тілдіруге үлес қосты. Партия дәл осы Б.Жұмағұловтың тұсында Ал­матыдан Астанаға қоныс аудар­ды, еліміздегі бірқатар саяси партиялар «Отанға» қосылды. 2006 жылы 22 желтоқсанда «Отан» партиясының кезектен тыс Х съе­зінде Бақытжан Жұма­ғұловтың ұсынысымен «Отан» партиясының атауы «Нұр Отан» болып өзгерді. Партияның Пар­ла­ментте басым күшке ие бо­луына да Б.Жұ­ма­ғұловтың сіңір­ген еңбегі зор. Ол дамыған ел­дердегі партиялық жүйесін зерттеу үшін Жапонияға барып келгенін білеміз.
Бүгінде Мәжіліс төрағасы болып қызмет етіп жүрген Нұрлан Нығматулин да партияға бас­шылық еткен жылы есімде жақсы естеліктермен қалыпты. Нұрлан Зайроллаұлының тұсында пар­тияның партиялық-саяси эли­тасын қалыптастыруға ерекше мән берілгенін айтқым келеді. Партия Төрағасының партиялық-саяси оқу жөнінде тапсырмасын орындау үшін «Нұр Отан» пар­тиясының Жоғары партиялық мектебі құрылды. Ол мектепте аймақтық партия басшылары да дәріс алды.
Өз басым партияның аймақ­тағы сенімді қызметкері ретін­де партияның барлық съезіне қатыстым. Енді 20 жылдық ме­рейтой құрылтайына да қаты­самын деп отырмын.
«Нұр Отан» – болашағы бар партия. Жуырда ғана Мемлекет басшысы, «Нұр Отан» партия­сының төрағасы Н.Назарбаев партияның 2030 жылға дейінгі бағдарламасын жасау керек деді. Егер қандай да бір саяси партия алдағы он жылдықты қамтитын бағдарлама жасауға кіріссе, онда оның болашағы бар деген сөз.
Бүгінде зейнет демалысын­дамын. Орал қалалық ардагерлер кеңесін басқарамын. Бұл жерде де атқаратын жұмыс аз емес. Егер Қазақстан халқының саны 18 млн болса, соның 2 миллионын зей­неткерлер құрайды. Орал қала­сында 300 мың адам тұрса, оның 45 мыңы – зейнеткерлер. Сонда, қоғамның 10-15 пайызын қарттар құрап отыр. Олардың интел­лектуалды әлеуеті мен тәжі­рибесін тиімді пайдалануымыз керек деп ойлаймын. Ол үшін жүйелі жұмыс істеген жөн. Бұл ретте біз «Жас Отан» жастар қанатымен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Екі жыл бойы «Ардагерлерді ардақтайық» әлеуметтік қайырымдылық жо­басы аясында тиімді жұмыс істеп келеміз. Арамызда Екінші Дү­ниежүзілік соғыс арда­гер­ле­рінің саны сиреп барады. Орал қала­сында 63 соғыс ардагері бар. Олардың барлығы бізде де, «Жас Отанда» да есепте тұр. Үш жарым мыңнан астам тыл ардагері бар. Жастотандықтар ардагерлермен түрлі форматта кездесу өткізеді. Мерейтойларын атап өтеді. Қар түскелі жер үйде тұратын қария­лардың ауласын қардан тазартып, отын-суына көмектесіп жүр. Мұндай жастарды көріп қалай қуанбайсың? Өңіріміздің жал­ғызбасты қарияларына, арда­герлерімізге және көмекке мұқ­таж жандарға көмектесуге ба­ғытталған қамқорлық акциясы жалғаса береді.
Жалпы, партияның бүгінгі жұмысы, жобалары көңілімнен шығады. Қазір партияда жаңалық көп, цифрландыру, онлайн байланыс дей ме, жетіп жатыр. Құптарлық-ақ, десе де осы тұста бір тілегімді айтсам деймін. Он­лайн байланыс дұрыс шығар, алай­да халықпен жүзбе-жүз жұ­мыс істеуді де күшейтсе екен. Себебі, партияға мұң-мұқтажын айтуға келген адамның мәселесін түсіну үшін бетпе-бет кездескен жөн деп ойлаймын.
Партияның мерейтойы қар­саңында ардагерлер атынан пар­тия мүшелерін құттықтаймын, ел игілігі үшін жасап жатқан еңбек­тің жемісін көру бақыты бұ­йырсын.

Дайындаған
Айдана БЕГІМ

Бөлісу: