Әйелдер ахуалы – мемлекет назарында

284
0
Бөлісу:

Қазақстанда көп балалы отбасыларды қолдауға бағытталған мемлекеттік жәрдемақы, әлеуметтік төлемақы түрінде берілетін кешенді модель ойластырылған. Атап айтқанда, бір жасқа дейінгі баласы барлар, көпбалалылар, мүгедек баласы барлар, аз қамтылғандар мен асыраушысынан айырылып, баланы қамқорлығына алғандарға әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Мұндай төлемдер инфляция деңгейіне қарай индекстеліп отырады.

Бала дүниеге келгенде бір реттік төламақы беріледі. Ай­талық, биыл бірінші, екінші, үшінші балаға берілетін жәр­демақы – 95 950 теңге, бала са­ны төрттен жоғары болған жағ­­дайда 159 075 теңге болып бе­кітілді. Соңғы үш жылда атал­ған жәр­демақы мөлшері 38 па­йыз­ға көбейген. Былтыр жалпы алғанда 395 мың адамға 40,7 млрд теңге ақша көлемінде бөлінген екен.
Сонымен бірге, елімізде бала бір жасқа жеткенше әлеуметтік көмек көрсетіледі. Мәселен, ана­сы жұмыссыз болған жағ­дайда бала күтіміне 14 544 тең­геден 22 473 теңге аралығында ай сайын беріліп отырады. Мұн­дай жәрдемақыны 2018 жылы 125 мың адам алған. Жалпы сома – 30 млрд теңге. Соңғы үш жылда жәрдемақы мөлшері 19 пайызға артқан.
Егер анасы жұмыс істейтін болса, оған әлеуметтік ауда­рымдар түсіп тұрады. Мұндай жағ­дайда ол Мемлекеттік әлеу­меттік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемақы алады де­ген сөз. Жүкті кезде, босанған соң төленетін қаражаттың кө­лемі оның соңғы бір жыл ішін­дегі табысының мөлшеріне бай­ланысты. Өткен жыл қоры­тындысына сәйкес, елімізде орта есеппен төлемақы көлемі 391 170 теңге болған екен. Бала бір жасқа толғанша берілетін төлемақы анасының соңғы 2 жылдағы орташа айлық табы­сының 40 пайызы көлемінде беріліп отырады. 2018 жылы орта есеппен алғанда аталған тө­лемақы мөлшері 32 361 теңгені құраған. Былтыр 400 мың ата-ана Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 165 млрд теңге алған.
Бұдан бөлек, мемлекет әйел­дерге міндетті зейнетақы жар­наларын субсидиялайды. Ол орташа айлық табысының 10 па­йызына тең. Яғни, бала күтімі­мен үйде отырған сәтте де зей­нетақы жинақтары үзіліп қалмау үшін осындай қадам жасалып отыр. Жалпы, жұмыс­басты әйел­дердің құқығы еңбек құқы­ғымен қорғалған. Мысалы, жұ­мыста қысқарту жүргізіліп жатса немесе экономикалық себеп­терге байланысты еңбек шарты бұзылмайды. Соның ішінде жүк­тілік туралы анық­тама көр­сет­кен әйелдер, үшке тол­маған баласы барлар, 14 жасқа дейінгі баласын жал­ғыз бағып отыр­ғандар, кәме­летке толмаған мүгедек баласы барлар жоғарыда айтқандай, заңмен қорғалады.
Жеке кәсібін дөңгелетемін деген әйелдер үшін елімізде кә­сіпкерлікті қолдайтын бірқатар бағдарламалар бар. Мысалы, 2018 жылы 3 033 әйел шағын несие алып, бизнес бастаған. Бұдан бөлек, 1 243 әйелге бизнес идеяларын іске асыру үшін 100 АЕК көлемінде грант берілген.
«Алтын алқа» және «Күміс алқа» иелеріне, сондай-ақ бұрын «Батыр ана» атағын, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» орден­дерін алған аналарға ай сайын мемлекеттік жәрдемақы тө­ленеді. Бір ерекшелігі, бұл зей­нетке шыққаннан кейін де бе­ріле береді. Әрі табыс көлеміне де қарамайды. Жәрдемақы мөлшері бүгінде – 16 160 теңге. Бұл да жыл сайын инфляцияға қарай өзгеріп отырады. Аталған жәрдемақыға жылда 45 млрд теңге бөлінеді.
Отбасында төрт баладан жоғары болған жағдайда арнайы мемлекеттік жәрдемақы төле­неді. Өткен жылы 32,8 млрд теңге 271 мың отбасыға бөлінген. Сонымен бірге, бес және одан көп бала туып, 8 жасқа дейін өсірген аналар 53 жастан зей­нетке шығады.
Мүмкіндігі шектеулі бала­лар­ға 16 жасқа дейін айына 41 578 теңге төленеді. 16-18 жас­қа дейінгілерге берілетін жәр­демақы бірінші топтағыға – 57 021 теңге, екінші топтағыға – 47 220 теңге, үшінші топ мүге­дектеріне 35 638 теңге болып бекітілген. Сондай-ақ осы төлемдерге қосымша мүгедек баланы бағып-қаққан адамға да жәрдемақы беріледі. Былтыр 80,6 мың адамға төленген. Осы жылы жәрдемақы 31 183 теңгені құрап отыр.
2018 жылдың 1 шілдесінен бастап, Елбасы тапсырмасына сәйкес бірінші топ мүгедектеріне күтім жасауға да жәрдемақы енгізілді. Бала кезінен бастап кәмелетке толғанша баққандарға беріледі. Былтыр 11,5 мың адам алған. 2019 жылы жәрдемақы көлемі – 31 183 теңге. Сонымен бірге, жеке қажеттіліктеріне қа­рай техникалық көмекші, мін­детті тазалық құралдарымен қам­тамасыз етіледі. Әрі шипа­жайға емделуге де жолданып отырады.
Асыраушысынан айырыл­ған отбасылардың да жағдайы қарастырылған. Мемлекеттік бюджеттен 25 541 теңге мен
62 663 теңге аралығында бө­лі­не­ді. Отбасында бір ғана асырау­шы болса, бала санына қарай бе­ріледі. Мемлекеттік қызмет түрлерін алу жолы да оңтай­ландырылып келеді. Айталық, былтырдан бері 4 түрлі қызмет проактив режимде жұмыс істеп жатыр. Баланың дүниеге кел­генін тіркеу, мектепке дейінгі мекемеге кезекке тұрғызу, сәби өмірге келгенде және бір жасқа дейінгі берілетін жәрдемақы тағайындау бір проактив қыз­метке біріктірілді. Соның арқа­сында мекемеге әйелдің жеке баруы міндетті емес.
Жалпы алғанда, ана мен ба­ланы әлеуметтік қорғау шеңбе­рінде жасалып жатқан қадамдар елдің демографиялық ахуалына оң әсерін берді. Соңғы он жыл ішінде бала туу көрсеткіші 10 па­йызға өсті. Салыстыру үшін алып қарасақ, 2008 жылы – 356,6 мың, былтыр 391 мың сәби дүниеге келген.

Айша ЕРСҰЛТАН

Бөлісу: