ЖАНЫМДЫ ЖАРАЛАҒАН АУҒАНСТАН

536
0
Бөлісу:

Осындай атаумен Алматыдағы мемлекеттік орталық музейде көпшілікке арналған маңызды шара, мәнді көрме өтті. Жиын Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 30 жыл толуына орайластырылған.

Соғыстың қайсы болса да опа таптырмайды. Осыдан отыз жыл уақыт бұрын Кеңес Одағы басшы­лығының халықаралық талаптар мен ережелерге шекеден қарап, Ауған­стан территориясына әскерін кіргізуі күллі әлемді дүрліктірген оқиға болған еді. Апат бар жерде опат бар. Қазақстаннан аттанған 22 мың әске­ридің 924-ы алған жа­рақаты мен май­­дан даласы «сый­лаған» аурудан көз жұмған. Сон­дай-ақ 20-дан астам қа­зақстандық із-түзсіз жоғалған, тұтқынға түс­кендер санатында. Он жылға со­зыл­ған соғыс тараптардың ешбі­ріне де жеңіс сыйлай алған жоқ. Құрбан болғандардың жақын-жуық­тары, туыс-туғандары бұл ке­сапатты әлі күнге үлкен өкініш­пен еске түсіреді.
Көрме ұйымдастырушылары ос­ын­дай маңызды шара арқылы Ауған соғысы туралы шындықты айтып, майдангер ағалардың ерлі­гін қазіргі өскелең ұрпаққа жет­кі­зуді парыз са­найды. Ең бастысы «со­ғыс сая­си мә­селелердің түйінін тар­қа­та­тын ше­шім емес» деген ұғым­ды жас­тар са­на­сына сіңіргіміз келе­ді» дейді олар.
Ауған соғысының ардагері Ер­лікбай Әлімқұлов 1979-1981 жыл­дары ауған даласында болып, мо­тоат­қыш­тар полкі құрамында шай­қасқа қатысқан. Қазір қоғам­дық-әлеу­меттік жұмыстарға бел­сене араласады.
– Ауғанстанға аттанған жігіттер сарбаз, жауынгер болып барды. Мұндай қасіретті дүниенің болуы­­на басқарған генералдардың, не қа­­тар­дағы сарбаздардың еш кінәсі жоқ. Олар бұйрықты орындады. Кеңес әскерлерінің шыққанына 30 жыл толып отыр. Бұл – тарихи күн. Бұл – біз үшін мереке емес, еске алу сәті. Қазіргі жас ұрпақ осы та­ри­хи жағдай туралы біліп, сабақ алуы тиіс. Біз алдымыздағы аға­лар – Ба­уыржан Момышұлы, Ра­хым­жан Қош­қарбаев, Қасым Қай­­сеновтердің ерлігіне тәнті бо­лып, солардан рух алып өстік. Ке­йінгі жастарға біз де сондай үлгі бола алуымыз керек. Көрме сол ба­ғытта ұйымдастырылып отыр, – деді қа­лалық ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының үйлестіру кеңесінің мүшесі Ерлікбай Әлімқұлов.
Орталық музей мен Ауған со­ғысының ардагерлер ұйымы үнемі ынтымақтасып, түрлі мағыналы, мазмұнды шараларды бірге атқарып келе жатыр. Өз кезегінде Ауған со­ғысының ардагерлері 30 жыл бұрын­ғы нәубетті шақты еске алып, жас­тарды бейбіт заманның қадірін білуге шақырды. Сонымен қатар ардагер­лердің басын қосып, көрме жасауға мүмкіндік беріп отырған музей басшылығына да алғыс білдірді.

Абай АЙМАҒАМБЕТ

Бөлісу: