НЕСІБЕМ – ҚАЛАМ, ҚАҒАЗДА

778
0
Бөлісу:

Елбасының тапсырмасы бойынша «Нұр Отан» партиясы ұйытқы болған, «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы мәреге жетті. «Драматур­гия, көркем фильмдер мен телесериалдар сценариі» аталымында «Әбдіғапар» драмалық туындысымен жүлделі үшінші орынды Абылай Мауданов иеленді. Байқау соңында жүлдегер­мен сұхбаттасудың сәті түскен еді…

– Абылай, жүлде құтты болсын! Бұл байқау қолына қалам алып, әдебиет майданында жүрген біраз жас ақын-жазушыларға демеу болды. Өзің сияқты жас дарындарды елге танытуға септігін тигізді…
– Мен үшін бұл жүлде үлкен демеу болғаны рас. Өйткені жазу үшін жұмысымнан шығуыма тура келді. Үш ай бойы тек «Әбдіға­пар­ды» «әуреледім». Көлденең табы­сым жоқ. Сондықтан, ең алдымен, материалдық жағынан көп көмек. Екінші, рухани тұрғыдан да үлкен демеу болды. Өзім құралпылас қаншама дарынның мерейін өсір­ді. Бұл – «Нұр Отан» партиясының жалғыз маған ғана емес, тұтас бір буынға көрсеткен қолдауы. Осын­дай іске ұйытқы болған Қазақстан Жазушылар одағына алғысым шексіз. Байқаудың әділ өткені қуантты.
– Қазақ жеріңде ел бастаған хан, қол бастаған батыр көп болды. Сенің таңдауың – Әбдіғапар! Неге?
– Әбдіғапар – ғажайып тұлға. Ол 1916 жылға дейін де Қазақ дала­сындағы ықпалды адамдардың бірі болған. Әбдіғапар көтеріліске са­налы түрде барды және көздеген мақсатына жетті.
Кеңестік тарих Торғайдағы ұлт-азаттық көтеріліске көпе-көренеу, елдің көзін бақырайтып қойып қиянат жасады. Осынау қиян-кескі азаттық майданының негізгі ұйымдастырушысы Әбді­ғапар, көзсіз мергені Кейкі мүлдем айтылмады, тек Амангелді ғана әспеттелді.
Әбдіғапар тақырыбына келуім кездейсоқтық емес. Бұған дейін Кейкі туралы жазғанмын. Сол өлкеде туып-өстім, «Өр Торғай – Ерлік мекені» экспедициясы құра­мында Әбдіғапардың туған, мерт болған жерлеріне барып, көзіммен көрдім, жүрегімнен өткіздім. Та­рихшылар айтып жүрген «Торғай­дағы ұлт-азаттық көтеріліс те же­ңіліспен аяқталды» деген пікірге мен келіспеймін. «Көтеріліс же­ңіл­ді» деу үшін оның көсемдері өлті­рілуі керек. Ал Әбді­ғапар да, Амангелді де, Кейкі де шайқасқа шыққандағы мақса­тына жетті, май­данға адам берген жоқ. Кері­сін­ше, ақ патша құлады. Олар ақпатшамен соғысты ғой. Бетпе-бет келген ұрыстардың бәрінде қанша күш тең емес болса да, жазалаушы әскер кейін шегініп отырды.
Әбдіғапар феномені – ол ұмыт болған мемлекеттік тәртіпті соғыс жағдайына бейімдеп, қайта қал­пына келтірді. Азаттықтың дәнегін егіп кетті. «Майданға әскер бер­мей­міз» деу сылтау ғана, одан да биік, айқын мақсаты болған. Бұл жайлы Файзолла ишан «Қапардың арманы еді жеке ел болу, орыстан қанап келген ірге бөлу» деп ашып айтады. Осындай тұлғаны әлі күн­ге толық білмейтініміз өкінішті. Осы жағын көрсетуге тырыстым.
– Драматургия кенжелеп тұр. Кей жастар арасындағы байқау­ларда проза, поэзияға жас шектеуі қойылса, драматургияға келгенде ол жоқ. Неге деп ойлайсың?
– Мен драматург емеспін. Бұл жанрға енді келуді ойлап жүрген талапкердің бірі ғанамын. Таяуда І.Омаров атындағы Қостанай об­лыстық қазақ драма театрының әдебиет бөліміне меңгеруші болып орналастым. Сезінгенім, қазір за­манға сай ертегілер керек. Тәуекел етіп балаларға лайық дүние жазуға отырдым. Алғашқы туындым жа­қын­да сахналанып қалуы ғажап емес. Бірде әлеуметтік желідегі әң­­гіме арасында Думан Рамазан ағам «Драматургия – өте қиын жанр екен. Жалынан ұстат­пады» деп қалды. Драматургтердің аз­ды­ғы – жанрдың күрделілігінен деп ой­лаймын, бәлкім, қолдау аз шығар.
Қазір ақынға «зәрулік» жоқ. Қаламдастарымыз ренжімесін, ішінде өзім де бармын, ақындар қоғамды алға жетелейтін ой айта алмай жатыр. Көбіміздікі туған жерді аңсау, әрі кетсе билікке кіжіну, жеріну, болмаса «кеңістікті кезу». Ізденіс «биігіміз» – теңеу іздеудің айналасы. Осылай кете берсе, ақындардың қоғамдағы беделі төмендері анық. Олардың жазғаны «айналымға» түспей жатыр. Есесіне, арзанқол, жадағай «жазғыштар» әлеуметтік айдынға шықты. Кім танымал, сол мықты деп ойлайды көпшілік.
Мен үшін тарихта қалу-қалмау, құрмет алу-алмау маңызды емес, қабілетімді орнымен жұмсап кет­сем жетеді. Сол үшін театрға кет­тім. Өйткені менің қолымнан жазу келеді. Қабілетті қажет жерге жұм­сау керек. Ұстанымым осы. Қазір қоғам үшін менің «буырқанған-бұрсанған» он дастанымнан гөрі, балалардың танымын ашатын бір ертегім, тақпағым маңыздырақ.
– Өзіңді ақын, сатирик, дра­матург ретінде білеміз. Басқа қандай қырың бар?
– Соның бәрін жазайын деп жазбайсың. Өзі ойда жоқта туа қалады. Жақын араласатын бір жігіттің туыстарының тобында өз руын асқақтатып «көсіліп» жат­қанын кездейсоқ естіп қалдым. Ал, өзі фейсбукте «ұлтшыл, әлеумет­шіл» «тұлға» ретінде таныс. Кө­кей­ге келген кекесін, «Көкбайға» па­родия жасауыма «мәжбүр» етті. Соны оқып бере салайын.
«Қуарып», құрып,
Маңдайын ұрып,
Нәжісін шашқан қымсынбай –
ФБ-да «ұлтшыл»,
Ватсапта рушыл,
Ал өмірде былшылбай.
Керауыз, кердең, бір «керім»,
Жақпайды-ау маған сол жерің.
Көкейімді ой қыстаса, жазуға оты­рамын. Жанры өзі келе қалады. Кейде ішімнен ән шығарып кете­тінім бар. Бірақ оны жарыққа шы­ғар­ған емеспін. Бір өлеңімде жаз­ғанымдай «несібем – қалам, қағазда».
– «Әбдіғапар» сахналана ма?
– Әлия Бөпежанова апамыз «Тақырыпты жақсы таңдапсың. «Әбдіғапар» қойылуы керек қой» деп лебізін айтып қалды сөз арасында. Менің міндетім – жазу. Қойылуы, қойылмауы қоғамның сұранысына байланысты болуы керек. Кешегі «Кейкі мерген» се­риалынан кейін елдің Әбдіғапарға деген қызығушылығы артып жа­тыр. Бұйырса, қойылып та қалар.

Сұхбаттасқан
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ

Бөлісу: