Аспантаудың ақиығы ардақталды

387
0
Бөлісу:

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық универси­тетінде «Айтылар естелік­тер мен туралы» атты Мұқағали Мақатаевты еске алуға арналған шығарма­шылық байқау өтті.

Мұзбалақ ақынның туған күніне орайластырып өткен жыр кешіне Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарының сту­денттері қатысып, «Мұқағали ізі­мен» және «Өлеңнен төгілген әсем ән» бағыттары бойынша өз өнерін ортаға салды. Жыр падишасының туындылары сондай-ақ жастардың жүрекжарды шығармалары орын­далған байқау Қыздар уни­вер­ситетінің Тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі департаменті мен «Ақ қауырсын» жас ақындар клубының мұрындық болуымен ұйым­дастырылды.
Әдеби сайысқа ақын, Қа­зақстан Жазу­шы­лар одағы бас­­қар­ма төра­ға­сының орын­ба­сары Бақыт Беделхан, Ғ.Мү­сі­репов атын­дағы академиялық балалар және жасөспірімдер теат­рының актері Әсет Иманғали, әнші, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Марат Омаров, әнші, ком­позитор Ерғали Көшербаев және ақын Батырхан Сәрсенхан қазы­лық етті.
Жиында Тәрбие және әлеу­меттік жұмыстар жөніндегі депар­таментінің директоры Жаңагүл Сұлтанова сөз сөйлеп, мұзбалақ жыр шайырының шығармаларын өскелең ұрпақ арасында кеңінен насихаттау мақсатында қолға алынған игілікті істің алдағы уақытта дәстүрге айналатынына сенім білдірді.
– Мұқағали – ғұмырының соңына дейін шығар­ма­шы­лықтан алыстамай, қо­лынан қаламы түс­пей, қа­зақтың қара өле­ңі­нің құдіреті мен сы­ры­на молынан қа­ныққан ақын. Өлең кие­сі­нің мәні мен мағы­на­сына терең бойлап, сөз мар­жанын ке­ліс­ті кестелей біл­ген Мақатаев мұ­ралары қазақ әде­биетіне қо­сыл­ған баға жетпес туын­дылар. «Туады, туады әлі на­ғыз ақын, Нағыз ақын бал мен у тамызатын. Жесірдің айырылмас сырласы боп, Жендеттің көзінен жас ағызатын» деп жырлаған Мұқағали өзі де қазақтың қара өлеңінің Хантә­ңі­ріне айналып отыр бүгінде. Жа­лындаған жас­тардың поэзияға деген құштар­лы­ғын арттыру ора­йындағы тағылым­ды шара өмір­шең болады деп ой­лаймын, – деді ол.
Тартысты өткен байқау қоры­тындысында кіл жүйріктің ішінен шын жүйрікті анықтау оңай болған жоқ. Десе де, «Өлеңнен төгілген әсем ән» бағыты бойынша бас жүл­де Қыздар университетінің сту­денті Алтынай Жәңгірдің қан­жы­ғасында кетті. Бірінші орынға әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті Еділ Жет­пісов ие болса, екінші орын Қазақ ұлттық университетінің сту­денті Айерке Сайранға бұйырды. Ал Қыздар университетінің сту­денті Аружан Насыролланова үшінші орынға қол жеткізді.
«Мұқағали ізімен» ақындар жа­рысында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің сту­денті Шадияр Есенәлінің жұлдызы жанып, жеңіс тұғырынан көрінді. Осы бағыт бойынша бірінші орын­ға Қыздар университетінің студенті Лаура Жаңабай, екінші орынға Қазақ ұлттық университетінің студенті Нұркен Құмарбек және үшінші орынға Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық уни­верситетінің студенті Оралбай Мырзақұлов ие болды.
Жүлдегерлер мен жеңім­паз­дарға Қазақ ұлттық қыздар пе­дагогикалық университетінің рек­торы Гаухар Алдамбер­гено­ваның алғысхаты мен дипломы табыс­талып, бағалы сыйлықтар берілді.
Сонымен қатар ақынның туған күні қарсаңында «Есіңе мені алғайсың…» атты жыр алыбын еске алу кеші өтті. Аспантаудың ақиық ақынының Алматыдағы ескерткішінің алдында ұйым­дас­тырылған жиында Қыздар уни­верситетінің студенттері ақынның өміршең өлеңдерін орындап, жүрекжарды жырларын тебірене оқыды.
Дәстүрге айналған тағылымы мол шараға Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төра­ғасының орынбасары, ақын Ба­уыр­жан Жақып, С.Мұқанов пен Ғ.Мү­сіреповтің әдеби-мемо­риал­ды му­зей кешенінің басшысы, ақын Әділғазы Қайырбеков, Мұқағали Мақатаевтың ұлы Жұлдыз Мақ­ата­ев, келіні Бақытгүл Айдарова, оқу ор­ны­ның ұжымы және сту­дент­тер қатысты.
Ұлы ақынның ескерткішінің алдына гүл шоғы қойылып, кеш шымылдығын Бауыржан Жақып ашты. Ол жыр шайырының шы­ғар­маларын жастар арасында ке­ңінен дәріптеу тұрғысында қолға алынған игілікті істің мәні мен маңызы турасында ой қозғап, Мұ­қағали мұрасының мәңгілік екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ уни­верситет ұжымына шынайы риза­шылығын жеткізді. Ал Әділ­ғазы Қайырбеков Мұқағали Мақа­таев­тың қазақтың қабырғалы қалам­гер­лерімен қарым-қатынасы жа­йын­да кеңінен әңгіме қозғады. Ақын­ның ұлы Жұл­дыз Мақатаев пен келіні Ба­қытгүл Айдарованың әсерлі есте­ліктері кеш ажарын аша түсті.

Жандар АСАН

Бөлісу: