«Қара майор» өмірден өтті

596
0
Бөлісу:

Бүгін Ауған соғысының ардагері, жауынгерлер арасында «Қара майор» атанған, Қарулы Күштердің отставкадағы полковнигі Борис Керімбаев 71 жасында дүниеден озды.

«Ауыр сырқаттан таңертең қайтыс болды. Қашан, қалай жерленетіні туралы бүгін жиналыста талқылайтын боламыз»,- деді Алматы әкімшілігінің жанындағы Ауғанстандағы соғыс ардагерлері және мүгедектері бірлестіктерінің үйлестіруші кеңес төрағасы Мұрат Әбдішүкіров.

Борис Керімбаев 1948 жылдың 12 қаң­тарында қазіргі Жамбыл облысы Жамбыл ауданы Аққайнар ауылындағы мұғалімдер отбасында туған.  Әскери қызметі басталуында 1970 жылы Таш­кенттегі В.Ленин атындағы жоғары жалпы жа­уын­герлік командалық училищені бітірген. Кеңес әскерлерінің мотоат­қыштар взводының, 1973 жылы сол бөлігіндегі барлау ротасының, одан кейін орта­азиялық әскери округтегі барлау рота­сының командирі болғаны жауын­герлерді басқару тәжірибесінің алғашқы негізін салды. Әскери жасақтарды басқару ісіне мамандану жолында өзі қызмет ететін бөлімнің штаб бастығы, мотоатқыштар батальонының командирі (1977 жыл), КСРО-ның Қарулы Күштері 10-бас­қармасы Бас штабының Эфио­пиядағы жаяу әскер бригадасының кеңесшісі (1980 жыл), арнаулы отряд командирі (1981 жыл) болып тағайын­далды. Арнаулы офицерлік теориялық білімін аталған командирлік-қолбас­шылық тәжірибемен ұштастырған Борис (Бақыт) Төкенұлы Ауғанстандағы қанды шайқастардағы өзі басқарған тарихқа «Қапшағай батальоны», «Мұсылман батальоны» атауларымен танымал болған қанды шайқастар оқиғаларымен айрықша даралана танылды.

Борис Төкенұлы 1980 жылы Қапшағай қаласында айрықша тапсырмалар үшін жасақталған, 1981 жылдың 29 қазанынан 1983 жылдың 25 желтоқсанына дейін командирі болған осы 177-отряд «Мұ­сылман батальонын» басқарған кездегі қолбасшылық біліктілігімен жауын­герлерінің қаһармандық-жауынгерлік ерлігімен әлемдік соғыстар тарихындағы дара болмыс­тарымен бағаланды. Ауғанстанның Меймене қаласының Фарьяб өңіріндегі Панджшер шатқалы үшін болған үлкен шайқас кезеңінің тарихи деректі шындығын сол соғыстың бел ортасында болған танымал ақын, Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл «Қазақтың «Қара майоры» атты кітабында баяндаған: «…Кеңес әскерлері 1981 жылдың мамыр айында Панджшерге шабуылды бастады. Операцияға 36 батальон жұмылдырылды. Бұл ба­тальондардың 20-сы Кеңестік болса, 16-сы Б.Кармал билейтін ауған өкіметінікі еді. Мұның сыртында шабуылға тек Кеңес тарапынан 104 тікұшақ, 26 әскери ұшақ, 165 миномет, 250 БТР және өзге де қару-жарақ түрлері мен қосымша күштер қатысты. Бір аптаға созылған қиянкескі шайқаста екі жақ үлкен шығынға ұшырады. Өз шебін жеті күн бойы ұстаған Ахмед шах ақырында Панджшерді тастап шықты. …Айрықша ерлік көрсетіп, көзге түс­кен, ұрыс қимылдарын жіті меңгерген «Қара майордың» батальонын Пандж­шерді ұстап тұруға қалдырады. … «Қара майордың» батальоны тек жоғары тұрған әскери басшыларды ғана таңғалдырмай, бүкіл алқапқа, аймаққа аты аңыз болып тарады. …Ахмед Шах Масудтың «Қара майордың» басына бір миллион доллар тігетіні де – осы кез. Тікпеске амалы жоқ, «Қара майордың» батальоны бұлардың алдын орап, тұтқиылдан тегеурінді соққы беріп, шығынға ұшыратып, сонан кейін орнын сипатып кетіп отырды. Биіктегі бекіністер мен атыс ұяларын иеленіп алып, өліспей-беріспей тістеседі. Ахмед шахтың әскери жоспарын быт-шыт қылып бұзады. Моджахедтерді бас кө­тертпей атқылап, оларды ұдайы шегінуге мәжбүр етумен болды» деп жазылған.

Борис Төкенұлы «Қапшағай батальоны» атты құжатты-деректі пове­сінің тарауларында («Ерекше тапсырма», «Отрядтың құрылуы», «Ауғанға жол», «Меймене», «Дарзоб», «Панджшер», «Жауынгер достар», «Соңғы шайқастар») Ауғанстандағы соғыс кезіндегі аса күрделі шай­қастардағы жеңісті, жемісті қызмет оқиғаларын баяндаған. Қазақ халқының көпғасырлық та­рихындағы туған жерінің, атамекенінің, байтақ Отанының және жер бетіндегі жалпыадамзаттың баянды бейбітшілігі, амандығы үшін жан алып жан беріскен қанды майдан шайқастарда танылған батыр тұлғалары мәңгілік ұлықталып келеді. Соғыс психологиясы – жауынгерлер мен оларды басқаратын майдан қолбас­шыларының, бөлімше, взвод, рота, батальон, полк, дивизия командирлерінің ержүректігі мен стратегиялық-такти­калық іс-әрекеттері тоғысуындағы күрделі болмыс. Бір-біріне қарама-қарсы шеп құрып, екі жақтың да жеңіске жетуіне қолдау жасайтын авиациялық бом­балауларының, артиллериялық атқы­лауларының, танктер шабуылдарының ортасында жүрген жаяу әскерлердің өлімді емес, өмірді ғана ойлап арпалысқан шайқастары – соғыстар кезіндегі траге­диялық болмыстың ақиқаты.

ХХ ғасырдың 80-жылдары Ауғанстандағы қанды майдан шайқастардағы дарынды қолбас­шы-командир, батыр-жауынгер тұғырында танылған Борис Керімбаев  «Халық Қаһарманы» атағымен марапат­талған болатын. 1992 жылы денсаулығына байланысты полковник шенімен отставкаға шықты. Батыр туралы «Қара майор» фильмі түсірілген.

«Айқын» ақпарат

Бөлісу: