Аарон Рэмси Роналдумен бір клубта ойнайтын болды

370
0
Бөлісу:

Туриндік «Ювентус» өзінің ресми сайтында лондондық «Арсеналдың» жартылай қорғаушысы Аарон Рэмсидің қатарға қосылғанын мәлімдеді. Уэльс құрамасының ойыншысы 1 шілдеден бастап «Ювентус» сапында ойнай бастайды.

«Арсенал» үздік ойыншысын өз қатарында ұстап қалуға тырысқан. Алайда оның жалақыға байланысты талаптарын орындай алмапты. Осы маусымда Рэмси 22 матчқа қатысып, 2 рет гол салып, 6 мәрте нәтижелі паспен көзге түсті. Бұл тек АПЛ-дағы көрсеткіші. Ал Еуропа лигасында үш матчқа шығып, 1 рет гол соққан.

«Менің «Ювентуспен» келісімге келгенімді бәрі естіді. «Арсеналдың» барша жанкүйерлеріне алғыс айтамын. Сіздер мені 11 жыл бойы қолдап келдіңіздер. Біз жеңісті де, жеңілісті де бірге өткердік. Мен Лондоннан үлкен қимастықпен аттанамын. Маусым соңына дейін өзімді жақсы қырымнан көрсетіп, бар мүмкіндігімді паш еткім келеді» деп жазады футболшы желідегі парақшасында.

Трансфер құны 3,7 миллион еуроға бағаланған. Бұл қаражатты «Ювентус» 10 шілдеге дейін төлеуі тиіс. 28 жастағы ойыншы жаңа клубы сапында жылына 23 млн еуро жалақы алмақ. Клуб пен ойыншы арасындағы келісімшарт бес жылға негізделген.

Абай Аймағамбет

Бөлісу: