ЖЕТІСУЛЫҚТАР КӘСІПКЕРЛІКТІ ТАҢДАЙДЫ

433
0
Бөлісу:

Жетісу өңірінде мыңдаған азамат кәсіпкерліктің көрігін қыздыруда. «Нұр Отан» партиясы да шағын және орта бизнесті таңдаған жандарға жан-жақты қолдау көрсетіп, семинарлар ұйымдастырып, заңдық тұрғыда  кеңестер беруді үйлестіруде. Күні кеше  Талдықорған қалалық партия филиалында  өткізілген «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша мемлекеттік қолдауды алу мәселелері туралы азаматтарды бірыңғай қабылдау күні» акциясын да облыста кәсіпкерлікті қолдауға қатысты жасалған кезекті шара десек болады.  Мұндай қабылдаулар облыстың барлық аудан, қалаларында өтті.

Акцияның басты  мақсаты«Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік  бағдарламасын іске асыруды қамтамасыз ететін мемлекеттік органдар мен даму институттары мен кәсіпкерлікті таңдаған  азаматтар, шағын және орта бизнес өкілдерінің басын қосып, өзара ақылдасатын  диалог алаңын ұсыну, кәсіпкерлікке ден қойған жандарға қажетті  кеңестер  беру, жаңа жобалармен таныстыру.

Барлық тарапқа тиімді болған акцияға облыстық басқармалар мен олардың аудандық деңгейдегі бөлімдерінің  басшылары, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ,  «Атамекен» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ филиалының жетекшілері, облыс пен аудан және қала әкімдерінің «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын іске асыру мәселесіне жетекшілік ететін орынбасарлары, екінші деңгейлі банк басшылары және филиалдардың өкілдері, заңгерлер мен адвокаттар, аймақтық  және аумақтағы  бизнес-бірлестіктерінің өкілдері қатысты.

– Еркін түрде өткен жүздесу барысында кәсібін жаңадан бастағалы жүрген облыс тұрғындарына жеке бизнесті ашу, несиеге қол жеткізу тетіктері мен оның пайыздық мөлшерлемесі төңірегінде қойылған сұрақтарға тиісті  мамандар жауап берді. Акцияға қатынасушылардың кәсіп бастауға деген ынталары ерекше. Әркім өзі тұратын жерде қандай  шаруаны қолға алудың тиімді болатындығы жайлы жан-жақты білгісі келеді. Мамандар кәспкерлік үшін несие алудың жай-жапсарын егжей-тегжейлі түсіндірген соң олардың жек кәсіпкерлікке қатысты  қызығушылығы арта түскенін аңғардық. Бір күнде  облыс бойынша өткен акция барысында партияның   қоғамдық  қабылдауына 350-ге жуық адамның келуі де өңірде шағын және орта бизнестің болашағы үлкен екенін білдіреді, – дейді облыстық филиал төрағасының орынбасары Гүлнар Тойлыбаева.

Болат АБАҒАН, Алматы облысы

Бөлісу: