Тарифке қарсы тегеурін

258
0
Бөлісу:

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, табиғи монополистер тарифтерін төмендету арқасында халықтың коммуналдық қызметтер бойынша төлейтін қаражатын үнемдеу сомасы 28 миллиард теңгені құрады. Бұл туралы Мәжілістегі «Нұр Отан» партиясы фракциясы жанындағы комиссияның Елбасы Жолдауын іске асыру бойынша Жалпыұлттық іс-шаралар жоспары талқыланған жиынында мәлім болды.

Комиссия төрағасы Б.Оспановтың төрағалығымен «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарла­масын және «Тұрғын үй-ком­му­нал­дық шаруашылық инфра­құры­лымын, сумен және жылу­мен жабдықтау желілерін жаң­ғырту, тұрғын үй инфрақұрылы­мын нығайту және халық үшін тұрғын үйдің қолжетімдігін арт­тыру» бағыты бойынша «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағ­дар­ла­ма­сын іске асыруға Ұлттық қордан бөлінетін қаражаттың және бюджеттік қаражаттың мақсатты және тиімді жұм­са­луына бақылау жүргізу бойынша комиссиясының отырысы өтті.
Жиын «Мемлекет бас­шы­сының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жос­парының 5 және 6-тармақтары­ның орындалуы» тақырыбына ар­налды.
Комиссия отырысына комис­сияға мүше Мәжіліс депутаттары, Ұлттық экономика министр­лі­гінің өкілдері, «Нұр Отан» пар­тиясы орталық аппаратының қыз­мет­керлері қатысты. Оты­рыста Ұлт­тық экономика вице-министрі С.Жұманғарин баян­дама жасады. Оның айтуынша, тариф қалып­тастырудың ашық­тығын күшейту, сондай-ақ мо­нополистердің тарифтік смета­ларды және инвес­тициялық бағ­дарламаларды орын­дауын бақылау мақсатында ми­нистрлік қолданыстағы заңнамаға түзету­лердің екі топтамасын әзір­леді. Түзетулердің бірінші пакетін, яғни «Табиғи монополиялар туралы» заң жобасын өткен жыл­дың 20 желтоқсанында Пар­ламент Сенаты жалпы отыры­сында мақұлдады.
Монополистерге тексеру жүр­гізу тетігін күшейтуге бағытталған және Кәсіпкерлік кодекске өз­герістер енгізуді та­лап ететін тү­зетулердің екінші пакеті Парла­менттің жоғарғы палатасының қарауында жатқан бизнес-ортаны дамыту және сауда қызметін реттеу мәселелері жөніндегі заң жобасында көзделген.
Сонымен қатар баяндамашы Жалпыұлттық жоспардың 5-тармағы бойынша ақпарат бер­ді. Атап айтқанда, 2018 жылғы 12 қарашадан бастап, барлық өңірлерде халықпен кері бай­ланыс орнату бойынша жұмыс ұйым­дастырылды, ТКШ сала­сын­дағы халықты мазалаған өзекті мәсе­лелер бойынша 102 қоғамдық қабылдау өткізілді. Қоғамдық қабылдау бөлмелеріне қатысуға мүмкіндігі жоқ тұ­тынушылар үшін «Шұғыл желі» телефондары ұйымдастырылған.


Сондай-ақ министрлік әкім­­діктердің, табиғи моно­полия­ларды реттеу, бәсе­ке­лестікті және тұтынушылардың құ­қықтарын қорғау комитетінің аумақтық департаменттердің және табиғи монополиялар субъектілері бас­шыларының қаты­суымен тұрғын үй-ком­муналдық шаруа­шылық қыз­меттеріне тарифтерді тө­мендету қажеттігі туралы 3 кеңес өткізді. Нәтижесінде, барлық өңірлерде коммуналдық қыз­меттер (сумен жабдықтау, су бұру, электрмен жабдықтау, жылумен жабдықтау және газбен жаб­дықтау) тариф­тері төмендеді.
Комиссия отырысының қоры­тындысы бойынша ұсы­ным­дар әзірленетін болады.

Ерік ЕРДЕН

Бөлісу: