Ән тыңдаймын деп құлақтан айырылуы мүмкін

332
0
Бөлісу:

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы құлаққаппен ән тыңдайтын адам есту қабілетінен айырылуы мүмкіндігін айтты. Олардың анықтауынша, ғаламшардың 12-35 жас аралығындағы тұрғындарының жартысына жуығы, яғни 1,1 млрд адам құлаққап арқылы қатты дауыспен ән тыңдайды екен.  

Сондықтан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен Дүниежүзілік электр байланысы одағы 3 наурыз – Халықаралық есту қабілетін қорғау күні қарсаңында құлаққап жасап шығарушылар мен оны пайдаланушыларға арналған ұсыныстарын жариялады. Жаңа жүйе дыбыстың қаттылығын, тыңдаудың ұзақтығын анықтаумен қатар, ата-аналарға балалары тыңдаған әндерді де қадағалау мүмкіндігін беруі қажет.

«Көптеген жастар жай ғана ән тыңдап жүріп саңырау болып қалуы мүмкін. Олар егер есту қабілетінен айырылса, оны қайта қалпына келтіре алмайтынын түсінуі қажет. ДДСҰ мен ДЭБО-ның ұсынысы олардың есту қабілетінен айырылмай, ән тыңдауына көмектеседі», – дейді сарапшылар.

ДДСҰ дерегі бойынша әлем халқының 5%-ы, яғни 466 млн адам есту қабілетіне қатысты аурулардан зардап шегеді. Олардың көпшілігі табысы орташа немесе төмен елдерде тұратын ересектер. 2050 жылға қарай есту қабілеті зақымданғандар саны әлем халқының он пайызына жетуі мүмкін деп ДДСҰ мамандары дабыл қағып отыр.

Бөлісу: