Көпбалалы аналар баспана кезегіне бөлек тұра ма?

223
0
Бөлісу:

Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Сансызбай Есілов қаладағы көпбалалы отбасылардың мәселесін айтты.

– Біз нақты көпбалалы отбасылардың мәселесін қарастырған жоқпыз. Бірақ, Қоғамдық кеңестің мүшелері, менің өзім де елордада орын алған оқиғалардың бәріне – бес баланы жерлегенде, Конгресс холда көпбалалы аналар жиналған кезде де болдым. Иә, мәселе өте өзекті. Бірақ, бәрін де қалалық әкімдік немесе біз шеше алмаймыз. Біз заңнама аясында жергілікті билікпен бірлесе жұмыс жүргіземіз. Мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек, баспана мәселесін шешу – Үкіметке, Парламентке байланысты. Барлық шаруа заңнамалық тұрғыда реттеліп отыруы керек, – деді Сансызбай Есілов.

Сонымен қатар Сансызбай Есілов тұрақты тіркеуі жоқ болғаннан кейін көпбалалы отбасылар мемлекет тарапынан тиесілі жеңілдіктерге ие бола алмай отырғанын да атап өтті.

– Мемлекет бұл мәселеге бет бұрар деген ойдамын. Қазіргі уақытта Үкімет жұмыс тобын құрып, аталмыш мәселені шешуді көздеп отыр. Көпбалалы отбасылардың ең алдымен баспана мәселесін шешу керектігі туралы бастаманы 100 пайыз қолдаймыз. Себебі, бұл отбасылар күрделі материалдық жағдайымен қоса баспананы жалдап тұруға мәжбүр. 50-100 мың теңгеге кішкене ғана бөлме жалдап тұрады. Сол себепті, көпбалалы отбасылардың ең алдымен, тұрақты тіркеу мен баспана мәселесін шешу керек. Жетім балалардың, соғыс ардагерлері санатындай көпбалалы отбасылардың баспана бойынша жеке кезегі болуы тиіс. Себебі, қазіргі уақытта елордадағы баспана бойынша ортақ кезекте 46 мыңға жуық адам тұр, – дейді Сансызбай Есілов.

«Айқын» ақпарат

Бөлісу: