Маршалл Аралдары Республикасымен дипломатиялық қатынас орнады

252
0
Бөлісу:

Қазақстан Республикасы мен Маршалл Аралдары Республикасы дипломатиялық қатынастар орнатты. Нью-Йорк қаласында БҰҰ жанындағы Қазақстан Республикасы мен Маршалл Аралдары Республикасының тұрақты өкілдері Қайрат Омаров пен Аматлайн Элизабет Кабуа екі ел арасында Дипломатиялық қатынастар орнату туралы бірлескен коммюникеге қол қойды. Құжат қол қойылғаннан кейін күшіне енді.

Қазақстан Республикасының елшісі бірлескен коммюникеге қол қою екі ел арасындағы екіжақты форматтағы және халықаралық ұйымдардың шеңберінде түрлі салалардағы қатынастарды дамытуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Кездесу барысында екі елдің өкілдері БҰҰ аясында өзара қолдау соның ішінде Ұйымды реформалау мәнмәтіндегі мәселелерін талқылады. БҰҰ-ның орнықты даму мақсаттарына және климаттың өзгеруіне байланысты мәселелерге ерекше назар аударылды.
Аматлайн Элизабет Кабуа Қазақстан тарапына шағын аралдық мемлекеттерді климаттың өзгеруімен күресу және баламалы энергия көздеріне көшу шараларына белсенді қатысқандығына алғысын білдірді. Ол Астанада «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында өткен Маршалл аралдарының ұлттық күні іс-шарасына жеке қатысқандығын атап өтті.
Маршалл аралдарының тұрақты өкілі ядролық қаруды таратпау саласындағы Қазақстан және оның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бейбіт халықаралық бастамаларына қолдау білдіріп, осы салада одан әрі ынтымақтастыққа дайын екенін айтты. Ядролық сынақтардан зардап шеккен Маршалл аралдары, Қазақстанның жаһандық деңгейде осы сынақтарға тыйым салу туралы бастамасын толықтай бөлісуде.

Елдар Қаба

 

Маршалл Аралдары Республикасы – Тынық мұхитының батыс бөлігінде орналасқан мемлекет. Халық саны шамамен 57 мың адам. 1986 жылы Америка Құрама Штаттармен еркін келісім шарт негізінде тәуелсіздік алды. 1947-1962 жылдар аралығында мемлекеттің аралдарында ядролық сынақтар жүргізілді. 1954 жылы АҚШ Бикини атоллда сутегі бомбасының алғашқы сынақтан өткізді. Жарылыс аралды толығымен жойып жіберді.

Экономикасының негізін құрайтын салалар – табиғи ауыл шаруашылық өнімдері, копра өнімдерін экспорттау және АҚШ-тан алатын қаржылай көмек. Валюталық түсімдердің үлкен бөлігі туризмнен келіп түсетін кіріс болып табылады.

Елдің басты проблемаларының бірі жаһандық климаттың өзгеруі. Бұл теңіз деңгейінің көтерілуі, жағалаудағы эрозия, тұзды судың топыраққа енуі, құрғақшылық пен су тасқыны, циклондар мен дауылдар.

Бөлісу: