Дариға Назарбаева: Қазір журналистердің аузын жабуға болмайды

835
0
Бөлісу:

Бұдан былай Қазақстанда журналистерді іс-шараларға аккредитациялау ережелеріне қатаң талаптар қойылуы мүмкін.

Сенат депутаты Дариға Назарбаева Қазақстан журналистері конгресі атқару комитетінің төрайымы ретінде күні кеше ғана БАҚ өкілдерін аккредитациялауға қатысты шыққан бұйрықтың жан-жақты талқыланатынын айтты.

– Қазіргі заманда журналистердің аузын жабуға болмайды. Қазір интернет арқылы өз ой-пікірін ашық айтуға мүмкіндік бар. Журналистер әрқашанда елдің қамын ойлайды, халықтың мұң-мұқтажын үкіметке жеткізеді. Бұл жағынан журналистердің рөлі өте маңызды, – деді ол.

Сенатор бүгінгі таңда елімізге мықты журналистік қоғам керек екеніне тоқталды.

– Журналистер одағы деген бар, бірақ оның атын да естімейміз, не істеп жатқанынан да бейхабармыз. Өз салаларыңа қатысты заң жобасы қаралып, талқыланып жатқанда, ой-пікірін айтып, үкіметпен бірге жұмыс істеп, күресе білу керек. Өкінішке қарай, журналистік қоғам бұл мәселелерде белсенді емес, – деді Назарбаева.

Оның айтуынша, Қазақстанда БАҚ саласы өте қатты бақыланады.

– Менің ойымша, түптің түбінде бұл дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарының бірте-бірте жойылуына әкеп соғады. Қазір телеарналар мен газеттерге оңай емес, өмір сүруі қиындап жатыр, барлық жағынан пайда көріп отырған интернет. Интернетте ешкімнің аузын жаба алмайсың. Бұл – үлкен басымдық. Журналистер өздері балама заң жобасын әзірлеп, сол бастамамен шығуы керек, – деп кеңес берді Дариға Назарбаева.

«Айқын» ақпарат

Бөлісу: