Сыр өңіріндегі аламан

182
0
Бөлісу:

Қызылордада Жастар жылын арқау етіп, Әйтеке бидің 375 жылдығына арналған айтыс өтті. Барлығы 5 жұп қатысқан жыр додасы көпшілік көңілінен шықты. Айтыстың бас жүлдесі Нұрмат Мансұровқа бұйырды.

13 ақпан күні Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев халыққа есеп берді. Өткен жылға қорытынды жасап, Жастар жылына деген жоспарымен бөлісті. Жиынның жалғасы ақындар айтысына ұласты.

Айтысты екі мәрте «Алтын домбыра» иегері атанған Мұхтар Ниязов жүргізді. Қазылар алқасының төрағасы – Жүрсін Ерман. Әділ баға беруге жиналғандардың арасында «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, «Ана тілі» газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжан, мәдениет қайраткері Кенжебай Жүсіпов, жазушы Айжарық Сәдібекұлы бар.

Әдеттегідей ақындар мәселенің тереңіне бойлап, келелі ой айтты. Жастар жылының кезекті концерт пен хордың деңгейінде емес, лайықты түрде өткенін қалайтындарын жеткізді. Қазіргі қоғам күйі мен рухани құндылық жайы тасада қалмады. Отауызды ақындарға жұрт құлшыныспен қол соқты. Жыр-қымызына шөлдегендер риза болып тарқасты. Айтыстың ұнағаны көрермен ықыласынан көрінді.

Ақындар аламаны екі айналымнан тұрды. Финалға 3 жұп жолдама алды. Бас жүлдені Нұрман Мансұров (1 млн теңге) алса, 1-орынды Рүстем Қайыртай еншіледі (700 мың теңге). Жүлделі  2-орынды Біржан Байтуов (400 мың теңге) олжалады. 3-орын  Аруна Керімбек пен Аспанбек Шұғатаевқа бұйырды. Сондай-ақ Нұрзат Қару, Дәурен Ысқақ, Бексұлтан Орынбасар, Сырым Әділбек ынталандыру сыйлығына ие болды. Райымбек Өтеповті «ең жас ақын» деп тауып, арнайы жүлде берді.

                                                                                                                                                                                                                                                                                                Айзат АЙДАРҚЫЗЫ

Бөлісу: