«АНАШЫМ» – БАЛА ЖАНАШЫРЫ

536
0
Бөлісу:

«Нұр Отан» партиясының 20 жылдығына орай қолға алынған «Нұр-Медиа» холдингінің «Қайырымды жандар» жобасын жалғастыра отырып, бұл жолы «Анашым» қайы­рым­ды­лық қоры туралы әңгімелемекпіз. 

«Анашым» – Алматы қаласындағы көзі нашар көретін балалар мен жастарды тікелей қолдаушы қоғамдық қор. Рас, қоғамда қайырымдылық ұйым­дары жеткілікті. Тиісінше, әрбі­рі­­нің өзіндік бағыты мен бағдары бар. Ал «Анашым» таңдап алған жол – ауыр да күрделі. Себебі, көз жанары жабырқатқан жастардың өміріне дем беріп, оларды қолдау үшін жанталасқа түсу кез келген адамның қолынан келмейді. Қордың басшысы Зерхан Юсупова осындай игілікті істі қолға алып, бірнеше жылдан бері сәтті жалғас­тырып келеді. Қордың қаншама жыл бойғы ақ ниеті мен адал күші бір арнаға тоғысқан: көзі нашар көретін және зағип бала­лардың денсаулығына жанашыр­лық танытып, олардың өмірге деген құлшынысын ояту. Оларға жай көмек көрсетіп қоймай, балалар құқығын қорғаумен, өмірге бейім­­деумен, дамытумен айна­лы­­сады. Ол үшін түрлі жоғары деңгейдегі семинарлар, тренинг­тер мен акциялар және басқа да маңызды шаралар ұйымдасты­рып келеді.


Қорды құруға кезінде Әмина Нұғманова басқарған Қазақстан әйелдері мұсылмандар лигасы себеп болыпты. Бастап­қыда сол ұйымның филиалы ре­­тінде жұмыс істеген. Кейін уақыт өте көзі на­шар көретін балалардың анала­ры жинала келіп, «Анашым» қорының ірге­тасын қалаған. 2001 жылы
25 қыркүйекте қор ресми түрде тір­келеді. Жарғыда «қордың мақ­саты – балалардың құқығын қорғау, олардың ем алуына, білім алуына, жұмысқа орналасуына көмектесу» деп көрсетілген. Зерхан Юнус­қызы­ның үш бала­сы бар. Үшеуі де көз ауруына шал­дық­қан. Сондық­тан қоғам­дағы мұндай балалардың жай-күйін жақсы түсінемін дейді.
– Балаларымның үшеуі де жоғары білімді. Қызым Зарина қазір балалар массажисі болып істейді. Ал үлкен ұлым Бақтияр­дың арманы жеке студия ашу еді. Қ.Сәтбаев атындағы универси­тет­ті бітірген екінші ұлым да ағасын қолдап, екеуі бірігіп, студия ашты. Ол жерде үлкен ұлым әрі директор, әрі режиссер. Көзі­нің нашар көргеніне қара­май сценарий жаза­ды, кинолар түсіреді. Екінші ұлым Данияр бастапқыда ағасы­ның студия­сында оператор болып істеген, кейін өмірін спорт­пен байла­ныстырды. Қазір Спорт және туризм академиясы­ның Жеңіл атлетика факульте­ті­нің екін­ші курсында оқып жатыр. Яғни, үшеуі де денсау­лық­тарына қарамастан, қиын­дық­тарды жеңіп шығып, мақса­ты­на қол жеткізді, – дейді қор басшысы.
Қазір қордың ұйымдастыру, үйлестіру жұмыстарымен қызы Зарина Төлегенова айналысады. Балалардың операциясы, әртүрлі шараларды ұйымдастыру үшін қор тұрақты түрде демеушілер іздеп, олармен берік байланыс орнатуға тырысады.
– Демеуші мүлде жоқ деп айтпаймын. Әсіре­се, жас биз­нес­мен жігіттер көбі­рек көмек қо­лын созады. Дегенмен сондай қал­талы аза­мат­тармен келісімге келу, оларды сендіру оңайға соқ­пайды, – дейді Зерхан Юнусқы­зы.
Біраз уақыт бұрын амери­калық Irex ұйымының қолдауы­мен жылына 10-15 бала компью­тер­лік сауаттылық бойынша оқытылған. Қор басшысының айтуынша, қазір солардың арасынан шыққан бір­не­ше бала IT технология нары­ғында сәтті жұмыс істеп жүр. Қор, сондай-ақ «Мир, радости и света» фести­ва­лінде оқ бойы озық көрін­ген та­лантты балаларға қолдау көр­се­тіп, олардың музыкалық оқу орындарына түсуіне көмек­тес­кен. Ал финляндиялық «Обе­лиск» қорының бастамасы­мен студия толықтай дерлік қажетті құрыл­ғы­лар­мен жабдықталып, «Мүгедек­тер­дің құқығын қорғау туралы заң» атты қазақ және орыс тілдеріндегі электронды дискілер шығарады. Ол дискілер түгелдей дерлік рес­пуб­лика көле­мінде таратылған. Бұл ретте барлық мүгедек жандар өздерінің құқықтарын білуі тиіс деген мақсатты басты ұстаным еткен. Қор «шекарасыз спорт» ұраны­мен веломарафонды да қол­ға алған. Үш жыл уақыт ішінде көзі көрмей қалған жастар вело­си­пед­­ке отырып, Алматыдан Аста­наға (2016 жылы), Алматыдан Ыстықкөлге (2017 жылы) сапар­ла­ды. Ал 2018 жылы көзі нашар көретін балалар тобы (12 бала) велосипедпен Астанадан Париж­ге дейін барған. Екі астана ара­сын басып өтуге 36 күн жұмса­лып­ты. Он екі баламен бірге қас­тарында төрт көлік, аспаз, пси­холог секілді қажетті маман­дық иелері де жүрген. Ал осы аса ма­ңыз­ды сапарды бағындыру үшін балалар 2017 жылы наурыз бен тамыз айы аралығында күн сайын 100 шақырым жүріп, да­йын­да­лып­ты. Расында, ондай да­йындықсыз осыншама шақы­рым­­ды басып өту мүмкін емес еді.
– 2016 жылы іріктеу жасаған кезімізде елу шақты бала жинал­ған. Олар үшін бәрі оңай көрінді. Бірақ біздің жаттығу мен іріктеу өте қатаң талаппен жүргізілді. Жаттығу таңғы бес жарымда бас­тал­ды. Жаттығу жұмыстары ыс­тықт­а да, суықта да тоқтаған жоқ. Ақырында ірік­теле келіп, ең төзім­ді, ең мық­ты­лары ғана қал­ды. Олардың шыңдалуына біздің бапкерлер де үлкен еңбек сіңірді, – дейді Зерхан Юсупова.


Соңғы екі жыл көлемінде сегіз балаға көмек көрсетіліпті. Оның біреуінің операциясы Мәскеуде жасалса, өзге бес бала Алматыдағы көз аурулары инсти­тутында емдел­ген. Ал екі бала­ның көз протездерін алуына мүм­кіндік жасалған. Бұл ретте олар көптеген көз аурулары клиникаларынан көмек сұрайды. Бірақ олардың барлығы бірдей құшақ жая қарсы алып, қор баста­­ма­сына тілектестік білдіре бермей­ді. Зерхан Юнусқызы осы орайда көптеген баланың диагноз­ын анықтап, жалпы көрсетілетін емнің 50 пайызына дейін жеңіл­дік жасап отырған «Құрбанов» кли­никасындағы бас дәрігер Рифат Рашидұлын атап өтіп, алғы­сын білдірді. Қор бас­шы­­сы­ның айтуынша, еліміз­де көз ауруына ұшыраған балалар өте көп. Олардың бар­лығына бірдей ем-дом жасап, тығырық­тан алып шығу – қиынның қиыны. Дегенмен қор қолынан келген­ше демеуші іздеп, зағип жандардың өмірге өз көзімен қарауына септесіп келеді.
«Анашым» қоры туралы «Вижу» телевизиялық деректі филь­мін 16 ақпан күні сағат 19.40-та «Астана» телеарнасынан көріңіздер.

Абай Аймағамбет

Бөлісу: