Ядролық қарусыз Қазақстанның ширек ғасыры

468
0
Бөлісу:

Қазақстанның Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қосылуына 25 жыл толды.

25 жыл бұрын – 1994 жылдың 14 ақпанында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Америка Құрама Штаттарына ресми сапары барысында Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың (ЯҚТШ) депозитарий елі ретінде Президент Билл Клинтонға ратификация туралы құжаттарды тапсырды.


Дәл сол сәттен Қазақстан ядролық қарусыз мемлекет ретінде ЯҚТШ-қа ресми түрде қосылды. Бұның алдында Семей сынақ полигонын жабу, ядролық мәртебеден бас тарту және КСРО құлдырауынан кейін мұра қалған барлық ядролық қаруды Қазақстанның аумағынан шығару туралы Мемлекет басшысының ақылға салынған және көреген шешімімен байланысты үлкен жұмыс атқарылды.
1992 жылғы 23 мамырда Беларусь және Украинамен бірге Стратегиялық шабуыл қаруларын азайту және шектеу туралы КСРО мен АҚШ арасындағы шартқа Лиссабон хаттамасына қол қойып, біз өзімізге ЯҚТШ-қа ядролық қарусыз мемлекет ретінде қосылу туралы міндеттеме алдық.
1991 жылдың басындағы жағдай бойынша Қазақстанның аумағында континентаралық баллистикалық ракеталар үшін 1216 ядролық оқтық пен ауыр бомбалаушы үшін ядролық зарядты қамтитын жаппай қырып-жоятын қарудың ірі арсеналы орналасқанын еске салған жөн.


Қазақстанның ЯҚТШ-қа қосылуы ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізудің ізгілікті ұмтылыстарына негізделген, еліміздің сыртқы саяси бағытын іске асыруда маңызды кезең болды.
ЯҚТШ ядролық қарудың таралуына жол бермеуге және түпкі қорытындысында оның толық жойылуына, сондай-ақ атом энергиясын бейбіт мақсатта қолдануға жәрдемдесуге бағытталған халықаралық күш-жігердің іргетасы.
Ядролық қарусыздану мен ядролық қаруды таратпаудың жаһандық режимін нығайтудың белсенді жақтаушысы ретінде Қазақстан барлық тараптардың Шарт ережелерін мүлтіксіз орындауын қолдайды.
Ядролық және ядросыз мемлекеттер арасындағы уағдаластыққа негізделген өзге халықаралық келісім болмағандықтан ЯҚТШ теңдессіз бірегей құжат болып қалуда.
2018 жылғы 18 қаңтарда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің «Жаппай қырып-жою қаруды таратпау: сенімді нығайту шаралары» атты тақырыптық брифингінде Қазақстан Президенті Н. Назарбаев бірқатар бастамаларды, атап айтқанда, ЯҚТШ-тан шығуды қиындату бойынша шаралар әзірлеуді және Шарт ережелерін бұзатын елдерге қатысты жазалау шараларын қолдануды ұсынды.
Қазақстан 2045 жылы БҰҰ-ның жүз жылдық мерейтойына орай ядролық қауіп-қатерден азат әлемге қол жеткізуге бағытталған Мемлекет басшысының бастамаларын іске асыруды жалғастыруға ниетті.

А.Ахметқазы

Бөлісу: